• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қазан, 2022

ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы Сочиде өтеді

185 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Астанада өткен ТМД үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов отырыстың пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет жүзбе-жүз өткенін және Қазақстанның ТМД-ға төрағалық етуінің қорытынды іс-шарасы болғанын атап өтті. 

«Бүгін ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша келелі әңгіме өрбіді. Мемлекеттер Достастық шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті екендерін тағы да растады. Сондай-ақ сыртқы экономикалық ынтымақтастық аясында ортақ мақсаттарға қол жеткізу бойынша бірлескен қадамдар талқыланды», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ТМД кеңістігінде сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету мақсатында Қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісімнің жобасын аяқтау жөнінде шешім қабылданды. 

Бұдан басқа, Қоғамдық денсаулық сақтау саласында санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және ден қою жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы 2023-2024 жылдарға арналған басым іс-шаралар жоспары мақұлданды.

«Ғылыми-техникалық, инновациялық, технологиялық салалармен қатар химия саласын цифрлық трансформациялау және радионавигация саласындағы ынтымақтастық бойынша бірнеше мәселе болды. Үкімет басшылары осы салаларда өзара іс-қимылды дамыту бойынша бірқатар тұжырымдамалық және бағдарламалық құжатты қабылдады», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Кеңестің 2023 жылы Достастық органдары мен жекелеген іс-шараларды қаржыландыруға қатысты қаржылық-бюджеттік мәселелерді қарап, шешімдер қабылдағанын айтты. 

«Қазақстандық тарап бүгінгі іс-шараның қорытындыларына қанағаттанды. Ол мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін ынтымақтастықты нығайту жолындағы кезекті қадам болатынына сенімдіміз», деп түйіндеді Премьер-Министр.

ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысын 2023 жылы маусымда Сочи қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.