«Astana Media Week» медиа апталығы аясында баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерге тапсырылатын «Үркер» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасы 544 шығармашылық жұмыстың ішінен ең таңдаулысын іріктеді. Биылғы бәйге ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.
Қазмедиа орталығында өткен салтанатты кеште Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
«Astana Media Week» – ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі қоғамдағы рөлі мен әлеуетін айшықтауға арналған ауқымды диалог алаңы. Әлемдік дәстүрлі медиа мамандары, халықаралық сарапшылар қатысатын коммуникация саласындағы кездесулер, талқылаулар мен тәжірибе алмасулар отандық медианың дамуына тың серпін береді. Ақпарат саласы азаматтық қоғамның қалыптасуына ерекше үлес қосып келеді. Азаматтар өз пікірін еркін жеткізіп, журналистер қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтады. Бұл елімізде әділетті қоғамды құруға септігін тигізетін маңызды үрдіс», делінген Президенттің құттықтауында.
Марапаттау кешіне қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тарихындағы елеулі еңбегіне тоқталып, қолына қалам ұстаған бүгінгі буын Ақаңның сара жолын лайықты жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ салтанатты кеште сөз алған Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов БАҚ-тың өзекті мәселелерін талқылаған «Astana Media Week» апталығының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, журналистер еңбегін бағалайтын «Үркер» сыйлығының игі үрдіс екенін атап өтті.
Жүзден жүйріктерге жүлде биыл он аталым бойынша берілді. Сонымен қатар үш арнайы сыйлық тағайындалды. Арнайы сыйлықтың бірі биыл 150 жылдығы аталып жатқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атында болса, екіншісі журналистика жампозы, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, тағы бірі – белгілі журналист Батыр Қазыбаев атындағы арнайы сыйлық.
Марапаттауға дейін әр аталым бойынша үздік үміткерлердің тізімі жарияланған болатын. Салтанатты кеште солардың ішінен жалғыз жеңімпаз таңдалып, 1 млн теңге қаржылай сыйақы және естелік мүсінше табысталды.
Үздіктерге тоқталсақ, «Жылдың үздік сұхбаты» аталымы Halyq-uni.kz порталының тілшісі Ая Өміртайға бұйырды. «Жылдың үздік репортажы» аталымында Aikyn.kz сайтының тілшісі Анар Қоныс топ жарды. «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал» аталымында Halyq-uni.kz порталының тілшісі Наима Нұрәлі үздік шықты. «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» аталымының жеңімпазы болып «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің журналисі Қазбек Құттымұратұлы танылды. «Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымында «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова жеңімпаз атанса, «Халықаралық тақырыптағы үздік материалы» аталымын Qmonitor.kz тілшісі Сауле Исабаева иеленді. «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталымында Zakon.kz порталы дара шықты. Радиостансадағы үздік жоба аталымында Qazaq радиосының «Ой-түйін» бағдарламасы жеңіске жетті. «Жылдың үздік фотосуреті» аталымы Zakon.kz фототілшісі Мейірбек Тажкурановқа бұйырды. «Saryarqa samaly» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» деп танылды.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы сыйлыққа «Қырғыз әдебиеті» жобасымен «Таң-Шолпан» журналы ие болды. Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдені белгілі қаламгер, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай иеленді. Батыр Қазыбаев атындағы арнайы сыйлықтан үміткерлер арасында Ernur.kz сайты тілшісі Әйгерім Бегімбеттің жобасы үздік деп танылды.
Мемлекет басшысының медиа апталық қатысушыларына арнайы құттықтау жолдауы мерейлі сәттің маңызын еселей түсетінін айтқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Нағыз кәсіби пікірталас алаңына айналған медиа жиынның «Үркер» секілді беделді байқаумен аяқталуының жөні бар. Өйткені бұл екі іс-шара да журналистиканың жоғын жоқтап, қаламның қасиетін құрметтеген әріптестердің бүгінді бағамдап, болашағымызды болжап алуына тыныс берген басқосу. Іс-шара Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен әрі бүгінгі қалам ұстаған буынның бұлақ бастауында Ахаң тұрғандықтан биылғы «Үркерді» Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне арнадық», деді.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық бәйгенің ұйымдастырушылары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры. Іс-шараның демеушілері – «Қазақстан» РТРК» АҚ және «Хабар» агенттігі» АҚ. 2017 жылдан бері байқауға барлығы 3 377 материал түсіп, оның 300-і шорт-парағына енген.
Биыл «Astana Media Week» медиа апталығына 11 елден 150-ге жуық шетелдік және отандық спикер, медиа менеджерлер, еліміздің ірі медиа ұйымдарының басшылары, журналистер, блогерлер, тәуелсіз сарапшылар, Meta, TіkTok, Nickelodeon, Coursera секілді шетелдік ұйымдардың өкілдері қатысып, саладағы өзекті мәселерді талқылап, түрлі мастер кластар ұйымдастырды.