Алдағы президент сайлауы «BIR TOLQYNDA» жастар диалог алаңының отырысында талқыланды.
Астана қаласы мәслихатының депутаты, эндохирургия клиникасының басшысы Салтанат Жаналаева ел болашағы жастардың қолында екенін атап өтті. «Қай заманда болсын, жастар қауымы реформаларды жүзеге асыру ісінің негізгі қозғаушы күші болды. Себебі жастардың бойында жаңа ой, жаңа көзқарас, жаңа мақсат пен ұмтылыс бар. Біз өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ертеңгі ел тағдыры – бүгінгі жастардың қолында», деді депутат.
Өз кезегінде, Астана қаласы мәслихатының депутаты, №6 емхананың бас дәрігері Динара Байсеркина жастар қауымын дауыс беру күні азаматтық ұстаным танытуға шақырды. «Дамудың барлық стратегиялық жоспары, жаһандық барлық мәселені шешу міндеті – жастар қауымының иығына артылған жүк. Олардың ізденуге, жетілуге, дамуға мол мүмкіндігі бар. Еліміз жастардың дамуына бар жағдайды жасайды. Жастарымыз кезектен тыс президент сайлауына белсенді қатысатынына толық сенімдімін», деді ол.
Кездесу соңында диалог алаңының модераторы, Халықтық коалиция белсендісі Арсланбек Мағзұм алдағы сайлау туралы өз пікірін білдірді.
«Бәріміз бір шаңырақ астында – ортақ үйіміз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Мемлекетіміздің игілігі үшін жан аямай еңбек етеміз. Сондықтан 20 қарашада әр жас азамат өзінің сайлау учаскесіне келеді деп үміттенемін. Себебі бұл күні біз кандидатқа дауыс беріп қана қоймай, ел тағдырын шешеміз. Елдің болашағын ойлаған әрбір жас бұл сайлауға қатысып, өз кандидатына дауыс беруі керек. Еліміздің дамуына өз үлесін қосу әр жастың басты мақсаты, саяси құндылығы болу керек деп ойлаймын. Ең маңыздысы – тұрақтылықты сақтауда, тарихи құныдылықтарды насихаттауда, демократиялық принциптерді қалыптастыруда жастар алдыңғы қатарда болу керек деп есептеймін. Бұл сайлау жастардың белсене қатысып, өз болашақтарына нық қадам жасауына зор мүмкіндік», деп түйіндеді ол.