• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Қазан, 2022

Теңізді өлкеде өзгеріс көп

361 рет
көрсетілді

Биыл негізі Алтықұдық деп аталатын шағын елді мекеннен құралған Арал қаласына 95 жыл толып отыр. Мерейлі жыл аясында аудан орталығында Балықшылар монументі ашылып, Балықшылар аллеясы қайта жаңғырды. Теңізді өңірге сапармен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруа­шы­лығы нысандарында болып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Алдымен облыс басшысы Көк­арал бөгетінің жұмысымен танысты. Тоқсаныншы жылдары нәпақа ізде­ген ел жан-жаққа көшкен байырғы жұрт­та атакәсіпті қайта жалғастыруға жағ­дай жасап отырған кіші теңіздегі бұл бөгеттің маңызы ерекше. Облыс әкімі сала мамандарымен пікірлесіп, бөгетті жөңдеу жұмыстарының барысын байқады. Аудан тіршілігіне жан бітірген нысанды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынғанын атап өтті.

– Ел Президенті Кіші Аралды сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Осыған байланысты республикалық бюджет есебінен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сыр­дария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құ­жаттамасы әзірленіп, тамыз айында мем­лекеттік сараптаманың оң қо­ры­тын­ды­сы алынды. Көп ұзамай республикалық бюд­жет­тік комиссия отырысында Су ре­сурстары комитетінің бюджетін қай­та бағыттау есебінен жобаны іске асы­руды бастауға биыл 500 млн теңге бөлінді. Сондықтан жұмысты сапалы деңгейде үйлестіріп, механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет, – деді облыс әкімі.

Жоба шеңберіндегі негізгі жұмыс­тар­дың бірі теңіздің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту мақсатында Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жұ­мыс­тары басталып кетті.

Президент пәрменімен бұған дейін де Қазақстан мен Өзбекстан сенаторлары талқылаған бөгет мәселесіне орай бірлескен топ Көкаралға келген болатын.

Осыдан 17 жыл бұрын қолданысқа бе­ріл­ген бөгеттің ұзындығы 13 ша­қы­рым. Тоспаны жаңғырту жоба­сының қ­ұны 4,6 млрд теңге. Көкарал салынғалы бері теңіздегі су көлемі 11,5 млрд текше метрге ұлғайып, тіршілігін тоқтатқан алып айдынмен бірге көзден ғайып болған балық түрлері қайта пайда болды. Ал аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артты.

Ауданға сапар барысында Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында облыс басшысы құқық қорғау ор­гандары жетекшілерімен бірге тұр­ғын­дарды қабылдады. Жетпіске жуық азаматтың өтініші қаралған кездесуде тұрғындар тарапынан тұрғын үй, жұмысқа орналасу, инфрақұрылым жүргізу, жол сапасы, сор көлдер мен каналдарды тазалау, балабақша, мектеп салу және субсидияға қатысты мәсе­лелер көтерілді.

Тарихи қаланың 95 жылдығына ар­налған мерекелік іс-шараларға мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов құрған «Суреттер сыр шер­те­ді» тарихи мұражайы да үлес қосып отыр. Төрт жыл бұрын жұмысын бастаған музейде жарты мыңға жуық фотосурет пен тарихи жәдігер сақталған. Облыс әкімі балықшылардың, осы саланы басқарған азаматтардың, бұрын­ғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржановтың жеке заттары қойылған музейде болды.

Осы күнгі мерекелік іс-шараларға келгендер Балықшылар аллеясының жұ­мы­сымен танысып, арнайы мону­мент­ті ашу рәсіміне қатысты.

Қаланың 95 жылдығына жасалған тартудың бірі – «Арал антологиясы» жинағы болып отыр. Айдынды өлкенің тарихы мен даму барысын сипаттайтын кітап көпшілікке таныстырылып, оқырманға жол тартты.

Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының қол­дауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруашылығын да­мы­тудың нақты жолдары іске асқанын, теңіз­ді өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешіліп келе жат­қанын айтып өтті.

Аралдың аңқасы кеуіп, теңіз табаны көрінген кезеңдегі қиыншылық әлі де ел есінен шыға қойған жоқ. Атакәсіптен ажырағысы келмеген жұрт сол тұста «Каттегаттан Аралға дейін» жобасы аясында жеткізілген камбала балығын аулауға көшіп еді. Тұздылығы артқан суда тіршілік етуге қабілетті балықтың осы түрі талайлардың нәпақасына айналды. Кейін су тұщылана бастаған тұста басқа балық түрі көбейіп, камбала ғайып болды. Кездесуде облыс әкімі қазір мемлекет қолдауымен теңіздегі су деңгейіне қатысты көптеген қиындық еңсерілгенін айтып өтті.

 – Бірнеше балық зауыты ашылып, кезінде жоғалып кеткен балықтың түр­ле­рі қайта оралуда. Мәселен, Аралға қазір 23 балық түрі қайта келді. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін ұлғайды. Оннан аса зауыт жұмыс істеп, өнімдері шетелге экспортталуда. Аралда тіршіліктің көзі мен балық пен мал шаруашылығы болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады, – деді Н.Нәлібаев.

Қазір өңірде Еуропа нарығына шы­ғу­ға мүмкіндік беретін еуропалық са­па стандартын растайтын белгісі бар төрт кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл ба­сынан бері 3 435 тонна өнім шетелге шығарылған. Облыста балық шар­уа­­шылығын дамытудың 2021-2030 жыл­дар­ға арналған бағдарламасы бекі­ті­ліп, Арал ауданындағы Ақшатау-Сорғақ, До­малақ, Тұщы, Қаракөл, Алаша, Ақ­бі­лек және Шөмішкөл көлдері тауарлы көл тізіміне енгізілді.

Жиынға қатысушылар Балықшылар музейінде болды. Аралдың балығы тайдай тулаған кезіндегі деректерді топтастырған музейге былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, қайта жаңғыртылды. Осыдан 60 жыл бұрын теңіздің тартылуына байланысты жабылған порттың маңайына спорт кешені, спорт алаңы салынып, ашық аспан астындағы мұра­жай­ға айналды.

Бір ғасыр бұрын жағалауын­да­ғы­лар­дан бөлек жырақтағы жұрттың өзегін талдырмаған Аралдан ауланған 14 вагон балық аштыққа ұшыраған Еділ бойындағыларға жөнелтілгені тарих бетінде тұр. Қаланың 95 жылдығына ар­налған салтанатты іс-шарада осы оқи­ғаға 100 жыл толуын бейнелеген театр­лан­дырылған қойылым көр­се­тіл­ді.

Ауданда өткен Балықшылар слетіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Эко­ло­гия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков, мемлекет және қоғам қай­раткері Құдайберген Саржанов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі тұрғындарды Арал қаласының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, аймақ үшін балық шаруа­шы­лығының маңызын атап өтіп, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғысхатын табыс­тады.

Балық шаруашылығы комитеті төра­ғасының орынбасары Алмас Асыл­бе­ков балықшыларға тілегін арнады. Салтанатты жиында балық шаруа­шы­лығына елеулі үлес қосқан аза­маттар құрметке бөленіп, марапат иеленді.

 

Қызылорда облысы