• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2022

Өртеңнен – ағаш алқабына

365 рет
көрсетілді

Әдетте халқымыз өрттен кейін шыққан көкті өртең дейді. Өңірде осыдан екі ай бұрын өртенген Аманқарағайды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Таяуда Қостанай – Әулиекөл автокөлік жолының бойындағы 20 гектар алқаптың күйген ағаштары оталып, орнына жолды жағалай қарағай, қайың көшеттері отырғызылды.

Қызыл жалын қаусатып кеткен орманға көшет отырғызу жұмыстары 3 қазанда бас­тал­ды. Осы айдың ортасына де­йін көптің күшімен 1 400 кө­шет отырғызылды. Оған өңір­дегі мемлекеттік мекеме қыз­меткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен ерікті жастар, жергілікті орман шаруашылықтары мен өзге де еңбек ұжымдары атсалысып жатыр. Жоспар бойынша осы күзде 31,5 гектар жердің күйген ағашы оталып, орнына 25 мың жас өскін отырғызылады. Оның 19 мың­нан астамы – қарағай, 5 мың­нан астамы – қайың көшет­тері.

Өртенген алқаптың 75 пайызына қарағай, қалған жерге қайың отыр­ғы­зылады. Әуелі өртен­ген ағаштар оталып, орман алқабы тазартылады. Аман­қа­рағайға отырғызылатын қайың кө­шеттері өңірдегі орман шаруа­шы­лықтарынан да табылады. Ал қа­рағай көшеттері көршілес Ақ­мола облысынан әкелініп жатыр. 

– Келесі жылы мұнда 1 млн-нан астам екі жылдық қайың көшеттерін егеміз. Шамамен алдағы бес жыл бойы орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызуды тапсырғанын біле­сіздер. Соның 170 млн түбі біздің өңірге егіледі. Негізгі жұмыс қазір осы екі орман шаруашылығы­ның аумағында ұйымдастырыла­ды, – деді облыс басшысы Архимед Мұхамбетов.

Осы орайда жергілікті бюджет есебінен орманшылардың жала­қы­сы 40 пайызға өскенін де айта кету керек. Сондай-ақ өңірдегі бар­лық орман шаруашылығының материалдық-техникалық қуатын арттыру мәселесі қолға алына бас­тады. Мәселен, өртенген орманды қалпына келтіру жұмыстарымен айна­лысып жатқан негізгі мекемелер – Әулиекөл және Басаман орман шаруашылықтары таяуда ғана Қостанайда құрастырылған су жаңа 14 «Белорус» және «Lovol» тракторларын алды.

– Әулиекөл ауданында қар түскенге дейін 60 гектардан ас­там алқапта 10 мың текше метрге­ жуық күйген ағаш оталып, таза­рту­ жұмыстары жалғасады. Кесіл­ген­ ағаш сұрыпталып, саудаға шыға­рылады. Одан түскен қаржы орманды қалпына келтіруге жұмсалады. Өртенген орманның аумағын анық­тауға 100 адам жұмылдырылды. Ал ағашты құлату, бұтағын тазалап, күйген қабығын аршу сияқты шаруаны 63 адам атқарып жатыр. Осы күзде жоспарланған 25 мың түп көшеттің көбі отырғызылды. Күн сайын әр түрлі мекемелер­дің жұмысшылары, волонтер жас­тар келіп көмектесіп жатыр. Өрт шалған орасан аумақты белгіленген мерзімде қалпына келтіреміз деп ойлаймын. Бұл мақсаттағы жұмыс бір күн де бәсеңдемейді. Өйткені орман – ортақ байлығымыз. Оны күтіп-баптап, мәпелеп-сақтап отыру жалпыға ортақ парызымыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Димаш Қожабеков.

Көп болып жұмыла кіріскен ша­рапатты іске облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері де үлес қосып, 50-ге жуық қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отыр­ғызып қайтты.

– Аманқарағай өрті ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Бүкіл ел болып көмектескенін көрдік. Бүгін де қаншама адам жүр. Әрине, табиғи апат айтып келмейді. Мұндай қиын жағдайға тап болған орманға ағаш отырғызу әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан онсыз да қауырт жұмысымызды жарты күнге болса да кейін ысырып қойып, өз үлесімізді қосуға келдік, – дейді Антикор қызметінің баспасөз хатшысы Евгений Бедыч.

Бүгінде Ақмола облысындағы тәлімбақтардан 30 мың түп қарағай көшеті сатып алынған.

– Мұның бәрі «Қайырымдылық KZ» қорына жиналған қаражатқа сатып алынды. Халық бір кісідей жұмылып, қолдан келгенше көмек­тесіп жатыр. Бүгінде үйсіз қалған халықтың жағдайын жасап болдық. Енді қалған қаржыны ағаш егу жұ­мыстарына жұмсаймыз. Бұл – өте сауапты іс. Елдің елдігі осындайда көрінеді. Әрине, бір күнде қалпына келетін дүние емес, қаншама жыл керек. Соның алғашқы қадамын жа­сағанымызға қуаныштымын. Ал­дағы болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Батырбек Ахметов.

Мамандардың айтуынша, өртен­ген орманның орнын толық тазалап, тақырға тал егіп, көшет отырғызып шығу үшін он жылдай уақыт қажет.

 

Қостанай облысы