Әдетте халқымыз өрттен кейін шыққан көкті өртең дейді. Өңірде осыдан екі ай бұрын өртенген Аманқарағайды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Таяуда Қостанай – Әулиекөл автокөлік жолының бойындағы 20 гектар алқаптың күйген ағаштары оталып, орнына жолды жағалай қарағай, қайың көшеттері отырғызылды.
Қызыл жалын қаусатып кеткен орманға көшет отырғызу жұмыстары 3 қазанда басталды. Осы айдың ортасына дейін көптің күшімен 1 400 көшет отырғызылды. Оған өңірдегі мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен ерікті жастар, жергілікті орман шаруашылықтары мен өзге де еңбек ұжымдары атсалысып жатыр. Жоспар бойынша осы күзде 31,5 гектар жердің күйген ағашы оталып, орнына 25 мың жас өскін отырғызылады. Оның 19 мыңнан астамы – қарағай, 5 мыңнан астамы – қайың көшеттері.
Өртенген алқаптың 75 пайызына қарағай, қалған жерге қайың отырғызылады. Әуелі өртенген ағаштар оталып, орман алқабы тазартылады. Аманқарағайға отырғызылатын қайың көшеттері өңірдегі орман шаруашылықтарынан да табылады. Ал қарағай көшеттері көршілес Ақмола облысынан әкелініп жатыр.
– Келесі жылы мұнда 1 млн-нан астам екі жылдық қайың көшеттерін егеміз. Шамамен алдағы бес жыл бойы орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызуды тапсырғанын білесіздер. Соның 170 млн түбі біздің өңірге егіледі. Негізгі жұмыс қазір осы екі орман шаруашылығының аумағында ұйымдастырылады, – деді облыс басшысы Архимед Мұхамбетов.
Осы орайда жергілікті бюджет есебінен орманшылардың жалақысы 40 пайызға өскенін де айта кету керек. Сондай-ақ өңірдегі барлық орман шаруашылығының материалдық-техникалық қуатын арттыру мәселесі қолға алына бастады. Мәселен, өртенген орманды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатқан негізгі мекемелер – Әулиекөл және Басаман орман шаруашылықтары таяуда ғана Қостанайда құрастырылған су жаңа 14 «Белорус» және «Lovol» тракторларын алды.
– Әулиекөл ауданында қар түскенге дейін 60 гектардан астам алқапта 10 мың текше метрге жуық күйген ағаш оталып, тазарту жұмыстары жалғасады. Кесілген ағаш сұрыпталып, саудаға шығарылады. Одан түскен қаржы орманды қалпына келтіруге жұмсалады. Өртенген орманның аумағын анықтауға 100 адам жұмылдырылды. Ал ағашты құлату, бұтағын тазалап, күйген қабығын аршу сияқты шаруаны 63 адам атқарып жатыр. Осы күзде жоспарланған 25 мың түп көшеттің көбі отырғызылды. Күн сайын әр түрлі мекемелердің жұмысшылары, волонтер жастар келіп көмектесіп жатыр. Өрт шалған орасан аумақты белгіленген мерзімде қалпына келтіреміз деп ойлаймын. Бұл мақсаттағы жұмыс бір күн де бәсеңдемейді. Өйткені орман – ортақ байлығымыз. Оны күтіп-баптап, мәпелеп-сақтап отыру жалпыға ортақ парызымыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Димаш Қожабеков.
Көп болып жұмыла кіріскен шарапатты іске облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері де үлес қосып, 50-ге жуық қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызып қайтты.
– Аманқарағай өрті ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Бүкіл ел болып көмектескенін көрдік. Бүгін де қаншама адам жүр. Әрине, табиғи апат айтып келмейді. Мұндай қиын жағдайға тап болған орманға ағаш отырғызу әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан онсыз да қауырт жұмысымызды жарты күнге болса да кейін ысырып қойып, өз үлесімізді қосуға келдік, – дейді Антикор қызметінің баспасөз хатшысы Евгений Бедыч.
Бүгінде Ақмола облысындағы тәлімбақтардан 30 мың түп қарағай көшеті сатып алынған.
– Мұның бәрі «Қайырымдылық KZ» қорына жиналған қаражатқа сатып алынды. Халық бір кісідей жұмылып, қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Бүгінде үйсіз қалған халықтың жағдайын жасап болдық. Енді қалған қаржыны ағаш егу жұмыстарына жұмсаймыз. Бұл – өте сауапты іс. Елдің елдігі осындайда көрінеді. Әрине, бір күнде қалпына келетін дүние емес, қаншама жыл керек. Соның алғашқы қадамын жасағанымызға қуаныштымын. Алдағы болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов.
Мамандардың айтуынша, өртенген орманның орнын толық тазалап, тақырға тал егіп, көшет отырғызып шығу үшін он жылдай уақыт қажет.
Қостанай облысы