Қазан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 468,23 теңгеге дейін 1,7%-ға нығайды. Бұл деректі Ұлттық банк келтірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 91 млн АҚШ долларынан 121 млн АҚШ долларына дейін өсті. Осылайша, сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 528,6 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асырады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қазанда 362 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 15%-ын және күніне 30 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.
«Ұлттық қордан валютаны сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық трендті қалыптастыруға араласпау қағидатын ұстанып, «price-taker» қалпында қалатынын атап өткен жөн. Осылайша, валюта нарығындағы қазіргі жағдайларды сақтау мақсатында Ұлттық банк валютаны сатуға өз өтінімдерін бермегенмен, нарыққа қатысушылар берген бұрыннан бар өтінімдерді қанағаттандырады. Бұл тәжірибе Ұлттық қордан валюта нарығына операциялардың тигізетін әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, әлемдік нарықтағы ахуалға байланысты.