Тимур бүгін күнделікті әдетінше таңғы алтыдан тұрып, қоражайға беттеді. Сабаққа бармас бұрын ешкілерін жайғап, азығын салып, суарып кетпесе көңілі көншімейді. Бала шақтан малсақ болып өскен жасөспірімнің өзі үшін таңсық ешкі өсіру ісін қолға алғанына көп болған жоқ. Күніне 12-15 литрге дейін сүт беретін түлік бүгінде үлкен кәсіп көзіне айналып келе жатыр.
Тимур Рүстемов облыс орталығының іргесіндегі Мичурин ауылында тұрады. Жасы 13-тен асқан ол ешкі шаруашылығын құрып, сауылған сүтті өңдеумен айналысады. Күніне 12-15 литр ешкі сүтін сауып, одан ірімшік пен йогурт, сүзбе әзірлеп сатады. Бүгінде жас фермердің өнімін сатып алушылар көбейіп келеді. Кішкене кезінен үй жануарларына үйірсек екенін байқаған әкесі Жасұлан баласын мал шаруашылығына баулу керек екенін ерте түсінгенін жеткізді.
– Осыдан төрт жыл бұрын болуы керек, әкем Тимурға құлын сыйлады. Балам оның айналасынан шықпай қойды. Кейін Мичуринде «Жас тұлпар» атты кемпинг құрып, келушілерге жылқыға мініп серуендеу қызметін ұсына бастадым. Байқаймын, бұл кәсіпті көрген Тимур де ізденіп, өз алдына бір іс бастамаққа әрекеттеніп жүр. Бір күні сиыр өсірудің шығынын, оның сүтінен түсетін табысты есептеп отыр. Зеңгі баба тұқымын ұстау, оны жем-шөппен қамтамасыз ету аса қымбатқа түсетінін түсіндірдім. Әрі малдың да малы болады. Оны жайлаймын деп жүріп оқыстан жас балаға тұяғы тиіп кете ме деп жүрексіндім. Сондықтан ешкіден баста деген ұсыныс айттым. Әрі ешкі – өсімтал. Өзге түлікке қарағанда тез көбейіп, кез келген жағдайға бейімделіп кетеді. Азықты да көп талғай бермейді. Жоңышқа, сұлы, арпа, түрлі шөп қоспасын және сәбіз бен қызылша берсең жеткілікті. Оның үстіне ешкі сүтінің майлылығы 4,6-9 пайызды құрайды. Құрамы жағынан ана сүтіне жақын, асқазан ауруларына, аллергияға таптырмас ем екенін айттым. Ұлым ұсынысымды бірден қабылдады, – дейді отағасы Жасұлан Рүстемов.
Тимур ғаламтордан ешкі бағудың қыр-сырын, одан сүт сауып, өңдеу жолдарын үйреніп алды. Ешкінің «заанен» тұқымы сүтті әрі тез көбейгіш келеді. Таңдау соған түсті. Сөйтіп, әкесі мен ұлы алғашында төрт бас ешкі мен бір текені Петропавл қаласынан сатып әкеледі. Биыл көктемде оған қоражай тұрғызып, ешкі сауатын орын әзірлейді. Заанен ешкілерінің бағасы қымбаттау болады. Оның ерекшелігі сүтінде. Бір ешкі үш-төрт литр сүт береді. Сонымен қатар егіздеп төлдейді. Жалпы, ешкі сүті жүректің жұмысына жақсы әсер етеді дейді мамандар. В2 және В12 дәрумендеріне, аминқышқылдарға бай, бүйрек пен бауырдың жұмысын реттеп, холестериннің деңгейін түсіреді. Сиыр мен ешкі сүтінен жасалған өнімдер құрамы жағынан ұқсас болғанымен, ешкі сүтінен дайындалған тағамдар жылдам әрі толық қорытылады. Ағзаны ақуызбен байытады, сол себепті емшектегі сәбилерге және қатты ауырған сырқаттарға береді. Ешкінің еті де жеңіл.
Әуел баста бизнес идеясын ойластырғанда жас фермер заанен ешкілері беретін сүттің иіссіз келетінін әрі одан ірімшік жасауға болатынын негізге алыпты. Яғни сүтті жас балаларға да беруге болады. Қазақстанда дами қоймаған ешкі шаруашылығын Кереку жерінде өркендетсем деген бала арманы бүгінде ақиқатқа айналып үлгерді. Қазір Тимурдың шаруашылығында 7 ешкі бар.
«Жануарларға ерекше күтім керек. Оларға түрлі аурулардың алдын алатын екпе жасатып, дәрумендер беремін. Еркелеткенді жақсы көреді. Үнемі сылап-сипап жүрсең, сүтті де жақсы береді екен. Таңертең ерте тұрып, әуелі олардың алдына жем-шөбін жеткіземін. Ал сабақтан келген соң сауылған сүттен ірімшік пен жұмсақ сүзбе дайындаймын. Инстаграмда парақша ашқанмын, адамдар сол жерден тапсырыс беріп жатады. Онлайн-тапсырыстарды уақтылы орындауға тырысамын», дейді жас кәсіпкер.
Жуықта Тимур мен оның әкесі қайтарымсыз гранттар конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды. 5 млн теңгеге жуық қаражатты жеңіп алған әкелі-балалы фермерлер қаражатты контейнерлі модуль сатып алуға жұмсамақ. Модульде ешкі сүтін толық өңдеу процесі, яғни сүзгіден өткізу, пастерлеу, ірімшік пен сүзбе, йогурт өндірісі қарастырылған. Келесі жылы фермадағы ешкі саны 50-ге дейін көбейтіліп, Тимур әзірлейтін өнімдер кәдімгідей брендтік қаптамаға салынып сатыла бастамақ.
Тимур – отбасындағы екі баланың үлкені. Өз кәсібіне мұқият қарап отырған жасөспірім қазір Павлодардағы №16 мектеп-лицейінде 7-сыныпта білім алып жүр. Әкесі Жасұланның ойынша, жас ұрпақтың барлығы IT-мамандықты немесе ақпараттық салаға қажет кәсіпті таңдауы міндетті емес. Ауыл шаруашылығына да болашақ кадрлар қажет. «Сондықтан ұлымды бұл бағытқа қазірден баулып жүрмін», деді отағасы.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы,
Мичурин ауылы