• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қараша, 2022

Қазақстанда жемқорлық қылмыстарды көбіне әкімдіктер жасаған

637 рет
көрсетілді

Тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстары көбейгенімен, жауапкершілікке тартылғандар азайған, деп хабарлайды Egemen.kz ranking.kz порталына сілтеме жасап.

Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 1,6 мың қылмыстық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген, бұл былтырғыдан 11,1%-ға артық көрсеткіш.

Өңірлік тұрғыда ең көп сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар Қарағанды облысында тіркелген: 207 оқиға. Келесі орында Астана (144 жағдай) мен Шымкент (129 жағдай) тұр.

Қылмыстардың басым бөлігі ауыр дәрежеде – 1,1 мың іс. 342 жағдай орташа ауырлық дәрежесінде, 69 жағдай жеңіл дәреже және 25 жағдай ерекше ауыр санатқа жатқызылды.

Жиі жасалатын қылмыстардың қатарында пара алу (424 жағдай) және алаяқтық (280 жағдай). Одан кейін лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану (112 іс), сондай-ақ басқалардың сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе жымқыру (98 іс).

Бір қызығы, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотқа тартылғандар саны 639 адамды құрап, 13,5 пайызға азайған.

Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын көбінесе әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері жасады - 118 адам. Одан кейінгі орында ішкі істер органдарының қызметкерлері - 112 адам және Қаржы министрлігінің қызметкерлері - 39 адам.

Сондай-ақ жыл басынан бері 5 әкім, 1 судья, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 7 қызметкері, прокуратураның 2 қызметкері жемқорлықпен ұсталған.

Айта кетейік, бүгінде елімізге 100 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылған.