• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қараша, 2022

Мейірімділік қадамы

247 рет
көрсетілді

Қоғамда «гуманизм мен мейірімділік актісі» аталып кеткен «Рақымшылық жасау туралы» заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мем­лекет. Біртұтас ұлт. Бере­келі қоғам» атты Қазақстан хал­қына Жолдауындағы ізгілік идея­сының негізінде, яғни қаңтар оқиғаларына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында жарияланған оныншы рақымшылық болса, нақты бір оқиғаға байланысты, яғни ситуациялық мұндай заң елімізде тұңғыш рет қолданылып отыр.

Батыс елінің заңгерлері ра­қымшылық­ты «жақсылықтың әді­леттілікті жеңуі» деп баға­лайды. Дәл осы бағамның биігі­нен қарайтын болсақ, ел билігі соңғы рет ­Тә­уелсіздіктің 30 жыл­дығында осындай үлкен «жақ­сылық» жасаған екен. Ал «Қазақ­стан Республикасы Тәуел­­сіздігі­нің 25 жыл­­дығына байланысты рақым­­шылық жасау туралы» 2016 жыл­ғы заңға сәйкес 1 220 сотталушы босаты­лып, 2 338 адамның жаза мерзімі қысқартыл­ған.

Рақымшылық елде негізінен заң­дар­дың қабылдануына және мем­лекеттің маңызды күндерін атап өтуге байланысты жүргізілді. Ең үлкен ра­қым­шылық 1999 жылы жасалды. Бұл жолы Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты 15 705 сотталушы бостандыққа шықты. Ал жазаға тартылғандардың ең азы ел тари­хындағы алғашқы рақымшылық кезінде босатылған екен, яғни 1994 жылы. Бұл жылы Халықаралық отбасы жылына байланысты 1 380 сотталушы бостандыққа шық­қан. Жалпы тәуелсіздік жылдарында 55 мыңдай қа­зақстандық рақымшылық бо­йынша бостандыққа шықса, 11 мың­­нан астам адамның жазасы қысқарған.

Ал қаңтар қырғыны Қазақстан тарихын дейін және кейін деп екіге жарды. Бүкіл елді үрей мен қорқыныштың уысында ұста­ған сол санаулы күн бүкіл жұрттың сана-сезімін, ертеңге деген көзқарасы мен жалпы таным-түсінігін түбегейлі өзгертті. Бұл күндер бізге бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды әрі құнды екенін көрсетті. Қанды оқи­ға аз уақыттан кейін өткен жылдың қой­науына енеді. Алайда «Қасіретті қаң­тар» салып кеткен жүректегі жара әлі жазыла қойған жоқ, сан тағдырға түскен сызаты әлі өшкен жоқ.

Естеріңізде болса, биыл 1 қыр­күйек­тегі Қазақстан халқына Жолдауын­да Мемле­кет басшысы: «Бізге ел бірлігі ауадай қа­жет. Ереуілге қатыс­қан­дар да, күштік құрылым қызметкер­лері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үмітте­ніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қа­тысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқа­та­ры кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Олар­ға кешірім­мен қараған дұрыс деп ойлай­мын. Сондық­тан мен қаңтар оқиғасына қатысушылар­ға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», деген еді.

Бұл – бүкіл қоғам күткен оң қадам еді. Өйткені рақымшылық жасау – адам­гер­шіліктің ғана емес, мемлекеттің қо­ғам­ға, халыққа деген үлкен сенімінің бір көрінісі. Бұл жөнінде Президенттің өзі: «Біз адам­гершілік таныта отырып, осы қай­ғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталан­байды. Бұған жол бермейміз», деді.

Ресми деректерге сүйенсек, қаңтар оқи­ғалары кезінде тергеу органдары жалпы саны 1 600-дей адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптап, қамауға алған. Осы уақытқа дейін оның 1 112-іне сот үкімі шығарылса, қалғандарының ісі тергеу сатысында. Бір айта кетерлігі, заң қабылданғаннан кейін рақымшылық актісі сот барысында да, тергеуде де қолданы­лады. Бұл «Рақымшылық жасау туралы» Заң күшіне енгенде осы 1 600 адамның ­1 500-не мейірім актісінің шапағаты тиеді дегенді білдіреді. Ал бұлардың дені қаңтар қырғыны кезінде қалың нөпірге еріп ұрлық, бүлік жасағандар, ғимараттарға өрт қойып, заңсыз үгіт-насихаттың соңында кеткендер. Қаңтар оқиғалары кезінде тергеу изоляторына барып, ұсталғандармен бетпе-бет сөйлескен адвокаттар мен заңгерлер, депутаттар, қоғам белсенділері алаң­­ға шыққан азаматтардың дені аран­­датушылыққа ұры­нып, шалыс қа­дам басқандар екенін айтып, ара­ша түсті. Сот процестері кезінде бұл аза­­­­­мат­­­тардың көбі жазаның неғұрлым же­ңіл тү­ріне тартылғанмен, үкімнің аты – үкім.

Алдымен заңның екі ерекшелігіне тоқталсақ. Біріншісі – рақымшылыққа ілігетін адамдарға келтірген залалын толық өтеу туралы талап қойылмайды. Ал бұрын­дары жарияланған рақым­шылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтіріл­ген шы­ғынды өтеуге тиіс еді. Алайда мүлік иесі мате­риалдық шығынды сот арқылы аза­маттық-құқық­тық тәртіпте өндіріп ­алуға құқылы.

Екіншісі – бұл жолы жазаны өтеу тәртi­бiн қасақана бұзғандарға да ра­қым­шылық қолданылады. Қалыптас­қан тәжірибе бо­йынша бұрын бас бос­тандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы, тәртібі ескерілетін. Қаң­тар оқиғасына орай ұсынылған заңда мұндай талаптар алынып тасталған.

Заңгерлер бұл екі ерекшелік те рақым­шылық барысында маңызды екенін алға тартады. Себебі мамандардың айтуынша, алдағы уақытта қаңтар оқиғасын­да­ғы қылмыстар ашылған жағдайда және осы заңда көзделген баптарға сәйкес азаматтың соттылығы болған жағдайда ол адамға рақым­шылық жасала береді.

Сенат депутаты Владимир Волков қаң­тар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы заң аясында 40-тан астам адам түрмеден шығатынын мәлімдеді. Бүгінде қаңтар оқиғасы бойынша сотталған 1 112 адам­ның ішінде 128 адам ғана бас бос­тандығынан айырылған.

«Рақымшылық туралы» Заң қа­был­дан­ғаннан кейін бас бостандығынан айыру орындарынан 40-тан астам адам шығады. Бұдан бөлек, шамамен 50 адам жарты жылдың ішінде босатылады. Ал орташа және ауыр емес қылмыстық тәртіп бұзушылық жа­саған 170-тен астам адам жазадан құты­лады», деді В.Волков. Сена­тордың айтуынша, рақымшылыққа полицейлер мен әскерилер де ілігеді. Бірақ адам азаптауға қатысы бар адамдар жауаптан босатылмайды. Сондай-ақ рақымшы­лық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билік­ті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға, сондай-ақ лаң­кестік және экстремистік қылмыс жаса­ғандарға, рецидивистерге, жұртты азап­тағандарға қолданылмайды.

Заңға сәйкес теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұ­дан бөлек, ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тар­ды жасағандарға жаза мерзімін қыс­қар­ту көз­делген. Атап айтқанда, ауыр қыл­мыс­тар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрт­тен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін жа­за­ның жартысы қыс­қарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады.

Осы жолғы рақымшылықтың тағы бір ерекшелігі – заңда босатылатын адам­дарды әлеуметтендіру туралы норма қарастырылған. Рақымшылыққа ілік­кен­дерді жұмысқа орналастыру, меди­цина­лық көмек көрсету, құжаттарды ре­сімдеу секілді әлеуметтік көмек көрсе­ту Үкіметке жүктеліп отыр. Сондай-ақ ал­дағы уақытта қаңтар оқиғасындағы қыл­мыстар ашыл­ған жағдайда және осы Заңда көзделген баптарға сәйкес азаматтың сот­тылығы болған жағдайда ол адамға рақым­шылық жасала береді.

Мәжіліс мақұлдаған Заң туралы ­Сенаттың жалпы отырысында баян­дама жа­саған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ләззат Сүлеймен: «қаңтар оқиға­сы еліміз үшін нағыз сынақ болды. Сондық­тан бүкіл қоғам болып бұл сынақтан оң қорытынды шығаруға тиіспіз. Болашақта қаңтар оқи­ғасын, оның себеп-салдарын қай­тып болдырмау – біздің парызымыз. Мемлекет басшысының алды­мызға қойып отырған тапсырмасы да осы. Бір жолғы рақымшылық жа­сау – қоға­мы­мыздағы гуманизм, түсіністік, тұрақ­тылық сынды маңызды құндылық­тары­мызды сақтауға қосылған үлкен үлес», деген еді.

Ал оған дейін Президент Жолдауы­на байланысты «Аманат» тәуелсіз ко­мис­сиясының мүшелері арнайы мәлім­деме жасады. Естеріңізге сала кетейік, «Аманат» – қаңтар оқиғаларына байланысты құрылып, бүгінгі күнге дейін жазықсыз қамалған 500-ден астам аза­маттың бостандыққа шығуына түрткі бол­ған комиссия. Түптеп келгенде, қаң­тар оқиғасына қатысушыларға рақым­шылық жасау туралы алғаш бастама көтерген де аманаттықтар еді. Білікті заңгер, адвокаттардан құрылған комиссия өз алдына тек жазықсыз азаматтарды шығаруды ғана мақсат етіп қоймағанын әу баста-ақ айтқан еді.

«Осы уақыт ішінде жүздеген қамалған­дармен тілдесіп, тағдырларына үңіліп, болған жағдайды әбден саралап, зерттеп, қаңтар оқиғаларына қатысушылар­ға тұтас рақымшылық жасау жөніндегі ұсынысымызды Президент атына жол­да­ған болатынбыз. Бізді қолдап, сенім артып, ұлдарының тағдырын аманат еткен халық­тың үмітін ақтау – біз үшін ең басты міндет. Ұсынысымыз ең жо­ғарғы деңгейде қолдау тауып, қаңтар оқиғаларына қатысып, қапасқа қамалған азаматтарымызға қатыс­ты бір реттік рақымшылық жасау жайында тиісті шешім қабылданды. Мыңдаған жанға қуаныш сыйлаған бұл сүйінші хабарды біз әділеттің салтанат құруы, гуманизм актісі деп қабылдаймыз!

Бұл – «Аманат» комиссиясы жұ­мы­­­сы­­ның шешуші қорытындысы, бірақ ­жұ­­мы­­сымыз мұнымен аяқ­тал­май­ды, алдағы уақытта комиссиямыз рақымшы­лық туралы заңның жа­сақ­талуына, қолданылуына қатысты заң орындарымен бірлесе жұмыс істелетін болады», дейді комиссия мүше­лері – белгілі заңгерлер Абзал Құспан, ­Мәди Мырзағараев пен Уайс Ерсайынұлы.

ТҮЙІН. Белгілі режиссер Дестин Крет­тонның «Just Mercy», яғни «Тек рақым­шылық» деген шынайы оқиғалар желісімен түсірілген киносында қойылатын басты бір сұрақ бар. Ол – «Біз ашу-ызамен, қорқынышпен өмір сүреміз бе? Әлде заңға сәйкес ғұмыр кешеміз бе?» деген сауал. Яғни кімнің қандай жолға түсетіні – өмірлік таңдауына тікелей байланысты екенін түсіндіреді. Рақымшылық туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде оның екі жағы: экономикалық әсері мен қоғам үшін салдары қатар айтылады. Жасыратыны жоқ, қоғамда «Қаңтар қырғыны кезінде күдікке ілінгендерді жаппай бостандыққа шығару қылмыстың өршуіне алып келмей ме?» деген сұрақ та қызу талқыланды. Қаңтар қырғыны – қоғамның басына түскен үлкен сынақ. Ал бұл сынақтан қалай өтеміз, қандай қорытынды шығарамыз, қай жолға түсеміз – ол да қоғамның еншісіндегі таңдау.