• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қараша, 2022

Қазақстанда ұшу қауіпсіз

365 рет
көрсетілді

Жуырда Брюссель қаласында қазақстандық делегация Еуропалық комиссиямен, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық агенттікпен (EASA) және Еуропалық Одақ мүше мемлекеттері өкілдерімен техникалық кездесу өткізді. Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін оң бағалады.

Біздің делегацияны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төра­ғасы Талғат Ластаев бастап бар­­ды. Кездесуге «Қазақстанның авиа­­циялық әкімшілігі» АҚ бас директоры Каталин Раду да қатысты. Еу­ро­палық делегацияны Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі бөлімі басшысының орынбасары Питер Соренсен басқарды.

«Кездесу барысында қазақстандық тарап ұшуды пайдалану, ұшуға жарам­дылық, авиаперсоналды ли­цензиялау және Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін жақсарту бо­йынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің процестерін стандарттау бөлігінде қабылданған шаралар мен іске асырылып жатқан түзету іс-қимылдарының жоспарлары туралы хабардар етті. Оның ішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу және елдегі аза­мат­тық авиация саласын реттеудің еу­ро­палық моделіне одан әрі жос­парлы көшу бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына күтілетін өзгерістер таныстырылды. Еуропалық тарап жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар бойынша Қазақстанның авиациялық билігі қабылдап жатқан шараларды оң қабылдады», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Еуропалық комиссия делега­циясының басшысы 2019 жылдан бастап Қазақстанда іске асырылып жатқан азаматтық авиацияны реттеу­дің еуропалық моделін жоғары бағалап қолдады және бұл ұшу қауіпсіздігінің еуропалық стандарттарына толық сәйкес келетін әлемдегі ең озық және ең тиімді тәсілдердің бірі болып саналатынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда тұрақты авиациялық рет­теушінің жұмыс істеуі және елдегі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін Қазақстанның авиа­ция­лық әкімшілігі ресурстарын қаржы­лан­ды­ру мен қамтамасыз етудің жаңа теті­гін тиімді іске асыру қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ Еурокомиссия ұшуға жарам­дылық, ұшуды пайдалану, әуе персоналын лицензиялау, ұшу қауіп­сіз­дігі басқармасы, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі процестерін стандарттау және ұйымның жаңар­тылған құрылымы салаларында атқа­рылған жұмыстардың барысын оң бағалап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға шақырды. Еуропалық тарап аталған мәселелерде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін біл­дірді.

Қазақстанның авиациялық билігі ұсынған прогресс негізінде Еуро­палық комиссия өкілдері қазіргі күні қазақстандық авиакомпанияларда Еурокомиссияның ұшу қауіпсіздігі тізіміне («қара тізім») және Еуропаға ұшуға қандай да бір шектеулер енгізу бойынша қауіп жоқ екенін растады.