• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қараша, 2022

Үшем дүниеге келді

575 рет
көрсетілді

Жыл өткен сайын елімізде демографиялық өсім артып келеді. Деректерге сенсек, 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 2021 жылы дүниеге келген сәбилердің саны 4,6 пайызға артқан. Ең қызығы, өмірге келген сәбилердің 51,6 пайызы ұл бала екен. Биыл да аталған көрсеткіш артпаса кемімейді деген үміт басым.

Соңғы жылдары елімізде үшем­дер­дің дүниеге келуі қалыпты құ­бы­лысқа айнала бастаған секілді. Деректерге сүйенсек, 2020 жылы 43 үшем дүниеге келсе, 2021 жылы дүние есігін айқара ашқан үшем­дер­дің саны – 45.

Жақында облыстық көпсалалы аурухананың перинаталдық блогынан Жалпақтөбе ауылында тұ­ратын Абдуллаевтар отбасы ша­ңы­рақтарына үлкен қуанышпен оралды. Бір емес үш бірдей арудың әкесі атанған Әлинұр Абдуллаев супервайзер болып еңбек етсе, анасы Үмида Әшірова – зертханашы. Бұған дейін Айлану және Амелия есімді қыздарды дүниеге әкелген анасы бірден үшемнің анасы атанам деп ойламаса керек. Осылайша, отбасы бүгінде бес балдырғанның қызығына тоймай жүр.

Үшем қыздар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 35-аптасында дүниеге келді. Олардың бірінің салмағы 1 980 грамм болса, екін­шісінікі – 2 120, үшіншісінікі 2 020 грамға жеткен. Шексіз қуа­ныш­қа кенелген отбасы қызда­рының есім­дерін Айлин, Алия және Алиф деп қойыпты.

Шала туған нәрестелерді тексеру, күтіп-баптау жұмыстары қыз­меткерлер тарапынан дер ке­зінде қолға алынған. Иә, аурухана қыз­меткерлері бұл жұмысқа жұ­ды­рық­тай жұмылған. Әуелде неонатология бөліміне ауыстырылып, сәбилердің жағдайы толық, жан-жақты зерделенген. Нәтижесінде, үшемнің денсаулығына ешқандай қауіп төнбегені нақтыланған.

Жалпы, Жамбыл облысында соңғы үш айдың бедерінде екінші рет үшем дүниеге келді. Бұған дейін тамыз айында Мақсат Ерімбетов пен Айткүл Қыдырбаеваның отбасы Кәусар, Сезім, Үмітім есімді үш бірдей арудың ата-анасы атанған болатын.

 

Жамбыл облысы