Құны 230 млн доллар болатын зергерлік бұйымдар мен асыл тастар. 140 мың гектардан астам жер. 400 млн доллар қаржы, 300 млн доллардың бағалы қағаздары. Мемлекет меншігіне өткен Атырау облысындағы газ өңдеу зауыты мен Астанадағы «Болашақ» бизнес орталығының ғимараты. Заңсыз жекешелендірілген «Барыс» пен «Шапағат» базарлары. Осының барлығы – 630 млрд теңге. Бұл – мемлекетке өтелген залал мен қайтарылған активтердің құны. Басқаша айтар болсақ, бұл осыдан бес ай бұрын жасақталып, жұмысына кіріскен Активтерді қайтару жөніндегі комиссия қызметінің алғашқы көрсеткішінің бірсыпырасы.
Күні кеше Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен жиналыста комиссия жұмысының соңғы бес айындағы нәтижелері жарияланды.
Естеріңізде болса, Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы комиссия Президент Жарлығымен биыл 5 маусымда құрылған еді. Комиссияның басты мақсаты – заңсыз жылыстатылған қаражатты елге қайтару. Мемлекет басшысы ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысында халықтан ұрланған активтерді елге қайтарудың маңызын «әділдік орнату» деп айшықтап берді.
Заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысын ашқан Бас прокурор Президенттің осы тапсырмасын тағы бір еске салып өтті. «Мемлекет басшысы комиссия ережесін бекітіп, біздің алдымызға нақты және айқын тапсырмаларды белгілеп берді. Осы уақыт ішінде бірлескен жұмыс нәтижесінде, заңсыз алынған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылды. Қайтарылған қаржының жалпы сомасы 630 млрд теңгеден асады. Бұл қылмыстық істердің, прокурорлық талап қоюлардың және басқа да қабылданған шаралардың нақты нәтижесі», деді Б.Асылов.
Бас прокурордың мәлімдеуінше, елде және шетелдерде жасырылған заңсыз активтерді анықтауға бел шеше кіріскен комиссия кеше ғана құны 230 млн доллар болатын зергерлік бұйымдар мен асыл тастарды елге қайтарған. Бір айта кетерлігі, бұл қымбат бұйым мен тастардың барлығы алыс шетелден алынған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, мемлекет кірісіне айналдырылған эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдардың біразы Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған. Сонымен қатар Қ.Сатыбалдыұлының шетелдік бағалы қағаздарға 300 млн АҚШ долларын салу фактісі анықталып отыр. Бұл қаржы да жақын арада Қазақстан бюджетіне түседі. Қазіргі таңда осы бағалы қағаздарды шетелден қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Бас прокуратура ұсынған деректерге қарағанда комиссия жұмысы аясында шетелден 400 млн доллар қайтарылған.
«Сонымен қатар кеден саласында заң талаптарын бұзып жұмыс істеген 10 компаниядан 57 млрд теңгені бюджетке өндірдік. Прокурорлар 13,5 миллиард теңгеге 13 талап қоюды сотқа жолдады. Жоғарғы Сотқа олигополия пайдасына қабылданған сот шешімдерін бұзу туралы 23 прокурорлық наразылық бердік. Олардың 16-сы қанағаттандырылды, қалғандарын қарау нәтижесінде бюджет тағы ондаған миллиард теңгеге толығады», деп мәлімдеді Б.Асылов жиында.
«Біршама аяқталған және әлі де атқарылып жатқан жұмыстар бар. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында активтерді қайтарудың әрбір шешімі заң талаптарына сәйкес қабылдануда. Маңыздысы – осы шешімдер адал бизнестің құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс», деді сөзінің соңында Бас прокурор.
Ал Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің хабарлауынша, қылмыстық істерді тергеп-тексеру және монополиясыздандыру жұмыстарының нәтижесінде мемлекетке шамамен 595 млрд теңге өтелген.
Халыққа қайтарылған қазынаның ішінде 140 мың гектардан астам жер де бар. Қадағалау актілері бойынша бұл жерлердің бағасы 5 млрд теңге деп көрсетілген. Комиссияның ресми өкілі бұл қайтарылған жерлерді «заңсыз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған», деп түсіндіріп өтті. З.Әліпбектің айтуынша, Ақмола облысында прокурордың актілері бойынша мемлекет меншігіне 67 мың гектар жер берілмек.
Комиссияның жіті қадағалауына алынған құжаттардың бірі – бұрын олигополия субъектілерінің пайдасына шығарылған сот шешімдері. Қазіргі таңда Бас прокуратураның наразылықтары бойынша бұл шешімдер қайта қаралып жатыр.
Ведомствоаралық комиссияның Үкімет актілері мен сот шешімдерін, оның ішінде олигополиялардың пайдасына мемлекеттік активтерді жекешелендіру және иеліктен шығару туралы шешімдерді зерделеуді жалғастырып келе жатқанын З.Әліпбек те растап отыр. Ресми өкілдің айтуынша, сот актілерін зерделеу арқылы жекелеген жағдайларда шешімдер қаржы-өнеркәсіп топтарының пайдасына заңды бұза отырып шығарылғаны анықталған. «Қазіргі уақытта Бас прокуратура Жоғарғы Сотқа олигополиялардың пайдасына өткен сот актілеріне шамамен 30 млрд теңге сомасына 23 наразылық енгізді», дейді бұл жөнінде З.Әліпбек.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде соттар 16 наразылықты қанағаттандырса, олардың арасында мұнай терминалы мен жер учаскелерін, сондай-ақ 15 млрд теңгеден астам сомаға екінші деңгейдегі банкпен дау бойынша наразылықтар да бар. Қазіргі таңда олигархиялық топтардың бақылауындағы компаниялардың пайдасына шығарылған соттардың шешімдерін қайта қарау туралы 7 наразылық қаралып жатыр.
Құрамына құқық қорғау, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың бірінші басшылары кіретін комиссия олигополиялардың өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді де ерекше бақылауында ұстап отыр. Бұл жөнінде комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек: «Комиссия қызметі шеңберінде қылмыстық қудалау органдары олигополиялар өкілдерінің құқық бұзушылықтар жасауға қатысы бар-жоғына талдамалық, жедел және тергеп-тексеру іс-шараларын жүргізуде. Прокурорлық тексеріс нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органдары әртүрлі теріс пайдалану, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», деп атап өтті.
Осындай тексеру кезінде көлік-логистикалық компанияның Қытаймен шекарадағы кеден бекетінде тауарларды тасымалдау нарығын монополиялағаны анықталған. Бас пайдасын ойлаған компания картельдік келісім жасасу арқылы қызметтерге жоғары баға белгілеп, 4,3 млрд теңге сомасына монополиялық табыс тапқан. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 221-бабы (монополиялық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТрансГаз» АҚ қызметіне жүргізілген қылмыстық іс шеңберінде құны 55 млрд теңге болатын 2 объектіні мемлекеттік меншікке қабылдаған. Олар – Атырау облысындағы газ өңдеу зауыты және Астана қаласындағы «Болашақ» бизнес орталығының ғимараты.
«Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия, сонымен қатар олигополияның меншігіне берілген объектілерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және мемлекетке қайтару бойынша жұмыстарды жүргізуде», деп хабарлады комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек.
Оның мәлімдеуінше, заңсыз иеліктен шығарылған объектілерді, берілген жер учаскелерін қайтару туралы 13 талап қою енгізілген. Осы арқылы Алматы қаласының халықаралық әуежайында сауда дүкендерінің, барлар мен мейрамханалардың аймағын заңсыз сату фактісі анықталып отыр. «Олар 2003 жылы Алматы қаласының әкімі болған В.Храпуновтың жеке компанияға 333,7 млн теңге сомасында жоқ берешекті өтеу есебінен заңсыз берілгені анықталды. Прокуратура әуежай терминалының 1601,1 шаршы аумағын алып жатқан үй-жайларына қатысты құқық белгілейтін құжаттарды заңсыз деп тану туралы сотқа талап қою берді», дейді З.Әліпбек.
Сондай-ақ соттар прокуратураның Алматы қаласындағы «Барыс-4» көтерме сауда нарығының үлесін сату және елордалық «Шапағат» коммуналдық нарығын жекешелендіру жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюларын қанағаттандырған. Сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін бұл объектілер мемлекет меншігіне қайтарылады.
Кейбір басқа жекешелендірілген объектілер бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру жалғасуда. Ал 10 млрд теңгеден астам сомаға мүлікті мемлекетке қайтару туралы прокуратураның тағы 10 талап қоюы соттардың қарауында жатыр.
ТҮЙІН. Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның әрбір шешімі адал бизнеске араласу және қысым жасау фактілеріне жол бермей, байыпты және заң талаптары шеңберінде ғана қабылдануға тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының комиссия алдына қойған басты талабы. Қазір қоғам Жаңа, Әділетті Қазақстан құруды қолдайды. Елдегі іргелі өзгерістер мен саяси реформалардың іске асуы үшін ең алдымен экономикалық дамудың басты қағидаты – табыстың әділ бөлінгені керек. Ал осы жауапкершілікті мойнына алған комиссия жұмысынан халық құрғақ есеп пен сөзді емес, жоғарыда айтылған мәліметтердегідей нақты нәтиже күтеді.