• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2014

Шешімі табылса дейміз

342 рет
көрсетілді

Cоңғы жылдары біздің облыста көптеген шаруа қожалықтары мақта өсіріп, «ақ алтын» өндіруден бас тартып, басқа дақылдарға ауысып жатыр. Әрине, бұл құбылыстың дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Бірақ, елдің бәрі мақтамен айналысудан алыстай берсе, Оңтүстігіміздің брeндіне айналған «ақ алтынның» жағдайы төмендеп кететінін де түсінген жөн. Осыдан ондаған жылдар бұрын Түркістан аумағындағы Қарашық ауылының жанынан бірнеше гектар жер алып, шит септік. Өнім жаман болмады. Содан бері біздің «Тұран» шаруа қожалығы осы дақылды өсіріп, игілігін көріп келе жатыр. Қазір бүкіл ауылдың береке бастауына айналды десек, артық айтқандық емес. Өткен жылы 110 га алқаптың әр гектарынан 26 центнерден өнім жиналды. Тек шитті мақта өсірумен шектелмей, шағын өндіріс көздерін де аштық. Бізде май, сабын, тағы басқа да заттар шығарылады. Өзімізде МТС бар. Там­шылатып суаруға арналған құрал­дарды да әзірлей береміз. Даму банкі арқылы несие алып, өндірістік желі аштық. Израиль­дің тәжірибесін үйреніп, жүзеге асырдық. Там­шы­латып суарудың арқасында өнімділік үш есе артты. Биыл тамшылатып суаруды екі есеге көбей­теміз. Шлангілерді шығару үшін Ресейден полиэтилен гранулдерін сатып аламыз. Бұл жұмыс Кеден одағына байланысты бұрынғыдан жеңілдей түскені сөзсіз. Қазір «Тұран» шығаратын барлық құрал-жабдықтарға деген сұраныс өте күшті. Шағын кәсіпорындарымыз тұрақты түрде табысқа қол жеткізуде. Айта кетейік, әлі де шешімін таппаған бір мәселеміз бар. 2007 жылға дейін мақта өсіруден бастап, оны жан-жақты өңдеп, өнім түрлерін, құрал-жабдықтар шығаруға дейінгі жүйелеріміз жақсы еді. Иіру және тоқыма цехтарымыздың өнімдерін Қазақстан ғана емес, өзге елдер де таласып алатынға айналған. Өкінішке қарай, бірте-бірте ертеректе сатып алынған тоқыма станоктары моральдық тұрғыдан мүлде ескірді. Кеңестік жүйе кезінің дүниелері болғандықтан, оларға қажетті қосалқы бөлшектер де шығарылмайтын болды. Жабдықтарды түгелдей жаңартуымыз қажет-ақ. Ол үшін молырақ несие алуға тиіспіз. Бірақ, мәселе бірден шешілмеуге айналды. Себебі сол, мақта өсіруші ретінде біз Aуыл шаруашылығы министрлігіне қараймыз. Ал, «ақ алтын» өңдеу жағы Индустрия және жаңа технология министрлігіне қатысты болғандықтан, біздің өтінімдерімізді қарау кезінде осы екі ведомстволық құрылымның шенеуніктері өзара келісе алмай, бірі-біріне сілтейді. Міне, осындай кедергілер біраздан бері шешімін таппай отыр. Германиядан келетін техниканы да таптық, шығынымыз бен табысымызды да мұқият есептеп қойдық. Амал қанша, жағдай жоғарыда айтқандай, шенеуніктер шешетін емес. Елбасымыз кәсіпкерлікке, оның ішінде отбасылық бизнеске айрықша көңіл бөліп, үлкен қамқорлық жасап келеді. Біз Президентімізге ризамыз, қосымша өндірістер ашу үстіндеміз. Соңғы кездердегі жаңа талаптарға сәйкес екі министрлік бір-біріне сілтеместен, жанашырлықпен жол табады деп сенеміз.  Хабибулла АЗИМОВ, «Тұран» шаруа қожалығының басшысы. Оңтүстік Қазақстан облысы.