Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса назар аудару қажеттігіне тоқталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өңірлердегі мектептерді дамыту керек. Сондықтан Оқу ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, аймақтардағы мектептердің қызметіне талдау жүргізуі керек. Сондай-ақ мектепті дамыту бағдарламасын әзірлеуге қажетті әдістеме дайындауға тиіс», деді Президент өңір жұртшылығымен кездесу барысында.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жақында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілетінін тілге тиек етті.
«Жақында бекітілетін тұжырымдаманы іске асыру үшін құзырлы органдар тиісті шараларды уақытылы қабылдауы керек. Өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса назар аударған жөн. Мемлекет жыл сайын білім грантының санын көбейтіп жатыр. Биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грант берілді. Бұған қоса мен батыс облыстарының түлектері үшін қосымша 10 мың грант бөлуді тапсырдым. Соның 6 мыңы Маңғыстауға берілді. Бірақ бұл гранттың төрттен бірі ғана игерілген. Бұл – түсініксіз жағдай. Оның үстіне облыста білікті мамандарға деген сұраныс өте жоғары екені белгілі. Ашығын айтсақ, жоғары оқу орындары және құзырлы министрлік кәсіби бағдар беру жұмыстарын ойдағыдай атқармай отыр», деді ел Президенті.
Оның айтуынша, түлектерге және ата-аналарға қосымша грант бөлінгені туралы толық ақпарат жетпей жатады. Осы ретте Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.
«Аймақта жастардың грантпен білім алуы, маман тапшылығы, түптеп келгенде облыстың дамуы – бәрі өзара тығыз байланысты мәселе. Сондықтан облыс әкімі бұл мәселені мұқият қарастыруы керек», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.