Президент Маңғыстау облысында азық-түлік қорын сақтайтын қоймалар салуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Азық-түліктің дүкендегі бағасына әсер ететін артық делдалды алдымен мейлінше азайтып, содан кейін бәрінен арылу керек. Тамақ өнімдерін сақтайтын орындарды көбейту – өзекті мәселе. Қазір мұнда көтерме сауда және тауарды бөліп-тарату орталығы салынып жатыр. Оның құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау қажет», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде өңірде азық-түлік қорын сақтайтын қоймалар салуды тапсырды.
«Жаңа қоймалар салу үшін әкімдік жеке инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер беруі керек. Біз азық-түлік өнімін өндірушілерді алдын-ала қаржыландыру тәсілін енгіздік. Мұны облыстың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тиімді пайдалануына болады. Өнімді сатып алу үшін өзге өңірлердегі шаруалармен алдын-ала келісім-шарт жасауға мүмкіндік бар. Бұл жұмыста бәрін дер кезінде жасау өте маңызды. Нарықтың бет алысын мұқият зерделей отырып, ертерек қамданған абзал. Былтыр қатты қуаңшылықтың және жем-шөп тапшылығының кесірінен ауыл халқы қаншама малынан айырылды. Мұндай жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.