• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қараша, 2022

«Сенімен Болашақ» зиялылар мен ғалымдардың симпозиумын өткізді

434 рет
көрсетілді

Өткен аптада «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналардың қоғамдық бірлестігінің бастамасы бойынша  «Ұлт мұраты жолында: тәрбие, білім, ғылым және іскерлік» тақырыбында ұлт зиялыларының республикалық бірінші ғылыми-практикалық симпозиумы ұйымдастырылды.

Басқосуға жиналғандар алдында сөз сөйлеген осы қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы, қоғам қайраткері, меценат Нұркен Асанов жаһандану заманындағы отбасы құндылықтарын әңгімеледі.

«Біздің қоғамдық бірлестіктің ең басты міндеті әділдік, туралық, талапшылдық пен жандану және әдепті өркениет сынды бес құндылықты дәріптеу. Сондықтан ұйым мүшелері кезекті мәрте бастамашылдық танытқан бұл алғашқы симпозиум – еліміздегі тәрбие, ғылым, білім беру мен іскерлік сала мамандарын ұлт мұраты жолында ортақ мақсат пен мұрат тұрғысында жұмылдыру арқылы тиімді шешімдер табуды көздейді. Алдыңғы жүздесудің аясында тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын бекіту бағытында қажырлы қызметімен елге танылған зиялы қауым өкілдерінің талқысына осы тақырыпты ұсынған едік. Бұл бағалы бастама жанашыр қауымның тарапынан шынайы қолдау тапқан болатын. Содан бергі уақыт аралығында академиялық орта мен әдістеме мамандары және іскер азаматтар осы ойды терең зерделеп, жан-жақты талдау жасауды жалғастыруда. Сондықтан ендігі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе нақты шешім қабылдауды ұзаққа созбай пайымды пікірлердің мәйегін жинақтап, стратегиялық тұжырымдама жасауға жұмылу қажет», деді Нұркен Жарылқапұлы.

«Ахмет Байтұрсынұлының алдына шәкірттері жиналып барған кезінде «молда болыңдар» деген бата берген екен. Бұрынғы кезде діндарлар ағартушылық қызметті атқарғаны тарихтан баршамызға белгілі. Яғни алаштың арысы кейінгі буын өкілдеріне жұрттың көзін ашу арқылы, елге ие болуды аманаттағаны даусыз. Қазіргі кезде де отандық педагогика саласының мамандарына жаңа заман талабына сай бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру үшін сапалы біліммен қоса саналы тәрбие берудің жауапкершілігі жүктелген», деді алаш арыстарының ұлт мұраты жолындағы қайраткерлік қызметіне тоқталған «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет тарихшысы, алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы.

«Осы қоғамдық бірлестіктің қаржыландыруымен тағы да бірнеше құнды шығармалар қайта басып шығарылуда. Солардың бірі санатындағы «Тәрбиеге жетекші» аталатын кітаптың құндылығы жоғары. Егер әрбір адам кемел болам десе, осы еңбекті оқуы керек. Бүгінгі жастарды кітап оқуға ынталандыру аға буын өкілдерінің алдында тұрған жауапты міндет. «Кітап мен үшін патшаның тағынан да қымбат» дегенді ұлы композитор Шекспир кезінде бекерге айтпаса керек», деді «Алаш және ұлттық ғылыми терминология» тақырыбында сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов.

«Алыс-жақын шет елдерде дайындалған мультфильмдер телеэкранға шығып, интернет арқылы кеңінен тараған бойда ертеңіне сол балаларға арналған анимациялық өнімдердің кейіпкерлері дүкендер мен базарларда жедел сатыла бастайды. Бізде де мемлекеттік тілімізде шыққан жақсы дүниелер бар. Бірақ олардың балаларды қызықтыратын құрастырмалы киіз үй мен бесік, халық ауыз әдебиетіндегі батыр бабаларымыз бен шешен билерімізді бейнелейтін ұлттық ойыншықтардың жиынтығы жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұртшылықтың жоғары сұранысын да ескеру арқылы қазақы кейіпкерлерді жасайтын шеберлердің жаңашыл жобаларына қаржылық қолдау мен көмек көрсеткеніміз дұрыс», деді ұлт рухын қайта жаңғырту жайында салиқалы сөз сөйлеген қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы.

«Биыл алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына - 150 жыл. Кеңестік кезеңде есімін атап, еңбектерін оқуға тиым салынған тарихи тұлға алаш арыстарының рухани көсемі деңгейіне көтерілген қоғам қайраткері болатын. Себебі ол ең алдымен патшалық билік пен коммунистік жүйенің отаршылдық саясатына қарсы шығып, қазақ жұртын дербес ел ретінде жан-жақты дамытудың басым бағыттарын ұсынды. Мемлекеттің тәуелсіздігін аңсаған азаматтар ең басты идеология ретінде жастардың бастауыш мектептен бастап қазақ тілінде білім алып, ұлттық рухта тәрбиеленуін басты назарда ұстады», деді «Алаш оқулықтарының заманауи дискурсы» тақырыбында баяндама жасаған қазақтың әдебиет тану ғылымы бойынша көптеген зерттеу еңбектердің авторы, филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісмақова.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры, ақын Оңайгүл Тұржан өскелең ұрпақты ізгілік жолмен қалай тәрбиелеудің мәні мен маңызына тоқталса, «Әлихан Бөкейхан - қазақ жерінің жоқтаушысы» тақырыбында сөз сөйлеген «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы жұртшылықтің көбі біле бермейтін тың тарихи деректерді ортаға салды. Абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы пайдалы білім концепциясы туралы сөз қозғаса, профессор Әлима Қисымқызы оқу-тәрбие үдерісіндегі үштік (ата-ана, оқушы және мұғалім) одақққа негізделген зерттеуін жиналғандардың назарына ұсынды.

Жүздесу барысында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналардың қоғамдық бірлестігі тарапынан «Асыл мұра» сериясы бойынша мың данамен басылып шығып, оқырман қауымға жол тартқан қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» мен «Тәрбиеге жетекшісі» оқулықтарының тұсаукесер рәсімі жасалды. Қайта жарық көрген бұл құнды еңбектер қатысушылардың бәріне тегін таратылды.

«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі бұған дейін де ұжым жанынан құрылған «Асыл мұра» сериясының негізінде алаш арыстарының сонау бір кезеңде аз тиражбен таралған таңдамалы туындыларын жаңа форматта қайта басып шығару арқылы ел аймағындағы кітапханаларға тегін үлестірген болатын. Маңызды басқосуға шақырылған ғалымдар мен зиялылар, мектеп мұғалімдері қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекшісі» мен «Психология» аталатын еңбектерінің бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған, қазіргі қоғамға қажетті кітаптар екендігіне тоқталды.

 

Нұрлан МЕРАЛЫ