• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2022

Би-апаның биік тұлғасы

727 рет
көрсетілді

Биыл театр һәм кино өнерінің жарық жұлдызы Шолпан Жандарбекованың туғанына – 100 жыл толса, келесі жылы сол межені біздің жерлесіміз Бикен Римова бағындырмақ. Ұлт руханиятына қомақты олжа салып, сахна мен өмірде бірге жасасып, телқоңыр тағдыр кешкен қос сахна саңлағының мерейтойын Жетісу жұрты сән-салтанатпен атап өтті.

Игілікті іс-шараның беташа­ры Бикен Римова атындағы Тал­ды­қорған драма театры ғи­ма­­ратының алдында бастау алды. Күре жолға дейін төсел­ген қы­зыл кілем үстімен қазақ кино және театр өнерінің тарланы, Қазақ­станның халық әртісі Тұң­ғышбай Жаманқұлов, Мем­­ле­кеттік сый­лықтың лауреаты, көр­некті ақын, драматург Иранбек (Иран-Ғайып) Оразбаев, белгілі драматург Сұл­танәлі Балғабаев баста­ған тұлғалар жүріп өтті. Сонымен қатар іс-шараға кел­ген халық Би­кен, Шолпан апала­ры­мыздың ұрпақ­тары мен туыста­рын, Б.Ри­мова атындағы Талды­қорған теат­рының алғашқы қарлы­ғаштары мен аға, орта, жас буын өкілдерін ерекше ықыласпен қарсы алды.

Өнердің қара шаңырағында­ғы музейді көпшілік тамашала­са, Тұңғышбай Жаманқұлов, Иран­бек Оразбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтың лау­реаты Әміре Әрін, театр сыншысы, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты театр бөлімінің меңге­рушісі, өнертану кандидаты Аман­гелді Мұқан, кино және театр актері Сағындық Жұмаділ бастаған зиялы қауым өкілдері баспасөз мәслихатына қатысып, қос тұлғаның өмірінен сырлы естеліктер айтты.

Өз кезегінде Тұңғышбай Жа­манқұлов пен Иран­бек Оразбаев 100 жылдық мерейтойға орай басылып шыққан «Бикен Римова» альбомы мен «Шолпан-жұл­дыз» кітабының лентасын қиды.

Журналистер қауымына тел­­қоңыр тағдыр иелері тура­лы тебірене термелеген зиялы қауым өкілдерінен кейін Бикен Римованың қызы Меруерт Құса­йынова сөз алып, ғазиз жүректі анасы жайлы жылы естелігін жеткізді. Сонымен қатар сахна­дағы әріптесі Рахилям Машурова Бикен апаның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымында Баян сұлу образын сомдағанда таққан белбеуін бүгінге дейін сақтап келгенін, өзі де сан қойылымда көзіндей көріп тағынғанын айтып, аталған жәдігерді өнер оша­ғының музейіне табыс етті.

Дүбірлі салтанат барысында сахнаға көтерілген облыс әкімі­нің орынбасары Рустам Әли сөз алып, ғұмырында 200-ден астам әйел образын сомдаған әйгілі әртістің өнегелі өмірін, шежірелі ғұмыр-белесін айшықтай келе:

«Бұл той бүкіл елдің дүбірлі думаны. Сондықтан алдағы жылы Бикен апамыздың тойын ерекше атап өтеміз. Сонымен қатар абзал ана, алып жүректі театр майталманы Бикен Римованың еңселі ескерткішін қаламызда тұғырына қондырамыз», деп өнерсүйер елге ерекше қуанышты хабарды жеткізді.

Облыс басшысының орынбасары айтқан қуанышты лепестен кейін «Абай» телеарнасы дайындаған Б.Римова туралы «Бірегей» деректі фильмі мен Ш.Жандарбекова жайында сыр шертетін бейнефильм жұрт­шылық назарына ұсынылды.

Ғасырлық ғұмыр ғибраты­на шомған көрермен өз кезегін­де Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі Мұрат Ахмановтың ре­жис­сер­лігімен жаңа бағытта сахна­ланған Бикен апамыздың «Қос мұңлық» драмасын тамашалады.

Сөз аяғында ел ағалары Бикен апамыздың қызы Меруерт Құса­йынова мен «Қос мұңлық» драмасында басты рөлді (Күнзипа) сомдаған Халық әртісі Алмахан Кенжебекованың иығына зерлі камзол жапты.