• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 07 Қараша, 2022

Жиын арқауы – «Жасыл экономика»

361 рет
көрсетілді

Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу жағдайында қалдықтарды басқару жүйесін қалай дамытуға болады? Елімізде жасыл экономиканы дамытудың осы және өзге де өзекті мәселелері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды.

Форумның тақырыбы – «Жасыл экономикаға» көшу жағдайындағы Қа­зақ­стан Республикасының орнықты дамуы: Еуропалық Одақ елдерінің тә­жі­рибесін қолдану». Конференция жұ­мысына 9 елдің сарапшылары қа­тыс­ты.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында 7 тақырыптық секция өтті. Отандық және шетелдік сарапшылар «жасыл экономикаға» көшу жағдайында экономиканың энергия сыйымдылығын төмендету, заңнаманың құқықтық нормаларын экологияландыру, экологиялық туризмді дамыту перспективалары, «жасыл» архитектураны қалыптастыру, «жасыл қаржы құралдарының» мүмкіндіктері, «жасыл экономикаға» көшу жағдайында кадрлар даярлау, қалдықтарды өңдеу жүйесі секілді мәселелер төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­­тық университетінде Қазақ­стан­-Польша «Жасыл экономиканы зерт­теу орталығы» ашылған болатын. Уни­верситет ғалымдары шетелдік әріп­­­­­­тестерімен бірлесіп асбестті қайта өң­деу және кәдеге жарату бойынша ғы­лыми жұмыстар жүргізген. Зерттеу қо­рытындысы бо­йынша ұлттық университетте Қазақстанда құрамында асбест бар қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері бойынша монография таныс­тырылды. Әзірлемелердің нәти­же­лері бойынша патент алу жоспарлануда.

– «Жасыл экономика» мәселелері жаһандық сипат алған және оның дамуы елімізде үлкен мәнге ие. Инклюзивті «жасыл даму» тұжырымдамасы Қазақ­стан үшін ерекше маңызды. Өйткені онда орнықты экономикалық өсуге, жаңар­­ты­латын табиғи капиталға және да­мыған адами және әлеуметтік капиталға баса назар аударылады, – дейді Еуразия ұлттық универ­си­те­ті­нің ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.

«Жасыл экономиканы» дамытудың маңызды аспектілерінің бірі – «жасыл экономикаға» көшу жағдайында кадрлар даярлау. Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Болат Төкежановтың айтуынша, Қазақстанда 30 жоғары оқу орнының базасында «Экология», «Қоршаған орта», «Тіршілік қауіпсіздігі және қор­ша­ған ортаны қорғау» сияқты білім бе­ру бағ­дар­ла­малары бойынша кадрлар даяр­­лануда.

– Бүгінде жоғарыда аталған бағыттар бойынша 6 мыңнан астам адам білім алып жатыр. 2022 жылы 2,5 мың экология маманы даярланды. Экология саласындағы білім беру бағдарламаларының тізілі­мін­де жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары, оның ішінде ЕҰУ енгізілді. Жасыл экономика бо­йынша бірқатар пән қарастырылған. Сондай-ақ Индустрия 5.0 талаптарын ескере отырып, отандық жоғары оқу орындары біртіндеп салалық мамандандырудан алшақтай бастады және бүгінгі еңбек нарығының тренді болатын дис­пли­на­ра­лық бағдарламаларға көше бастады, – дейді Б.Төкежанов.

Конференцияда сондай-ақ «жасыл экономика» саласындағы шетелдік сарапшылар «ASTWA» ЖШҚ бас директоры Станислав Луневский, Бело­стоктағы қаржы және менедж­мент уни­­верситетінің профессоры, ЕҰУ құр­­метті профессоры Эдуард Хос­чи­лович, Белосток техникалық уни­верситетінің (Польша) қаржы және менеджмент жоғары мектебінің ректоры Миколай Томулевич, медици­на жоғары мектебінің канцлері (Поль­ша) Мауриццио Аккиари, Физика кафе­драсының қауымдастырылған профессоры, Милано Бикокка университеті (Ита­лия) «Қоршаған ортаны талдау және ақ­параттық технологиялар» ғы­лы­ми-зерт­теу институтының директоры (Германия) Вольфрам Шарф және басқалар сөз сөй­леді.

Конференция жұмысына Польша, Италия, Словакия, Түркия, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Ресейден келген шетелдік сарапшылар, сондай-ақ Қазақстан ғалымдары, ми­нис­трліктер мен ведомстволардың, бизнес-құрылымдардың қызметкерлері, ғылыми қызметкерлер, ғалым-эконо­мис­тер, экологтер, энергетиктер, эконо­ми­калық жоғары оқу орындарының докторанттары мен бизнес-мектептердің тың­даушылары қатысты.

Айта кету керек, осы жылдың 21 қа­занында ел Президенті «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келі­сімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Қазақстанның келісімге қо­сылуы жаһандық жасыл өсу институтына кірген елдермен жаһандық жасыл өсу саласындағы ынтымақтастықты ны­ғайтуға мүмкіндік береді.