Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) SKILLS UP атты өңірлік жастар хакатондарының легін өткізуді бастады.
Хакатон деп отырғанымыз ағылшынның «hacker» және «marathon» сөздерінен құралған, бағдарлама жасақтаушылардың, бағдарламалармен қамтамасыз ету саласының түрлі мамандарын біріктіре отырып, қандай да бір мәселені шешу мақсатында ортақ іс үшін ұйымдастырылатын шара.
Біздегі хакатондар – ХХІ ғасыр дағдылары мен құзыреттері туралы хабардарлықты арттырып, жастарды STEM (жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия және математика) мамандықтарына тартуды, цифрлы және кәсіпкерлік машықтарды дамыту арқылы өмірдің оң сценарийлеріне құлшындыруды көздейді.
Жаһандық білім индексіне сәйкес, бүгінде Қазақстан 154 елдің ішінде 78-ші орында тұр. Елде біліммен қамтудың деңгейі жоғары болса да, ҒЗТКЖ мен инновациялар бойынша көрсеткіштер де көңіл көншітпейді (154-тен 124-ші орын). Қазақстандағы түрлі салалар мен компаниялардың машықтарға деген сұраныстары мен жастардың қандай білімді игеретіні арасындағы алшақтық айқын көрінеді. Құбылмалы әлемде еңбек нарығына қазіргі сын-тегеуріндердің инновациялық және технологиялық шешімдерін ұсына алатын мамандармен қамтамасыз ету міндеті Қазақстан үшін де өзекті.
«Бүгінгі таңда білімге негізделген өсу адам дамуының негізі, жаңалықтар мен инновациялардың қозғаушы күші болып отыр. Сондықтан ұлттық әріптестерімен бірге БҰҰДБ басты дағдыларды, технологиялық беталыс, инновацияларды, сондай-ақ білімге негізделген экономиканы құру үшін білім беру қызметтерін ұсынудың жаңа тәсілдерін талқылау үшін Білім апталығы платформасын құрып отыр», дейді Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.
Ал SKILLS UP жастар хакатоны биыл желтоқсан айында БҰҰДБ қолдауымен өтетін 2022 Ұлттық білім апталығының негізгі кезеңдерінің бірі. Бірінші өңірлік хакатон Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде өтсе, келесі үшеуі Түркістан (10 қараша), Қарағанды (14 қараша) қалалары мен Шығыс Қазақстан облысында (16 қараша) өтпек. Әрбір хакатонда үш жеңімпаз топ анықталып, іріктелген 12 топ Алматы қаласында өтетін шешуші сайыс кезінде бас жүлде – стартапты іске асыруға арналған грант үшін күресу мүмкіндігіне ие болмақ.
Өңірлік хакатондар қарсаңында тіркелген 500-ден астам қатысушы онлайн-қарқынды білім беру апталығына қатысты. Олар үшін идеялар мен гипотезаларды тексеруден бастап бизнес-модельдер мен прототиптер жасауға дейінгі, нөлден бастап стартап құрудың шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сонымен қатар интенсив кезінде монетизация стратегияларын құру, no-code әзірлеу және Arduino-да прототиптеу бойынша сабақтар өткізілді.