• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Қараша, 2022

Қаһарман қыз

1643 рет
көрсетілді

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақтан шыққан алғашқы әскери-ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына жүз жыл толды. Бұл шара республика көлемінде өз деңгейінде атап өтіліп, туған өлкесі Атырау халықаралық әуежайына батыр қыздың есімі берілді.

Жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Екінші дүниежү­зі­лік со­ғыста Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...» – деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдары бағаланбай қалғаны жайлы жазған еді. Десек те, қан майданда көрсеткен ерлігі үшін қанатты қыз Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын иеленсе, 2004 жылы Президент Жар­лығымен Хиуаз Доспановаға рес­публикамыздағы ең жоғарғы марапат – «Халық Қаһарманы» атағы берілгенін білеміз.

Осы орайда, газет оқырмандары үшін тың мәлімет, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 1 қаңтар күнгі жылашар санына әскери тілші Сағынғали Сейітовтің «Майдандағы қызыл әскер газеті – майдан хақихатынан» атты руб­рикамен «Қанатты қыз» дейтін әсерлі очеркінің бірінші бөлімі жарияланса, оның жалғасы газеттің 7 қаңтар күнгі нөміріне басылған екен. Бұл жазба батыр қыздың өмір-тарихын зерттеушілер немесе атал­ған тақырыпқа қатысты де­­рек жинап жүрген адамдар үшін өте құнды. Және бұл құжат дәл майдан үстінде, әрі жауынгер қыз­­дың өзінің қатысуымен жа­зыл­ғандықтан уақыттық тұрғы­дан шынайылығымен бағалы екені анық.

* * *

Жасы отызға иек артып қалған сақа жауынгер, кәсіби тілші Сағынғали Сейітов майдан жазбасын былай деп бастапты: «Таныса келе әңгіме өрісі ұзай берді. Көп нәрсенің басы шалынды. Әсіресе әдебиет, тарих мәселелері едәуір сөз болды» дей отырып жауынгер қыз Оралдағы № 1 орта мектепте оқып жүргенде Жамбылдың жырларын жаттағанын, оқушы біткен бас қосып сауық кеш өткізгенде оның толғауларын жатқа айтқанын, қысқасы батыр қыз жасында аса жыр құмар болып өскені жайлы әңгіме өрбітеді.

 – Сол сәтте телефон шылдыр ете түсті. Құраманың саяси бөлімінен хабарласқан екен. Ертең комсомол бюросы мүшелерінің мәслихаты болмақ екен. Қанатты қызды соған шақырыпты, - деп жазады С.Сейітов. – Ол орнына келіп отырысымен әңгіменің үзілген жерін қайта жалғай жөнелді. «Сізде Абайдың жинақтары жоқ па?» деді де, ақынның туғанына 100 жыл толу қарсаңында істеліп жатқан шараларды сұрай бастады. Ол «Абай» кинофильмі түсіріліп жатқанын естігенде сүйсіне сөй­леп: – Бұл әлдеқашан қолға алатын іс, бірақ игіліктің ерте-кеші жоқ. Мысалы, Украинада Тарас Шевченконы білмейтін кісі некен-саяқ. Осетиндерге барсаңыз Коста Хетагуровтың суретін барлығы төріне іліп қояды. Абайды Қазақ­станның төрт бұрышы түгел біле­тіндей, бүкіл Советтер Одағы тегіс танитындай ету керек.., – деп ой толғаған батыр қыздың батыл пікірін жазыпты Сағынғали аға.

Мақала әрі қарай қазақтың тағы бір батыр қызы Мәншүк Мәмето­ва жайлы өрбіген екен. Өйткені Мәншүк пен Хиуаз екеуі де Орал­дан, тіпті бала кезінде көрші тұ­рыпты, дос болыпты. Сондай-ақ қанатты қыз қазақ тарихын ерекше жақсы көретінін айтыпты. – Тарих пәні менің сүйіп оқитын сабағым болды, – дейді Хиуаз. – Мәскеудің бірінші дәрігерлік ­институтында оқып жүрген ке­зімде, үлкен тарихшылардың лек­ция­сын тыңдауға барушы едім. Туған халқыңның өткен тарихын білу қандай жақсы...

* * *

«Гвардия лейтенанты Х.Дос­панова басқалар жайында іркілмей сөйлесе де, өз жайына келгенде пышақ кескендей тиыла қалады. Оның салмақтылығы, жұқа қара торы өңінен көрінетін сабырлығы бойындағы жасырын қайраттың белгісімін деп тұрғандай. Сы­пайылығы мен әдептілігін сөй­леген сөзі, жүріс-тұрысы аңғарт­қандай. Өмір, жолдастық, достық, махаббат жайында терең айтып қалып отыратын пікірлеріне қарап, ақылы кемелдігін шамалап қаласың. Мінезіндегі бір ерекшелік – бүктесіні жоқ ашықтығы, турашыл, айтайын дегенін, бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Бірақ бұл қыз мінезіне жараспай тұратын дөрекілік емес ұнамды өткірлік», – деп жазылыпты мақалада.

Жазба барысы әрі қарай, батыр қыз мектепте оқып жүргенде ұшқыш болуға құмартып, аэро­клубқа барғанын, тіпті ұшқыштың оқуына барғысы келетіні жайлы тиісті орындарға өтініш бергенін айтады. Бірақ бұл ісі қолдау таппағандықтан, БЛҚЖО Орталық Комитетіне шейін арызданып, ақыры мақсатына жеткенін, бірақ оның ұшақ тізгіндеген сәті қан майданға қатар келгені жайлы айтылыпты.

«Қарындастың әншейіндегі жайдары жүзі іс, қызмет жөніне келгенде бір түрлі құбылып, қатал пішінге түседі. Кішілеу қара көзіне қарай қалсаң, айрықша бір әсерлі, қалың ойға шомған адамның қалпын көресің. Ойлы көздің әдеті. Жібектей майда шашын кейін қайыра бір тарап алады да, бетіңізге қарап аз-кем үндемей отырады. Көмейге келген сөз болса, жұп-жұқа әдемі ерні оны сыртқа шығармай бөгеп қалатын секілденді...

Қазақ ұлты бұрын-соңды мұн­дай ауыр соғысқа қатысып көрген емес еді. Еркектер жайы өз алдына. Отан соғысында қазақ­тың қарапайым қыздары ер­жүректілік пен батырлықтың адам айтқысыз өнегелерін көрсет­ті. Бұған сүйсіну де, қуану да жөн. Моздоктан Вар­шаваға шейін, Сталинградтан Шығыс Прус­сияға дейін жету жолында біздің күрескер қыздардың еңбегі аз емес. Майдан жағдайында кез­де­сетін қиындықтарға төзе білді. Еркектермен қатар соғыс сынының бәріне төтеп берді. От пен суды кешіп өтті. Тасты бас­ты, таудан асты. Бекініс дегенді бұйым көрмеді. Қасқайып ажалға қарсы шапты. Жерімізді азат еткен батырлар ішінде олар да бар», деп толғанған екен майдан тілшісі.

– Бір таңданарлық нәрсе, – деп жазады одан әрі: – Хиуаз бір тақырыпты төңіректеп ұзақ сөйлеуді жаратпайды. Бірден бірге көшіп әңгімені жаңартып отыруды ұнатады екен. Бірде әңгімені бұрып, өздерінің күнделікті тұр­мысына бет қойды. Көбіне аспан жайлап, әуеде болатынымыз рас. Бірақ мезгілімен газет, журнал, кі­тап оқып, кешке кино көріп тұ­рамыз. Ол аз десеңіз деді де қарындас төс қалтасынан кестеленген жібек орамал суырып алып:

 – Қол бос уақытта істейтін ермегім осы – деді.

* * *

Доспанованы атақты ұш­қыш Марина Раскова баулып тәрбиеледі. Оны жауынды-ша­шынды, тұманды қараңғы түн­дер­де ұшырып үйретті. Зенит зең­бірегіне, прожекторға қарсы күрес әдісіне жетілдірді. Сатыр-сұтыр жарылып жатқан снарядтар арасынан, аспан әлемін алай-бұлай кесе, тоқсан тарау жол салып ұшатын із қалдырғыш оқтар ортасынан шығып кетер «тесік» табудың жолын білгізді.

– Бәрімізге қанат бітірген сол кісі еді, – дейді Хиуаз. – Ерте ұшырды, кеш ұшырды, түн үй­ретті, күн үйретті. Марина апай осын­дай жылы жүзді кішіпейіл, жақсы адам еді. Жайшылықта көріс­кенде қазақшалап «апай» десем бейілдене езу тартып, күлетін де ол не сөз деп сұрап алатын. Арамызға келіп бізбен әңгіме құрып отыратын да, кейде жаңа шыққан әндердің бірін қоңыр үнімен сызылтып айтушы еді. «Жә, мен болдым. Енді өздерің бірдеме бастаңдар. Кәне, Хиуаз қазақша бір ән салып жібер» деп қыстайтын. Ол кісі шығыс елдерінің әндерін жақсы көруші еді.

Авиация мектебін өте жақсы бітіріп, штурман болып майданға келген күні-ақ Хиуаз командованиеден шұғыл тапсырма алды. Дұшпан әскері мен танктерін бір жерге топтап, тағы бір ұрынып көргелі жатыр еді.

Бөлім командирі картасын жазып жіберіп, Хиуазға бомбалар жерді көрсетті.

 – Түсінікті, жолдас гвардия майоры!

Түнде пилот Катя Пискарева екеуі нысананы маңдайға алып тартып отырды. Бауырымен жер сыза пыр-пыр етіп көтерілген кәдімгі «ПО-2» еді. Бұл майданшыларға жақсы таныс. Біздің жігіттер оны сүйкімімен «майдан старшинасы» деп атайды. Өйткені ол келсе, немістер тым-тырыс бола қалады, алғы шепте «тәртіп» орнайды, фрицтерге табақ-табақ «сый» тартып, бәрін «қарық» қылып кетеді. Олар мұны көргенде «жел диірмені келе жатыр» деп зар қағады екен.

Қос қыз қара түнді қақ жарып ке­леді. Нысанаға жақындай түскен сайын жүрек лүп-лүп соғып, кей-кейде ауызға тығылғандай болады. Хиуаздың гимнастеркасының төс қалтасында аса бір қымбат конверт бар. Ол – анасының хаты. Оралдан анасы Меруерттен келген. Ұшар алдында ғана қолына тиген. Әлі оқи алмай келеді.

– Жеттік, – деді бір кезде қапе­лімде қуанғаннан аузына басқа сөз түспей қалып. Оншақты бомба тастап дұшпан әскерлері мен танктері тұрған жерді күндізгі­дей жап-жарық қылып жіберді. Қараңғы түнде лаулап шыққан отты көргенде Хиуаз бен Катяның әлгінде аттай тулаған жүрегі орнына түсті. Хиуаздар сол түні таң атқанша жауды бес рет келіп бомбалады. Тастаған оқтары дөп түсіп, танктердің ойранын шығарды.

Үшінші сапарында прожектор сағымына ілігіп еді... Аспай-саспай қимылдап көзді ашып-жұмғанша солға қарай өз жөніне тартып берді. Прожектор көз жазып қалды. Тыр-тырлаған калибрлі пулеметтер қанша атқанымен титтей зиян тигізе алмай, аузын бақадай ашып жайына қалды.

Алғашқы тапсырманың кө­ңіл­дегідей орындалуы бөлім коман­дирін бір желпінтіп тастады. Сенімін арттырды. Сапарының оң болғанын Маринаға баян етерде Хиуаз әуеден әскери атағын айтып, іле-шала өзі де байқамай «апай» деп қалғаны. Тұңғыш жеңісіне құтты болсын айтқан Марина оған:

 – Қадамың баянды болсын!-деді.

* * *

Содан бері Хиуаз 300 рет әуеге көтеріліп, жауды 300 рет бомбалады. Ол Орал таулары, Тамань түбегі, Керчь бұғазын көктей сан рет ұшты. Дұшпанның бекіністерін, майданға келе жатқан күштерін, оқ-дәрі, қару-жарақ тиеген эшелондарын, өткел-көпірлерін, танк оңдайтын мастерскойларын, автомобиль колонналарын, аэродромда­рын талай бомбалады. Түн болса-ақ фрицтерге «қонақасы» жеткі­зіп жүрді. Ол бүкіл Қырым жаға­лауын, Севастопольді азат ету ұрыстарына қатысты. Жоғары Бас қолбасшысы Сталин жолдас атынан бірнеше рет алғыс алды.

Өз ісіне шебер қазақ қызы командование жүктеген тапсырмаларды әрқашан тыңғылықты орындап, абыройы артып отырды. Еш бөгет, қатер, қауіп оның бетін қайтара алмады, жүрегін шая алмады. Моздоктан Варшаваға дейінгі ұзақ жолдың ертегідей мол тарихы қалың кітапқа лайықты. Өткен күнде белгі көп. Артыңа қарасаң Хиуаз самолетінің сайрап жатқан жолын көргендей боласыз, – деп аяқтаған екен мақаласын Сағынғали Сейітов.