Қаралы қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктерге қатысып, істі болған жеті павлодарлық азамат рақымшылыққа ілікті. Олардың біреуі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатса, өзгесі – пробация қызметінің есебінде тұрғандар.
Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін сотталған жеті жерлесімізге рақымшылық жасалатын болды.
– Сотталған азаматтардың біреуі №45 түзеу мекемесінде жазасын өтеуде. Заңға сәйкес ол жақында босатылады деп күтілуде. Тағы алты адам пробация қызметінің есебінде тіркелген. Оның екеуі тағайындалған жазадан толықтай құтылса, өзгелеріне белгіленген жаза мерзімі қысқартылады. Барлық сотталушы бойынша материалдар сотқа жіберілді, олардың ісі жақында қаралады, – дейді жауапты департаменттің бастығы Әділет Мұстафинов.
Рақымшылық туралы заң талаптарына сәйкес, сотталушылар сот процесінен соң бірден босатылады. Өңірдегі қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталып, жазасын өтеп жатқандардың жас шамалары 22-ден 33 жасқа дейін. Олардың бесеуі – облыс орталығының, қалғандары аудандардың тұрғындары. Үшеуінің отбасы бар. Қылмыстық кодекстің 272-бабына сәйкес, бұл азаматтарға әртүрлі мерзім тағайындалған.
ПАВЛОДАР