18 қазанда Қызылорда және Арал қалаларында «А» арнайы мақсаттағы қызметті жұмылдырумен, сондай-ақ прокуратураның қатысуымен іске асырылған арнайы операция барысында өңірлік ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 қатысушысы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынышты және солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болғандар бар.
Тінту жұмыстары барысында олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қарудың бірнеше түрі, «ұрылар кассасының» сметасы, есірткі заттары, сонымен қатар тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де заттар мен құжаттар табылды.
Қолға түскендер қылмыстық топ құру, басқару және қаражаттандыру, бопсалау сынды ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген.