Қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлектерімен және курсанттарымен кездесу өткізді.
Қорғаныс министрлігі 2011 жылдан бері Қарулы Күштердің сапалы офицерлер корпусын қалыптастыру жөніндегі бағдарламаға сәйкес, жоғары оқу орындары түлектерінің тағдырын жіті қадағалап отырады. Бұл жолғы кездесуге 2020 жылы әскери институтты бітірген, қызметте жетістікке жеткен және жоғары лауазымдарға тағайындалған 12 офицер шақырылды.
Институттан соң олар түрлі лауазымдар атқара жүріп, тәлімгерлерінің сенімінен шыға білгенін айта кету керек. Жиналғандарға жас офицерлердің қызметтегі жетістіктері туралы бейнероликтер көрсетілді.
– Бүгін біз әскери оқу орнының үздік түлектеріне құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Осыдан қырық жыл бұрын сіздер секілді мен де Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіне оқуға түсіп, көптеген офицер сияқты 1987 жылы бітіріп шықтым. Өмірде АВОКУ түлегі деген абыройлы атақты лайықты алып жүрміз, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Ведомство басшысы сондай-ақ мәдениеті жоғары, ұйымдастырушылық қабілетке ие үздік түлектер өз ісінің нағыз кәсіпқойлары еліміздің Қарулы Күштерінде жүргізіліп жатқан реформалардың локомотивіне айналатынын атап өтті.
– Қазақстан армиясының болашағы сіздер. Сол себепті Қарулы Күштерді одан әрі дамыту, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кепілі боларлық әскери білімнің барлық спектріне ие болуларыңыз керек, – деді қорғаныс ведомствосының басшысы жас офицерлерге.
Кездесуде Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі аға лейтенант Темірлан Дәуренбекұлы сөз сөйледі. Ол өздеріне жан-жақты білім берген оқытушылар құрамы мен командирлерге алғысын білдіріп, қорғаныс министріне жас офицерлердің жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын екенін және Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі атағын лайықты алып жүруге бар күшін салатынын жеткізді.
Жиында әскери оқу орнының түлегі аға лейтенант Диас Нұриаменнің анасы Әсем Балапанова сөз алып, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының ұжымына ризашылығын білдірді.
– Менің ұлым 2020 жылы институтты қызыл дипломмен бітірді. Мен оның Қарулы Күштер қатарында қызмет атқаратынын мақтан тұтамын. Отан қорғау оңай жұмыс емес. Ашық аспан астындағы бейбіт еліміз гүлдене берсін, – деген Әсем Балапанова барлық аналарға ақ тілегін жеткізді.
Жас командирлер «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл» естелік белгісімен марапатталып, оларға армияның құрылуы мен қалыптасуы туралы кітап тапсырылды.