• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қараша, 2022

Теңізші болу – абырой

332 рет
көрсетілді

Қазақ әскері ата-бабадан қалған жауынгерлік рухты жоғалтпай келеді. Бүгінде әскеріміз заманауи техникамен, қару-жарақпен қамтылған. Елімізде Қарулы Күштердің бірнеше түрі бар. Ең жас әскер түрі – Әскери-теңіз күштері. Әскери-теңіз күштері 21814 әскери бөлімінің аға матросы, мерзімді қызметтегі әскери қызметші Ернұр Ғалымжановты әңгімеге тарқанымызда ол теңізші болу бала кездегі арманы екенін айтты.

Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауы­лында мұғалімдер отбасында дү­ниеге келген Ернұрдың әкесі тарих пəнінің мұғалімі, ал анасы баста­уыш сыныптарға сабақ береді екен. «Достарым мені ата-анам секілді мұғалім болады деп ойлайтын. Ал менің арманым – теңізші болу еді. 2021 жылдың қараша айында Ақтау қаласына Әскери-теңіз күштеріне әскерге шақырту алдым. Сол кезде балалық арманымның алғашқы баспалдағына қадам басқандай болдым. Қазір сол арманым орындалды. Жаныма жақыны – әскери теңізші. Әскери қызметімді де осы саладан бас­тап келемін. Алдағы уақытта осы мамандығымның шыңына шығып, жерімді қорғайтын мықты теңізші болсам деймін. Бізде бос уақыт болмайды. Үнемі оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі, алайда әр саланың өз қызықтары көп», дейді жас теңізші.

Ернұр әңгіме барысында әкесі Даниярдың жиі айтатын ақыл-кеңесімен де бөлісті. «Əкем ылғи «балам сенің өмірдегі бас­ты мақсаттарыңның бірі Отанға қызмет болуы керек» деп айтатын. Асқар тауым – әкемнің осы сөздерінен кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге еш ойланбас­тан келдім. 2018 жылы мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы жоғарғы медициналық колледжіне емдеу ісі – фельдшер мамандығына оқуға түсіп, бұл оқу ордасын 2021 жылы аяқтадым. Бұл сала бо­йынша қызмет атқару – уақыттың еншісінде», дейді алдағы жоспары туралы теңізші.

Ернұр Ғалымжанов Әскери-теңіз күштеріне шақырылғаннан кейін 2022 жылдың қаңтар айында 21814 әскери бөлімінің «Орал» зымыранды артиллериялық кемесінің зымыранды артиллериялық жауынгерлік бөлімінің аға маманы лауазымына тағайындалады. Қарулы Күштерде өтетін оқу-жаттығуларға белсенді қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп те үлгерген. Жас теңізші әлемнің әскери қызметшілері бақ сынайтын Халықаралық армия ойындарына да қатысқан. Естеріңізде болса, бұл ойындарда келісімшарт бойынша білікті, тәжірибелі әскери қызметшілер мен офицерлер бақтарын сынайды. Сондай әскери сайыстардың бірі – 2022 жылы тамыз айында Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен «Теңіз кубогы». Осы жарысқа Ернұр мерзімді әскери қызметші ретінде қатысып, жүлделі 2-орынды жеңіп алған. Бұл жайында әскери қызметкердің өзі: «Осы жүлдені Отан алдындағы борышымды өтей жүріп жеткен жетістігіміз деп есептеймін. Әскерден көп нәрсе үйрендім. Бастысы – әскери тәртіп. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды», дейді. Әскер үшін темір тәртіптің маңызды екенін түсіндім. Жоспарлы дене шынықтыру да сүйікті ісіме айналды. Бұл айтылғандар әскерден үйренгендерімнің бір бөлігі ғана. Жауға бермес жауынгерлік достарымның орны бір бөлек. «Әскери өмірдегі достар – мәңгілік» деп отырушы еді әскерде қызмет еткен ағаларымыз. Себебі 1 жыл бойы ортақ қазаннан ас ішіп, казармада бір үйдің балаларындай болып тұрып, қызметтің қиындығы мен ауыртпашылығына бірге тө­зіп, қуанышты бірге бөлісіп келе­міз. Жауынгерлік достарыммен сыйластығымыз әрі қарай жал­ғасатынына кәміл сенемін», дейді.

«Әскерде жүріп ата-ана мен жақын туыстардың әрқайсысының орны мен қадірін түсіндім» деген сарбаз әскери тәртіптің барлық нәрсені орнымен, уақытымен қолдануды үйреткенін айтады. «Бала кезімізде ағаларымыздың әскерден алып келген альбомына қатты қызығатынбыз. Ал менің қазіргі басты мақсатым – Отаным үшін қызмет ету. Әскерге дайындық отбасынан, мектептен басталатынына көзім жетті. Біз әскери антымызға берік болуымыз керек. Еліміздің әр азаматы осы елдің ауасын жұтып, суын ішкеннен кейін Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген рухты сөз арқылы іні-бауырларымды әскери борышын өтеуге шақырамын», дейді теңізші Ернұр.

 

Мұхит ҚОНАРОВ

 

Маңғыстау облысы