• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Сұхбат 10 Қараша, 2022

Гүлзейнеп Сәдірқызы: «Егемен» – өмірім, Шерағам – ұстазым!

1435 рет
көрсетілді

Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай жарияланған «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық мәртебелі байқаудың бас жүлдесін «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі, қарымды қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызы («Жас жесір» әңгімесі мен «Шерағаның қызыл шапаны» эссесі үшін) жеңіп алды. Төменде Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі Гүлзейнеп Сәдірқызымен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Әріптестер арасында Гүл­зейнеп Сәдірқызы «Айды аспанға шығарып Шерағамның 90 жылдығында бас жүлдені жеңіп алды» деген дүрілдеген әңгіменің арыны әлі күнге дейін басылмай тұр. Біз мұны қалам ұстаған қауымның өзіңізге деген шынайы құрметі мен шын ықыласы деп ойлаймыз. Тағы да... құтты болсын айтамыз!

– Рахмет. Көп құттықтау, мадақ­тау естідім, естіп те жатырмын... «Ана тілінің» бас редакторы, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың бас бәйгеге қатысты Шерағамның туған жері Жуалыда маған арнап айтқан «Бүгін расында да ақиқаттың ақ туы көтерілді. Шерағаңның аты аталған жерде тек шындық жүруі керек қой. Шіркін, Шерағаңның рухы» деген сөзі ұнады. Расында да, шындық атаулының алмас қылышындай жарқылдаған Шер­хан Мұртазаның атындағы бәйгеге – ұлы дүрмекке қо­сыл­ғандағы бар ойым, ұлы сурет­кердің, ұлағаты ұлан-ғайыр ұс­тазымыздың рухын көтеруге арналған игі шарадан шет қалмай, ілтипатпен үлес қосу ғана болатын. 

Өте танымал бір ағамыз сол тойда маған алая көз тастап, мені танымайтынын аңғартып, мысалы, «мені күллі қазақ біледі, сен кімсің, қайдан шыққансың?» дегенді астарламай ашық жеткізді. Қатты ыңғайсызданып қалдым. «Мен «Егемен Қазақстанның» бұрынғы тілшісімін, Шерағаңның шәкірттерінің бірімін» дедім. Әлгі кісі сабасына түскен сы­ңай­лы. Шіркін, «Егеменнің», Шер­ағамның мысы-ай десеңізші, әйтпесе, әлгі ағамыз таптап кетуге әзір тұр. Енді бірі «Бас жүлдені қалай алдың...» деуден де тайынбады. Сонда қалай бас жүлдені өздерінен басқалар алмауы керек пе... Түсінбедім...

– Қарақыздың «Егемен Қа­зақ­станда» қара қылды қақ жа­рып, ақиқаттың жаршысы болғанын білмейтін болды ғой ол ағамыз. Ал жарайды, біл­мей­тіндерге білдірейік, жалпы сіз «Егемен Қазақстанға» қа­лай келдіңіз, әңгімені содан бас­тайықшы?!

– Осы киелі шаңырақта табан аудармай 45 жылдан астам уақыт қызмет етіппін. «Социалистік Қазақстанға» тарыдай болып кіріп едім, «Егемен Қазақстаннан» тау­дай боп... зейнет демалысына шықтым дейтінім бар. Туған ауылы­м Ақтеректен мектеп бі­тіріп Алматыға шыққандағы бар ойым – экономист-қаржыгер болу еді. Байқауда балым жетпеді. Бір жылды құр өткізгенше деп стенографистер училищесіне түстім. Үздік бітірдім. Оқуды тәмамдаған 30 қыздың ішінде үш қыз ғана нағыз стенографистка деген атақ алдық та, қалғандары машинка басумен шектелді. Ол кезде бүгінгідей жур­налистердің қолында диктофон жоқ. Барлық жиналыс, съезд, талқылауды сте­нографист ма­ман­дар ғана хат­тайтын. Қазақ ра­диосының «Шалқар» редакциясына жолдамамен келіп, іске қызу кірісіп кеттім. Бірде «Социалистік Қа­зақстан» газетінің редакциясы Талғарда өткен сот процесінің стенографиясын түсіріп беруімді өтінді. Тап-тұйнақтай етіп жа­саған қызметім қатты ұнағаны ғой, сол кездегі газет редакторы Сапар Бай­жанов жұмысқа ма­мандығым бо­йынша ойланбас­тан қабылдады. Сөйтсем, жастары жетпістен асқан редакциядағы қос апама «орнын басар» керек боп тұрған сәт екен. Қазақ сте­нографиясының негізін сал­ған Данабике Байқадамова мен әйгілі мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың келіні Мәриям Исае­ваның кәсіби шеберлік тәр­биесін көріп үлгердім.

– Күнделікті шығатын респуб­­ликадағы бас басылым­ның сте­нографисіне тілшілік жазу-сы­зуға сіңісу оңай бола қоймасы анық. Уақыт тап­шы­лығын қа­лай жеңіп жүр­генсіз?..

– Кішкентайымнан әдебиетке құмарлығым бір төбе, қан майданда көп қиындық көрген соғыс ардагері әкем жарықтық өте сауат­ты кісі болатын, аудандық газеттен бастап, еліміздегі барлық га­зет-журналға бір айлығын төлесе де бірін қалдырмай жазылып тұратын. Ол басылымдарды біз де «кеміріп» оқыдық. Осының барлығы менің шығармашылық ортаға тез бой үйретуіме септігін тигізді. Талпынып, ізденіп мақала жаза бастадым. Өзіміздің ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп те алдым. Ара-тұра әңгіме жазуға уақыт тап­тым... Газеттегі екінші редакторым Балғабек Қыдырбекұлы, ол кезде бірінші орынбасар қыз­метінде еді, менің журналистік талабымды байқап қалды да бірде өзіне шақырды. «Қарағым, жазғандарыңды оқып жүрміз, жап-жақсы дүниелер, өкініштісі... сені бөлімге қызметке ала алмаймыз. Тілші табылар, бірақ сендей стенографист маман таба алмаймыз. Дегенмен саған «стенографистка-журналист» деген куәлік берейік, тиісті орындардан дерек алғаныңа жеңіл болсын. Жазуыңды да тоқтатпа» деді. Қызметте қатал өте кірпияз әрі төңірегіндегі қызметкерлеріне өте әділ қараған Балғабек аға – газеттегі екінші редакторым, жарықтық анам дүние салғанда үшінші редакторым Шерхан аға екеуі үйге көңіл айтып келді. Сондағы Балғабек ағаның айтқаны есімде қалыпты: «Гүлзейнеп, айналайын, саған обал жасаппын... Мына Шерхан менің қателігімді түзеді...

– Ал ендеше, міне... үшінші ақиық редакторыңыздың ауылына да ат басын тірелік, сіздің ба­сылымдағы «жасындай жар­қыл­дайтын» кезіңіз де осы тұс қой, қателеспесем...

– Сең сол үшінші редактордың келуімен бұзылды ғой... Мен ғана дейсіз бе, сол жылдары қан­шама қазақтың мықты жур­налистері осы газеттен түлеп шықты, қуаты төңкеріс жасайтын қаншама мақала дүниеге келді. Газетіміз нағыз та­рихи құбылыстың қозғаушы кү­шіне айналды. Қаншама қо­ғам­дық, мемлекеттік институттар айлап-жылдап шешетін ұлттық мүддеге қатысты көкейкесті мәселе­лерді бір ғана «Егемен Қазақстан» газе­тінің редакциясы – оның қай­сар редакторы қысқа мерзім ішінде «төңкеріп, шешіп» тастады. Халықтың аузында «Егемен» мен «Шерхан, Шераға...» жүрді. Бүгінгі «Шерағаңның шекпенінен шыққандармыз» дейтін бір буын дәл сол жылдары қанат қаққандар. Қызметкерлерін тың тақырыптар, күйіп тұрған проблемалар жазуға үндеп, «тірі дүниелер... тірі дүние­лер әкеліңдер» деп отыратын еді, жарықтық, редакторлардың редакторы атанған Шерағамыз. Көп ұзамай-ақ газет басқа реңк ала бастады. «СҚ-ның» сірескен сеңін бұзып: «Сендер жазуын жазып, айтуын айтсаңдар, бас­пасам маған серт» деп, жоғары жаққа жалтақтамай, «үлкен үймен» ақылдаспай небір өткір проблемалық мақала, фельетондарды басып, Орталық Коми­тетке шақырса өзі барып, мақаланы да, авторды да қорғап шығатын.

– Журналисті танытатын оның жазғаны ғой, сіз бен біз бұл қағи­даны жақсы білеміз. Талабы да талғамы да зор қа­лам­гердің назарына сіз қалай іліктіңіз? Ол кезде бұрынғы әрі партияның, әрі мемлекеттің үнқағазына ай­налған бас газе­тімізге қыз бала­ларды техни­калық қызметке қабыл­дама­са, тілшілікке алудың қи­ындық­тары болғаны басы ашық жайт еді ғой?!

– Менің ең алғашқы «Әйел жаны» атты әңгімем «Қазақ әде­биеті» газетіне Шерхан Мұр­таза сонда редактор болып тұрған кез­де басылды. Кейін біздің газетке редактор болып келгенде бұған дейін жүзбе-жүз кездес­пеген ағамыз кезінде әңгімемді жылы қабылдаса керек, «Е, сол әңгімені жазған сен бала екенсің ғой» деп, қабағын керіп тұрып айтқаны бар. Көп ұзамай Шерағаң өзі жақсы көретін, ақ мылтық журналист Қайнар Олжайды шақырып: «Осында істейтін ана Гүлзейнептің әйел туралы жазған жақсы бір әңгімесін білемін. Сол балаға әйел тақырыбына қатысты тапсырма беріп көрші» деген ғой. Өзім үшінші перзентімді ауыр босанып, перзентханадағы сорақы жағдайды басымнан өткізіп, жұмысқа жаңа ғана шыққан кезім. «Перзентхана пердесі... та­лай сырды бүркеп тұр...» деген сериялы мақалам газеттің үш нөміріне басылды. Шерағаң сосын Қайнарға: «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп көрсінші» деп сәлем айтыпты. Ауылда өскен әрі қойшының келіні болғандықтан, шопан әйелінің бейнетін жақсы білемін, «Айдалада ақ отау...», сосын көпбалалы аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?» деген көлемді проблемалық мақалаларым жа­рық көрді. Енді тағы бір тапсырма бергісі келіп шақырғанда Қайнар: «Шераға, қызықсыз, ол кісі техникалық қызметкер, тапсырма беруге құқымыз жоқ, одан да хат бөліміне тілші етіп алып, жұмсай берейік те» дейді. «Е, мұның жөн екен, бұл балаға обал жасамайық» деп, сөзге келмей мені бөлімге алды. Шерағаң мені әбден сынап, өз елегінен өткізіп, жарау аттай дайындап барып, әдеби қызметкер етіп алғанына арада отыз жыл өтсе, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанның» бір ға­сырлық жылнамасында жарты ғасырға жуық шежіресіне тікелей куә болғаным, оған хал-қадерімше үлесімді қосуым – әркімнің пеше­несіне жазыла бермейтін мүмкіндік, бақ деп білемін.

– Осы орайда «Егемен Қа­зақ­­­станның» күллі ұжымы – бұрынғы, кейінгі буыны осы күнге дейін әсте аузынан тастамайтын сізге қатысты «қызыл шапан» туралы естелікті жаң­ғыр­­тудың орайы кеп тұр, қалай қа­райсыз?

– Иә, иә... ол да бір қызық дәурен, ұмытылмас күндер! Бірде газетте бас редактордың орынбасары, белгілі қаламгер марқұм Сабыржан Шүкірдің «Кіші октябрь» деген атақты сын мақаласы жарық көрді. Онда Алматы облысы, Шелек ауданы Сарыбұлақ кеңшарының директоры заңсыз қызметінен алғандығы жөнінде айтылып, автор өз кейіпкерін ақтап шығады. Мақала Орталық Комитетте қаралып, кеңшар директоры қайта қызметіне кіріседі. Міне, сол кеңшар басшысы «СҚ»-ға алғысы ретінде бүкіл ұжымды ауылға шақырып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге тек шығармашылық топ бармақ. Сабыржан ағай маған келіп: «Қара­қыз, кездесуге сен де жүр. Шерағаңа әлі үйренісе алмай жатырмыз... Ұжым Шерағаңмен алғаш рет кездесуге бара жатыр. Оқырмандарға дом­бырамен ән салып берсең... – деп қолқалады. Өзім де декреттік демалыстан жаңа шығып, ұжымды сағынып келген кезім, келісе кеттім.

Былайша айтқанда, алыстағы бір ауылда оқырмандармен кездесуден кейінгі дастарқан басында «Шерағаңмен кездесу... ұжым­ның бас редакторымен алғаш рет жақын жүздесуі» дейікші... бас­талды. Жұрт тым-тырыс. Төрде Шерағаң мен Шелек ауданы дөкей басшыларының бірі отыр. Анда-санда ғана Шерағаң фототілші Сиез Бәсібеков ағайды «Бұл Сырым Датұлының ұрпағы...» деп сөзге тартады. Әншейінде отырыстарда әзіл-қалжыңның майы­н тамызатын ағайлар момақан. Шерағаңның мысы-ай... Әнші Нұрлан Өнербаев арасында гитарамен ән салып қояды. Содан бір кезде Шерағаммен қатар отырған аудандық атқару комитеті төр­ағасының алдына ыс­тық шай құйылып кетпесі бар ма. Төраға өте ыңғайсыз жағдайда. Ешкім «ләм-мим» демейді.

Мен өзі мінезім ашық, әзіл-қал­жың жаныма жақын болған­дықтан, ешкімді жатырқамай еркіндеу сөй­лейтінім бар. Кейде осы мінезімнің пайдасы болса, кейде артық кетіп қалдым ба деп өзімді жек көретін кездерім де жоқ емес. Дастарқан басында өлі тыныштық. Мына үнсіздікке шыдамай, не болса ол болсын дедім де: «Ау, төраға, күйіп қалған жоқ па? Аман ба? Бол­маса ертең «СҚ»-ны айыптап жүрерсіз», – дегенім сол екен, әзер тығылып отырған жұрт ду күл­сін. Шерағаңның еркелей күлетін күлкісі бар екен, тоқтамай күліп жатыр. Содан әңгімені іліп алып, аттың басын жіберейін. Бір кезде Шерағаң: «Волчица! Мына бала қасқыр ғой...» деп сұқ сау­сағымен асқан ризалықпен мені нұсқады. Одан әрі еркінсіп, арасында домбырамен де, гитарамен де ән салып қоямын. Отырыс қызып, емен-жарқын әңгіме кетті. Шерағаң татарша ән айтып, бір есте қаларлықтай әдемі кеш болды.

Қайтып келеміз. Гу-гу әң­гіме. Көңілдіміз. Жолға сарқыт алғанбыз. Арамызда сол аудан­ның қызы, тілші, марқұм Сәуле Ілімтонова: «Жігіттер, осы күре жолдың бойында Бүркіттің ескерткіші қойылған суағарға тоқтап, бір демалып алсақ» деген. Межелі жерге жетіп, жігіттер сарқытқа бас қойғанда, су алуға алаңқайға шықсақ, Шерағаңның көлігі тұр. Бұрынғыдай емес жігіт­теріміз де батылданып алған, Шер­ағаңды қаумалап ортаға алып, тұра-тұра қалды. Шерағам жүргізушісіне «шапанды әкелші» деді. Жүргізуші жүгіріп барып әкеле қойды. Сосын жайлап: «Ал жігіттер, бүгінгі кездесу де, отырыс та жақсы өтті. Қызым, бүгін сізге өте риза болдым. Баяғыда Нарынқолдан бір топ жазушы келе жатып, осы Бүркіттің басында Ғабең – Ғабит Мүсірепов үлкен жиыннан киіп келе жатқан шапанын, «осы қарабалаға кигізсем» деп, иығыма жапқан еді. Бүгін мен сол дәстүрді жалғастырып, шапанымды қарақызға жапсам деймін. Айтыңдаршы, бүгін осы қызымыз отырысты гүлдендіріп жіберді емес пе» деп иығыма қызыл шапанын жапты.

– Расында да ғажап есте­лік... Көзі қарақты қауым, оның ішінде қалам­дас-әріп­тестеріңіз со­нау 1991 жылғы Тәуелсіздіктің елең-алаңында сіздің Ленинград шаһарына барып «Ту ету мен тұл ету» ат­ты жазған сериялы ма­қа­ла­ңыздың дүмпуін осы күнге дейін ұмытқан жоқ. Бүгін сол бір қызықты оқиғаны еске ал­ға­ны­мыз орынды болар дей­мін?!

– 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, социалистік жүйе күйреп, рес­публикалар тәуелсіздік ала бас­таған тұста тарихи тұлғалар туралы әрқилы пікір айтыла бастады. Осы арада Санкт-Петербургтегі Жамбыл атындағы көшенің атын өзгерту керек деген белгілі бір топтың елді дүрліктірген келеңсіз пікірлері туралы Қазақ радиосының кезекті хабарынан естіп қалдым да, редакцияға жет­кізгенім сол, Шерағам ісса­парға аттандырды да жіберді. Бөлім бастығым белгілі журналист Рысбек аға Сәр­сенбайұлы Жамбыл бабамыздың зиратынан «қандай заман болады, шүберекке бір уыс топырақ түйіп алуымды» өтінді. Сол топырақты өмір­де көрмеген жат қалада кезінде соғыста «Ленинградтық өрен­дерім» атты уытты жыры елге қор­ғаныс-қалқан болған Жамбыл атындағы көше бойындағы гүлзарда өсіп тұрған жас талдың түбіне салып тұрып, аруақтардан ендігі бей­берекетсіздіктен атамызды қорғауға ниет еттім. Содан салып ұрып, Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы ономастика жөніндегі комиссияға келсем Г.Никитенко деген: «Егер Ленинград қаласының аты өзгеріп жатса, Жамбыл көшесінің аты өз-өзінен алынып қалады. Ал 1978 жылы берілген Ә.Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі біздер осы есімді айтқанда да, жазғанда да қат­ты қиналамыз. Ол қызға ілін­ген тақта да жеткілікті. Ал Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болғаны рас. Біздің әдебиетшілер «өлең аударма, оны кімнің жазғаны белгісіз» дегенді айтуда» деп сайрап тұр. Шамам келгенше айтысып, осы көшеге иелік жасайтын аудандық атқару комитетінде болып, жағдайды айттым. Қарақыздың Қазақстанға құр қайтпайтынын сезді ғой деймін, ондағылар да жергілікті халықпен бірге екенін айтып, шат-шәлекейі шықты.

Осы екпінмен Әлия оқыған Ә.Молдағұлова атындағы №140 орта мектепке барайын. Мұражай болған сыныпқа кіргенімізде оқушылар мұрны тесіліп, аузы ойылған, беті сызылған Батыр әп­кеміздің бюстіне кезек-кезек се­кіріп мініп, тайраңдап жүр. Му­зейдің бүкіл заттарын радио­рубкаға тығып тастаған. Директордың теріс әрекеттерін айтып, Ленинград қала­лық ат­қару комитеті жанын­дағы Му­зей мен көркемсурет өнері бас­қармасының бастығы Б.На­зарцев дегенге кіріп, өзім куә болған сорақы жағдайды жеткіздім. Көзі атыздай болды. Ақталып әлек. Қысқасы, «Егемен Қазақстанда» 1991 жылы 30 тамызда жария­ланған «Ту ету мен тұл ету» атты сериялы мақалам елімізде де, Ресейде де үлкен қоғамдық пікір туғызды. Көп ұзамай құ­ра­мында Красногвардейск аудан­дық мәдениет комитетінің төрайымы, сол ауданның халыққа білім беру комитетінің төрағасы бар арнайы делегация Алматыға келіп, екі мәселе де шешілді. Бүгінде «Бұл тұйық көше – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ленинградтықтардың ерлігін жырлаған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне аталған» деген тақта ілініп, өзіміз көрген гүлзарда Жамбыл баба­мыздың ескерткіші орнықты.

– Әрине, керемет, мына ісіңіз ерлікке бара-пар... Менің таң­ғалып отырғаным – барлық тіл­шілік істеріңіз айбынды бас редактор Шерағамның ақиқат жо­лын­дағы редакторлық күре­сі­мен сондай бір жарасымды үй­лесіп тұрғандығы!

– Айтпаңыз, ақыры бастап қалдық, одан кейінгі жылдары 21 жастағы бейкүнә қыздың қазасына орай «Соқтасы солқылдаған сыз­дауық» атты сын мақалам Ден­саулық сақтау министрлігін тәубе­сіне түсірген. Сол кездегі Баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаев «Егеменнің» сол нөмірін қолына ұстап тұрып, талай басылымға үлгі етті. Мақ­танды демеңіз... Қандас­тары­мыздың проблемасы туралы «Көш-керуен кері бұры­лып кетпесе екен...» деген мақаламның негізінде Парламентте депутат Әкім Ысқақтың бастамасымен тұңғыш рет қазақ тілінде заң мәтіні қабылданды. Министр Коржова шарасыздығын мо­йын­дады. Қандастарымыз тарихи Отанын­да тұңғыш рет өздерін өз елінде жүргендей сезінді! «Мәншүк неге екі рет жерленді?» деген мақаламмен таныссыз ба? Неге екі рет жерленді, а? Айналып келгенде осының бәрі-бәрі даңқты Шер­ағамның редакторлық мек­тебінің арқасы!

– Соңғы бір сауал, жур­налистің қолынан қаламы түспейтіні ақиқат... Дей тұр­ған­мен дәл қазір немен шұғыл­данып жүрсіз, қай бағытта қалам тербеп, не жазып жүрсіз дегендей?

– Әйел журналистің қай кезде қолы бос болған дейсіз? Жас кезімізде бала-шағаның, отаға­сы­ның тамағын тойдырып, одан соң ыдыс-аяқты жуып болған соң, түн ауғанша сол ас үйде жайланып отырып алып, ертеңгі нөмірге салынатын мақа­ламызды жазушы едік... Қазір қолымыз ұзарған секілді, бірақ тіршіліктің қолбайлауы шаш-етектен. Немерелерге еміре­несің... Әңгіме жазып жүрмін! Ұс­таз атына кір келтірмеуге құ­лық­тымыз. Қолым қалт еткенде үйдің маңындағы Есентай өзенін жағалап, Алатауды бетке алып серуендеймін. Есіме Америка түседі... «Егеменнің» арқасында Нью-Йоркте болдым. Бродвейді шарладым. Манхэттеннен көлбей созылған желі Бронксқа дейін жалғасып жатыр. Аңызда бір заманда осы соқпақпен үндіс тайпасының жігіттері суатқа мал айдаған дейді. Есентай өзенін жағалап тауға қарай бір заманда біздің аталарымыз да мал айдағаны ақиқат. Ұқсастықты айтамын. Әңгімеге желі ме, желі...

– Гүлзейнеп Сәдірқызы, сали­қалы әңгімеңіз үшін үлкен рахмет, жазарыңыз көбейсін!

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

арнайы «Еgemen Qazaqstan» үшін

 

АЛМАТЫ