• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 10 Қараша, 2022

Мұстафатанудың Франция сабақтары

297 рет
көрсетілді

Кеңестік билік Орталық Азияда алғаш құрылған жаңа мемлекеттің үлгісіндей болған Түркістан мұқтариятын құлатып, Қоқан халқын қанды қырғынға ұшыратты. Басына қатер төнген соң Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болып, әуелі Әзербайжанды, сонан соң Грузияны екі жылдай паналады. Грузиядағы билік кеңестер қолына көшкеннен кейін Түркия арқылы Францияға барып тұрақтаған болатын. Осы жерде Мұстафа Шоқай 20 жылдан астам уақытта өзінің сан салалы саяси қызметімен, ерекше қажыр-қайратымен, оншақты тілде жазылған шығармашылық мол мұрасымен ірі қайраткер санатында әлемге танылды.

Жақында Қорқыт Ата атын­да­ғы Қызылорда университеті­нің Мұстафа Шоқай ғылыми орта­лы­­ғының қызметкерлері арнайы жобамен Францияға сапарлады. Сапардың басты мақсаты – Париж­дегі Тілдер мен өркениет­тер уни­верситетінің кітапханасын­да сақталған Мұстафа Шоқай мұра­сымен танысып, қажетті материалдарды ғылыми орталыққа жеткізу.

Парижде «Әлем» қазақ-фран­цуз қоғамының вице-президенті Майра Ысқақова және Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз қауымдастығының төрағасы Яшар Дініш бастаған делегациямен кез­десіп, бәріміз Марндағы Ножан қаласына бардық. Мұстафа мен Мария Шоқай осы қаланың Суар де ла фонтен көшесіндегі 7-үйде сегіз жыл (1933-1941) тұрған екен.

Бұл үй эмиграциядағы мұсыл­мандардың көшбасшысы болған Мұстафа Шоқай сынды тарихи тұлғаның мекені ғана емес, «Түр­кiстанның уақытша астанасы» атаныпты. Әртүрлі саяси қайраткерлермен, ғалымдармен хат алысып, хабарласып тұрған тұлғаның қонағы да аз болмаса керек. Мұстафа Шоқай әңгі­месінің, саяси қызметінің және шы­ғармашылық мұрасының бас­ты тақырыбы Түркістан болған­дықтан бұл үйдің осылай аталуы заңды да.

Барлығы он бестей үй жайғас­қан көшенің басында, өте бір қо­лайлы жерде тұрған биіктігі бір метрдей төрт қырлы мрамор тас­тан жасалған ескерткішті көрдік. Темірден жасалған тақтаның беті­не французша «Мұстафа Шоқай 1890-1941. Қазақтың белгілі сая­сат­кері, көптеген ғылыми және саяси кітаптардың авторы, Орта Азия­ның бостандығы үшін күрескен, қаскөйлердің қолынан қаза тап­қан» деген сөздер жазылыпты. Бұл тас белгіні 2001 жылы 18 қа­занда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франциядағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Ақма­рал Арыстанбекова мен Ножан мэрі Жак Мартан қойыпты. Содан бері бұл жер гүл шоқтарын қойып, Мұстафа Шоқайды еске алатын орынға айналған.

Бұл игі бастама кейін де жал­ға­сын тауып келеді. Мұстафа Шо­қай­дың 120 жылдық мерейтойына орай 2010 жылы Қызылорда облыс әкімдігінің тікелей бас­та­­масымен Мәдениет және Сырт­қы істер министрліктерінің қол­дауымен Қазақстанның Фран­циядағы елшілігі мен Марн­дағы Ножан қаласының мэрі ара­сын­­дағы дипломатиялық келіс­сөз­дің нәтижесінде осы жерге қо­ла­дан сомдалған ескерткіш-бюст қойылды. Онда французша «Мұстафа Шоқай: 1890-1941. Тәуелсiздiк күрескерi», онан тө­менірек «Қазақ халқы тарапынан 28/10/2010» деген жазу бар. Ескерткіштің ашылу салтанатында қала мэрі Жак Мартан­ның «Ескерткіштеріңіз біздегі Де Гольдің ескерткішінен биік болып кетпесін» деген әзіл-шыны аралас айтқан сөзі осы кезге дейін ел аузында жүр.

Ескерткіш-бюст темір шар­бақпен қоршалған. Бізге шар­бақтың есігінде тұрған құлыпты өзінің кілтімен ашып берген Яшар Дініш бауырымыздың әрекеті ерекше әсер етті. Мұны біз осында тұратын тұтас ағайынның құр­метінің бір көрінісі деп бағала­дық. Ескерткішті қою жарасымды істермен жалғасын тапқан. Кейін осы бір кішігірім алаң ресми түр­де Париж картасына «Шоқай атын­дағы саябақ» деп тіркеліпті. Қалаға келген туристерді такси жүргізушілері аталған саябаққа жылдам жеткізетін себебі де сол.

Реті келгенде айта кетейік. Бұл ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Аманкелді Кененбаев. Өкінішке қарай, көпшілік оны тани бермейді. Сол себепті мұндай құнды дүниелерге автордың аты-жөнін жазып отыру артықтық етпейтін тәрізді.

Сапар барысында Шель қа­ла­­сындағы Мария Яковлевна Шоқай­­дың  бейі­тіне гүл шоқтарын қойдық. 1918 жылдың 18 сәуірінде болашақ жары Мұстафаның талап етуімен ескі Ташкент мешітінде екі өзбек­тің куәлігімен мұсылманша неке­лері қиылғанын ескеріп құран да оқыдық. Бұл бейіт Мария Шо­қай­дың қайтыс боларынан төрт жыл бұрын, яғни 1965 жылы дайын­далған екен. Сол себепті бейітте қайтқан жыл жазылмаған-ды. Біз бе­йіттегі «1969 жыл» деген жа­зу­ды көріп таңырқастық. Сөйт­сек мұны Мұстафа Шоқайдың өмірімен жақсы таныс Саметтин Балабан деген түрік туысымыз кейінірек жаздырыпты. С.Бала­бан­мен Қазақстан елшілігі Респуб­ли­ка күніне орай өткізген арнайы іс шарада таныстық. Ол біз­дің Қазақстаннан келгенімізді біл­геннен кейін өзіне жақын тартып, шүйіркелесе кетті. Сөзіне қара­ғанда Қазақстанға жиі келіп тұратын сияқты. Қазақшасы да жап-жақсы.

Мария Шоқайдың бейіті басында біраз жайт еске түсті. Мұс­тафа Шоқай қайтыс болғаннан соң, Мария күн көріп отырған пианиносын сатып, жарының бейітіне ескерткіш-бюст орнатқаны, ұлы тұлғаның асыл мұраларын 1953 жылы «Жаңа Сорбонна – Па­риж ІІІ» университетінің Шығыс тіл­дері мен өркениеттері ұлттық инс­титутының университет­ара­лық кітапханасына тапсырғаны қай­раткерді ұлықтаудың басы ғана болатын. Оның «Менің Мұстафам» атты тамаша естелік кітап жазып, мұстафатану ғылымының негізін қалағаны, 28 жыл жалғыз өмір сүрудің бар қиындығын көргені, бірақ бұл дүниеден аттанғанша «менің Мұстафам» деп кеткен асыл жанның табандылығы кім-кімді де толғандырмай қоймасы анық. Өзін көрмесек те, ол кісі туралы оқығандарымыз еске түсіп, Мария Шоқайға деген көкейге қонақтаған құрмет сезімі асқақтай түсті.

Сапар барысында Берлиндегі мұсылмандар қорымына да атбасын тіредік. Мұстафа Шоқай 1941 жылғы 27 желтоқсанда қайтыс болғаннан соң, 1942 жылдың 2 қаң­тарында, жұма күні осы зи­ратқа жерленген екен. Бірден кө­зіміз туған және қайтқан жылдарына, одан төменірек жазылған «қа­бірін жасатқан сүйікті жары Мариям Шоқай» деген жазуларға түсті. Бейіт басында да, қасындағы зәулім салынған мешітте де дұға жасадық. Бұл жерді кезінде Гер­мания басшысы Осман патшасына тарту еткен көрінеді. Шағын ғана қорым, бірақ барынша таза, көкке оранған.

Еуропаның ортасында тұрып бүкіл түркі әлемінің азаттығы үшін күрескен, осы үшін бар ақыл-па­расатын жұмсаған Мұстафа Шоқайдың бүкіл жоспары мен мақсат-мұратын Германияның Кеңес еліне соғыс ашуы тас-тал­қан етті. Өздерінің жаулығы аз бол­ғандай, қаскөйлер басшылығы енді түркістандық тұтқындардан легиондар құруды жоспарлайды. Осыған қатысты тұтқындар алдында сөз сөйлеу ұсынылғанда Мұстафа Шоқай мұндай қадамға бара алмайтынын айтып, оның себебін жан-жақты түсіндіреді. Алдымен соңғы екі жыл ішінде елмен байланысы үзіліп, Мәскеу большевиктері ұлттық зиялы қауым­ның көрнекті өкілдерін жо­йып жібергеннен кейін кеңестік ке­зеңде дүниеге келген жастарды өзінше «тәрбиелегенін», сон­дықтан олардың кеңестік өзгеріс­терге қалай қарайтынын білгісі келетінін айтады. Осыған келісім алған Мұстафа Шоқай түркітіл­дес комиссия қызметкерлерінің бас­шысы ретінде 1941 жылы та­мыз­дың аяғынан қазан айының басына дейін Германияда, Шығыс Пруссияда, Польша мен Украинада орналасқан Простакан, Эбендорд, Пагеген, Дембица, Сувалки, Деба, Ярослау, Дебис, Лемберг және тағы басқа лагерьлерді аралайды. Тұтқындардың әңгімелері мен арыз-шағымдарынан елдегі жағ­дай туралы жан-жақты хабар­дар болады. Сонымен қатар лагерь­лердегі түркістандықтардың ауыр жағдайын көзімен көріп, қатты күй­зеліске ұшырайды. Жарына жаз­ған бір хатында мұндай қор­лыққа шыдай алмай өлгісі келе­тінін де айтады. Сондай-ақ 1941 жыл­ғы қазан айында лагерьлерді аралағанда өзіне көмекші болған Уәли Қаюмға аса құпия түрде «Аса сеніммен» деген ескерту­мен жазған «Мен бұл жолдарды сіз үшін ғана жазып отырмын және мұны аса құпия ұста­уыңызды сұраймын» деп баста­латын неміс лагерьлеріндегі көр­ген-білген­дерін баяндаған хатты жолдай­ды. Уәли Қаюм осы хат­ты өзі ғана оқып, оны өзі қыз­мет ететін неміс әкімшілігіне та­ныс­­тырмауы мүмкін бе? Бол­маса, Мұстафа Шоқайдың неміс армия­сының группенфюрері С.Иоахимге жазған хатындағы: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын» дегенін оқи отырып, неміс басшылығы хат иесінің көзін жоюдан басқа не ойлар еді? Осылардың аяғы Мұстафа Шоқайдың 1941 жыл­дың 27 желтоқсанында Берлин-­ нің «Виктория» ауруханасында ­қаза болуына әкелді.

Мұстафа Шоқай елде жүргенде де бірнеше рет ажалмен бетпе-бет келген еді. 1917 жылғы сәуір және мамыр айларында Ақмешітте болып, жиналыс, митингілерге қатысқанда Агапов бастаған орыс­тар темір жолда оны өлтіру жө­нінде арнайы шешімдер шығарып, бірақ оны жүзеге асыра алмады. Сонан соң большевиктер Түр­кістан мұхтариятын құлатып, ел­ден қашып шыққан Мұстафа Шо­қай Ферғана тауларын аралап жүр­генде екі рет ажал құшағынан аман қалды. Мұның барлығында оны сүйікті халқының ыстық ықы­ласы, өлмес рухы қорғап қалған еді.

Францияға барғандағы негіз­гі міндетіміз қазіргі Тілдер мен өрке­ниеттер университетінің кітапха­насындағы Мұстафа Шо­қай мұрасымен жұмыс істеу болатын. Алдымен тарихшы Кө­шім Есмағамбетовтің алғы сөзі және түсіндірмелерімен шық­қан Мұстафа Шоқай шығарма­ла­рының он екі томдық толық жи­нағын және былтыр ғана жа­рық көрген «В эмиграции: эписто­лярное наследие Мустафы Шокая 1919-1941» атты кітаптың екі данасын кітапхана қорына тапсырдық. Осы кітаптарды шы­ғарған Р.Сүлейменов атында­ғы Шығыстану институты мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Қа­зақ­станның Орталық мемлекет­тік архиві басшыларының арнайы ­хаттарын да қоса ұсындық. Мұстафа Шоқайға қатысты осы және басқа да бірнеше кітаптың электрондық нұсқасын бердік.

Мария Шоқай 1953 жылғы 2 тамызда Ыстанбұлда «Яш Түр­кістан» журналының жауапты хат­шысы қызметін атқарған, Мұс­тафа Шоқайдың ең жақын серік­терінің бірі Абдулуақап Оқтайға хат жазған болатын. Хатта ол жа­рының 1922-1941 жылдар ара­лығында жинақтаған жазбалары мен кітаптарын архивке тапсыратынын, шығыс тілдерін үйренуге Парижге келгендердің барлығы осыларды пайдалануына болады деген ойын жазады. Бұл мұрағат қоры жөніндегі алғашқы мағлұмат «Түркістан» атты журналда жа­рық көрген «Мұстафа Шоқайдың ­мұ­рағаты мен кітаптары» деген ма­­қалада айтылады. Енді зерт­теу­шілер мен оқырмандар осы ар­хив материалдары негіз бол­ған тұл­ғаның он екі томдық шығар­малар жинағын да пайдалана алады.

Архивтегі материалдарының электрондық нұсқасын алатынымызды ескеріп, біздер түрік және орыс тіліндегі материалдарды, сарғайған кітап, мақалалар жазылған қағаз беттерін көріп, олардың көшірмелерін суретке түсіріп алдық. «Яш Түркістан» журналының тігінділерін, кезінде Мұстафа Шоқай пайдаланған, арнайы сақталған «Правда», Қа­зақстан және Өзбекстанның ор­та­лық басылымдарының қиын­дыларын көріп, қолмен ұстап Мұс­тафа атамыздың рухын сезі­­нуге тырыстық. Архив қыз­мет­керлерінің материалдарға деген ерекше ыждағаттылығы, оларға айрықша күтіммен қарауы таң қалдырды. Арада жетпіс жылдай уақыт өтсе де жақсы сақталған мұраға қарап, қызметкерлерге ризашылығымызды білдірдік.

Ал 23 қазан күні «Түркия қазақ­тарының Франциядағы қауым­дастығы» атты ұйым мүшелері қазақ ағайындармен кездестік. Бұл ұйым 1984 жылы құрылған екен. Қазіргі таңда Парижде 260-тан астам қазақ тұрады. Олар негізінен үш мәдениеттің тізгі­нін ұстағандар. Ата-бабалары Қазақ­станнан болса, өздері ке­ше Түркияда тұрған, бүгінде Париж шаһарының тұрғындары. Мұндағы қазақ ағайындардың ұлттық дәстүрлерді, әсіресе тіл­дерін сақтауға деген ерекше ұм­тылыстарын байқадық. Келіндер орамал тағады. Қыз ұзату, үйлену тойлары, Ораза, Құрбан айт та өткізіліп, жарапазан айтылатын көрінеді. Кездесу барысында Мұстафа Шоқай туралы кеңінен әңгіме болды. Жиналғандардың дені керей руынан болғаннан соң тарихшы Сағат Тайманов керейлер тарихы жөніндегі мәліметтерімен бөлісті. Қоштасарда ағайындар елімізге ыстық сәлемдерін жолдап жатты.

2021 жылдың 5 желтоқсанын­да Қазақстан мен Франция ара­сындағы дипломатиялық қарым-қаты­настарға 30 жыл толды. Осы­­ған орай Париж қаласының көр­­некті 16-ауданындағы «Ақын­дар саябағына» арнайы атбасын бұрдық. Саябақта Абай мү­сі­ні орнатылған. Сондай ақ Париж­дің орталығында, Сена­ның оң жа­ғалауында орналасқан әлемдегі ең үлкен және ең танымал Лувр өнер мұражайының көркем және тарихи жәдігерлерге бай Грекия және Италия залдарын тамашаладық.

Осылайша Францияға арнайы сапарымыз кезінде Мұстафа Шо­қайдың Париждегі өміріне шолу жасап қайттық. Өз елінен қиындық көргендерге баспана болып, әділеттілік пен заңдылықты қатаң сақтаған, адамзат баласының мүддесін мұрат тұтқан тұлғаның Франциядағы 20 жылдан астам эмиграциялық өмір жолын тағы да жадымызға тоқи түстік.

Мұстафа Шоқай өзінің сая­си күресі үшін ыңғайлы ортаны Франциядан ғана таба алды, онда 20 жылдай өмір сүрді. Оның 8 жылы, 1933-1941 жылдарын Па­риждің жанындағы Ножан сюр Марн қаласында өткізді. Осы жер­де өзінің публицистикалық еңбек­тері мен саяси күресі арқылы әлем мойындайтын тұлғаға айналды. Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, бүкіл ресейлік эмигрант­тар бас сауғалап АҚШ пен Түркия­ға қарай жосылғанда, Мұстафа Шоқай: «Мен Францияны туған отанымдай көремін деп осы елде қалуды қалады. Бірақ тағдырға дауа жоқ, тау тұлғаға Берлиннен мәңгілік мекен бұйырды.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы,

профессор