Кигендері керей тымақ, саптама етік, қасқыр ішік... Бозанбайдың бәйге төбесіне қарай сән-салтанаты жарасқан бүркітшілер маңғаз басып келе жатты. Бұл күні «Шығыс салбурыны-2022» бүркітшілер байқауы ұйымдастырылған еді. Құсбегілердің ниетіне қарай ма, түнімен қар қапалақтаған. Нағыз қансонар.
Биыл Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында бүркітшілер байқауы екінші рет ұйымдастырылды. Анау жылы аудан басшылығы жылда өткізіп, дәстүрлі етеміз дескен. Айтқанындай, биыл қыран қалықтатып жүрген отыз бүркітші Ұлан ауданында бас қосып, өзара сынға түсті. Қазақтың бекзат өнерін дәріптейтін бүгінгі шараға бүркіт ұшырудан әлем рекордын орнатқан Айшолпан Нұрғайып та келді.
Бүркітшілер сынға түсетін сайыс әдеттегідей ресми басталды. Аудан әкімі Ренат Құрманбаев құттықтау сөз сөйледі, қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі құттықтау сөз алған жарыстың бас төрешісі Бағдатхан Мүптекеқызы ұлттық өнерді дәріптеп жүрген құсбегілерге ризашылығын білдірді. Бас төреші сайыс басталмас бұрын Бозанбай аулының тумасы Айзере Марксқызының бауашар рәсімін жасап, «Хабар» Агенттігі акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәлидің арнайы сыйлығын табыс етті.
– Ақсақалдарымыз баланы балиғат жасына толғанда қыран көтертіп, қансонарға алып шығар еді. Қайтып келгенде үлкендер шашу шашатын. Бұл дәстүр – бауашар деп аталады. Сол дәстүр бүгін Бозанбайда өткелі отыр. Айзереміз әкесімен бірге ұядан бүркіттің балапанын алған қайсар қыз. Әлем таныған Айшолпанның ізін басып, әпкесі сияқты ұлттық спортта оза шабады, – деп бас төреші Бағдатхан Мүптекеқызы жылы лебізін білдірді.
Жас құсбегі Айзере әкесімен бірге шың басына шығып, балапан алған кезде сегіз-ақ жаста болыпты. Қайсарлық десе, қайсарлық.
– Әкеммен еріп, шыңға көтерілгенім есімде. Аяғымызды аңдап басып, артық дыбыс шығармауға тырыстық. Әкем ол жерде бүркіттің ұясы барын бұрыннан білетін. Шың басындағы ұяға көтеріліп, сары ауыз балапанын алдық. Қазір ол төрт жаста. Өте сезімтал. Қорықсаң, шабуылдаудан да тайынбайды, – дейді Айзере.
...Іргедегі төбеден додаға дайынбыз дегендей бүркіттер саңқылдады. Қыран құстың аңға түсуін көреміз деп келген жұрт та ортаға қарай топтасты. Жарыстың алғашқы шарты бойынша құсбегілер қырандарын қолға шақырды. Бірінің бүркіті тура барып қонса, енді бірі бостандықты аңсағандай тауға қарай ұшты. Ондайда қызықтап келген көрермендер ұшып кетсе қайтеді деп күбірлесті. Бірақ бабы келіскен бүркіт ешқашан ұшпайды. Бірінші турдан іріктелгендері шырғаға түсті. Ептілері 12-35 секунд ішінде шырғаны іліп үлгеріп жатты. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген құсбегі Серік Жеңісбекұлы екі жасар «Қарагер» атты бүркітін шырғаға 13 секундта да түсіргенін айтып отырды. Десе де Айшолпанның рекорды әлі бұзылмаған. Қазіргі уақытта бүркітші қыз Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінде оқып жүр. Айта кетсек, Айшолпан туралы деректі фильм жарық көріп, әлемнің 30 елінде көрсетіліпті.
– Қазір көбінде спикер ретінде көпшілік арасына шығамын. Құсбегілік жағы оқуыма байланысты тоқтап тұр. Бүгінде алтыншы тіл үйреніп жатырмын. Негізі, қыз балаға құс баптау өте қиын, – дейді Айшолпан Нұрғайып.
Соның өзінде бүркіттің бабын жақсы біледі. Білмесе, 79 азаматтың арасында жалғыз өзі сынға түскен 13 жасар қыз бала бүркітін алты секундта шырғаға қондырар ма еді?! Ол рекордты әлі күнге еш бүркітші жаңартпаған.
Киіз үй жақта қазан көтеріліп, бұрқ-сарқ самауыр қайнады. Келген меймандар түстеніп, күштеніп алу үшін ақ дастарқан жайылды. Ұланның белгілі әнші-күйшілері әуелете ән шырқады, күмбірлете күй төкті. Көпшілік күткен нағыз қансонар түс ауа басталған. Бүркітшілер биіктеу төбеге қарай жайғасты. Жарыс шарты бойынша төменде орғи қашқан қоянға құс салады.
«Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» деген мақал еске түсті. Жәшікте тұрған сұр қоянды қар бетіне қоя бере салған. Қорғансыз жануар әр қурайдың басын бір иіскеп, жан-жағымен таныса бастағысы келген. Сол сәтте қабақтың үстінде тұрған құсбегі бүркітінің томағасын сыпырады. Қырағы қыран көзі бірден төмендегі жеміне түседі де, қанатын екі-үш рет қана қағып, төменге қарай зулайды. Қоян қаннен қаперсіз жүр, қауіпті сезбеген. Қанатынан жел есіп, жер бауырлай таяп келгенде ғана қоян қашпақ болар еді. Бірақ кеш. Құстың тегеуріні түйреп өтіп, сол сәтте-ақ ессіз қалдырады. Қыран құстың шапшаңдығына көз ілесіп үлгірмейді. Байқаймыз, кейбір бүркіт иесі келгенше қоянды басып қана отырады екен. Жо-жоқ, бүркіттен құтылып кеткен әккі қояндарды да көрдік. Құс үстінен төне бергенде шалт бұрылып кері қаша жөнеледі. Ондайда бүркіттің қонған жерінен қайта көтерілуі қиын.
Жарыстың бұл кезеңіне өткен құстар қырдың қызыл түлкісіне түсті. Кіл мықтылар іріктеліп шыққандықтан болар, қашқан түлкілерді ұзатпай алды. Сайыс соңында қазылардың шешімімен бірінші орын Алматы облысынан келген Алмас Сейітжанға берілді. Екінші орынды да Алматы облысының бүркітшісі Ермұхан Балтабай еншіледі. Ал үшінші орын Ақмола облысынан сынға түскен Алмас Қасымовқа бұйырды.
Айтпақшы, дәл осы күні тазы жүгіртуден де жарыс ұйымдастырылған. Тазының да тазысын көрдік. Негізі Ұлан жерінде бүркіт баптап, тазы жүгіртетін жігіттер көп. Олармен де тілдестік. Ұялас қос тазысын сынап көрмек болып, жарысқа келген Ринат Жанабаевтың құмай күтіміне қатысты бастаған әңгімесі саятшылыққа ұласқан. Оның айтуынша, қандай мықты тазы болса да, қасқыр алуы мүмкін емес дейді.
– Кейбіреулер тазы жүгіртіп қасқыр алдым деп жатады. Ол аңшының әңгімесі шығар, – деп әзілдей келе, – он шақты тазы бір қасқырды қаумалап алмаса, екі-үш тазының жүрегі қасқырға батпайды, – деп кесіп айтты. – Қуып жетуі мүмкін. Бірақ алқымнан ала қоюы екіталай. Ал түлкі, қоян секілді ұсақ аңды ойнап жүріп алады. Бірақ борсыққа келгенде сәл күш салуы керек, – дейді Ринат Жанабаев.
Бұл жарыста өскемендік Мансұр Қанатбекұлының тазысы топ жарса, Ұлан ауданының намысын қорғаған Адал Оразай мен аягөздік Жандос Озатұлының иттері екінші, үшінші орындарға жайғасты.
Жарыс аяқтала күн борандата бастаған. Алайда көрермендер мен бүркітшілердің көңілі тоқ еді. Сайыс соңында аудан басшылығы бұл жарысты келер жылы бұдан да көлемді етіп атап өтуге дайын екендерін айтты. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін ұлттық спорт түрлерінен қандай жарыс болмасын, артықтық етпейді. Көктегі қыранды қолға үйреткен баба өнері өміршең болсын деп тіледік біз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы