Ұлттық статистика бюросы мен Ұлттық банктің Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы «Qazdatathon» конкурсына өтінімдерді қабылдай бастағанын хабарлайды.
Қазақстанның жоғары оқу орындарының магистратура және докторантура бағдарламаларында білім алушылар деректермен жұмыс істеуге бағытталған конкурсқа қатысуға шақырылады. Бұл үшін 2-5 адамнан тұратын командалар құрып, datathon.kz сайтында қатысу формасын толтыру қажет. Өтінімдерді қабылдау 15 қарашаға дейін жүргізіледі. Жобаға қатысу үшін командалар статистик, экономист, data scientist, математик және т.б. сияқты әртүрлі саладағы мамандардан құралуы мүмкін. Бір университеттен бірнеше команда қатыса алады.
Конкурс барысында қатысушыларға осы деректердің негізінде жасалған синтетикалық (жасанды) деректер ұсынылады. Бұл құпиялылық саясатын бұзбай микродеректерді жаппай пайдалану мүмкіндігін ашады.
«Бұған дейін біз деректерді жоғары оқу орындарына тек олардың сұранысы бойынша ұсынатынбыз. Енді жеке деректерді қамтымайтын синтетикалық деректерді пайдалану мүмкіндігін бере аламыз. Осылайша жас ғалымдар олардың негізінде жоба шешімдерінің нақты моделін жасай алады. Біз жоғары оқу орындары байқауға атсалысып, қызықты жобаларды ұсынады деп үміттенеміз», дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.
Сондай-ақ жобаға әр түрлі сала сарапшылары командалардың тәлімгерлері ретінде қатыса алады. Бұл үшін Datathon.kz сайтында тәлімгерлерге арналған жеке өтініш формасын толтыру қажет.
«Qazdatathon байқауы data driven шешімдерін қабылдау үшін деректерді басқару және талдау мәдениетін құруда негіз болуға тиіс. Бұл әсіресе жас мамандар үшін маңызды. Конкурс қатысушылары болашақта өздеріне пайдалы болатын бірегей тәжірибе алады деп үміттенеміз», дейді Ұлттық банктің Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығының төрағасы Бинұр Жаленов.
Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері демеушілер атынан электроника дүкендеріне сыйлық сертификаттарын, деректерді талдауға арналған «Qlik» бағдарламасының жылдық лицензиясын, бизнес-аналитика бойынша кітаптар, сондай-ақ конкурсты ұйымдастырушылар құрылымында тағылымдамадан өту мүмкіндігін алады. Сондай-ақ, жеңімпаз командаға нақты деректер негізінде жобаны іске асыру мүмкіндігі беріледі.