Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш», деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, Президент Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.
«Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді», деді Қ.Тоқаев.