Елорда әкімі жастармен және спорт өкілдерімен еркін микрофон форматында кездесу өткізді. Жиын барысында Алтай Көлгінов елордадағы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша гранттар бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мұндай кездесулер қиындықтарды тиімді әрі жылдам шешуге, проблемаларды назарда ұстауға мүмкіндік береді. Мәселен осыған дейін жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы проблема көтерілген еді. Себебі олар кәсіби тексерулерді өзге пациенттермен қатар өтіп, бірге емделетін. Ал бұл спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсер ететін. Осы мәселені бірлесе талқылағаннан кейін спортшыларға арналған арнайы медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы және т.б. ашылып, «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайында жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта жөндеу және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Көктал-2 және Өндіріс елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Аталмыш орындарда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығып жүр. Тағы екі елді мекенде дәл осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұқаралық спортты қаржыландыруды 3 есеге арттырдық», деп жазды Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 50%-ға, биыл тағы 25%-ға артқан. Әкім кадр тапшылығын шешу үшін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша гранттар бөлетінін жеткізді. «Сол сияқты жастарды қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жастар желісі бойынша бірнеше тұрғын үй бағдарламасы бар. Өткен жылы жеңілдетілген несиелеу бойынша арнайы «Elorda Zhastary» тұрғын үй бағдарламасын енгіздік. 2 жыл ішінде 3,4 млрд теңгеге несие берілді. Өзге бағдарлама – жалға алу бойынша 3 жыл ішінде жұмыс істейтін жастарға 2,5 мыңға жуық пәтер берілді. Маңызды мәселелердің бірі – жұмысқа орналасу. Өткен жылы 6 мың жас жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін тағы 6,5 мыңнан астам жасты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін гранттар береміз», деп жазылған әкімнің жазбасында.