• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2022

Жалған хабарлама жарға жығады

453 рет
көрсетілді

Қоғамда «ғимаратқа жарылғыш зат қойылды» деп жалған хабарлама тарататындар аз емес. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Қылмыстық кодекстің 273-ба­б­ы­на сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарат­қа­ны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 14,5 млн теңге) не сол мөлшерде тү­зеу жұмыстары түріндегі жаза, сондай-ақ бес жылға дейінгі мер­зімге шектеу немесе бас бостан­ды­ғынан айыру көзделген.

Жыл басынан бері елімізде осындай фактілер бойынша 138 қылмыстық іс қозғалса, 20 қыл­мыс­тық іс сотқа жіберілген. Осы қылмысы үшін 34 адам ұсталып, оның 17-сі жазаның әртүрлі түрлеріне кесілді. Оның ішінде, бас бостандығынан айырылған – 8, бас бостандығы шектелген – 5, шартты түрдегі жазаға тартылған 2 адам бар. Тағы бір адамға айып­пұл салынған.

Айыпталушылардың біріне сот шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарала­ры қолданылды. Сондай-ақ қыл­мыстық жауаптылық жасына жет­­пеген бір жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынып, олар әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған жеткіншектер қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылады, сондықтан бұл ескертуді мек­теп оқушылары да есте ұс­тауы керек.

Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге тиіс. Арнайы қыз­меттердің мұндай жалған шақы­руларға бір шығуына 300 мың теңгеге дейінгі қаржысы жұм­са­лады, ал кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқтап қалуынан келген залал миллиондаған тең­гемен есептеледі. Егер мұн­дай әрекеттерді кәмелетке тол­ма­ған­дар жасаса, залалды өтеу олар­дың ата-аналарына немесе заң­ды өкілдеріне жүктелетінін атап өткен жөн.