Павлодардағы «Достық» шағын ауданында салынатын жаңа мектепті «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына енгізу ұсынылды. 2 мың оқушыға лайықталған білім ордасы қанатын кеңге жайып келе жатқан аумақтағы көрікті ғимараттардың бірі болмақ.
Облыс орталығының оңтүстік-шығысында бүгінде «Достық» атты жаңа шағын аудан қарқынды салынуда. Қазіргі күнге дейін бұл аумақта 6 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 500-ге жуық отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанған. Ауданда тағы 8 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл үйлердің алтауы жыл соңына дейін «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында тапсырылмақ.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жаңа шағын ауданда салынып жатқан тұрғын үй құрылысының стандарттарын біріздендіру керек деп санайды. Барлығы «Достық» шағын ауданында 8 мыңға жуық пәтер тұрғызылып, 20-25 мың азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Тұрғын үйлерден басқа шағын ауданда қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдар қарастырылған. Атап айтқанда, әрқайсысы 1 200 орындық екі балабақша, 2 мың орындық екі мектеп, медициналық, спорттық мекемелер мен рекреациялық аймақтар. Жаңа тұрғын үй салу кезінде мердігерлер кедергісіз орта құруға мән беруде. Көпқабатты үйлердің кіреберістері пандустармен жабдықталады, ал жаңа ғимараттардың ішіндегі табалдырықтар кеңейтіледі. Құрылысшылар ата-аналардың да мүдделерін ескеруі керек. Мысалы, салынып жатқан үйлердің біразында сәбилерге арналған арбаларды орналастыру бөлмесі қарастырылған.
«Достық» шағын ауданының жобалық ауқымы 95 гектарды құрайды. Тұрғын үйлер үш кезең бойынша салынып жатыр. Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың сөзіне қарағанда, мұнда №15, 16, 17 тұрғын үйлер салынып болып қалған. Ғимараттарға жылу, су және электр жарығы желілері тартылып, пәтерлердің ішінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Үй аулаларын абаттандыру, асфальт пен жаяу жүргіншілер жолын төсеу секілді шаралар мәресіне жетті.
Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев бас жоспарға сәйкес, аталған шағын аудандағы 65 блок-секцияда 12 қабатты үйлер және тағы алты аумақта 16 қабатты үйлер орналасатынын айтады. Ауданда балалар және ересектер емханасы, сондай-ақ мұз сарайы салынады деп жоспарланған. Бұған қоса 6 футбол алаңы мен 10 балалардың ойын алаңы жабдықталмақ.
Аймақтың 2022 жылғы бюджетін нақтылау шаралары аясында бұған дейін мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қолға алынған бірқатар жобаны ұлттық бағдарламалар аясында жүзеге асыру көзделіп отыр. Соның бірі – «Достық» шағын ауданында бой көтеретін жаңа мектеп. Өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» заңның 24-бабына сәйкес оқу орнының құрылысын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ауыстыру туралы мәселені облыстық мәслихаттың сессиясында көтеріп, ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта білім ордасы жаңа стандарттарға негізделіп салынатыны ауданға қоныстанған ата-аналарды айрықша қуантып отыр.
«Достықтан» пәтерлі болған Жанар Семеева екі баласының «Усолка» шағын ауданындағы №25 мектепте оқитынын айтады.
– Біз тұратын аумақ қала орталығынан шеткерірек, әуежайға қарай орналасқан. Инфрақұрылымдар қолжетімсіз, әлеуметтік нысандар да енді-енді салына бастады. Іргеміздегі «Саяжай» шағын ауданындағы мектеп ұнамағандықтан «Усолкадағы» қазақ мектебіне балаларымыз барып-келіп оқып жүр. Енді өзімізде ашылатын білім ордасы мемлекеттік тілде білім беретін оқу орны болады деген сеніміміз зор. Себебі бұл аумақта тұратындардың барлығы дерлік – өзіміздің қаракөздеріміз. Мектеп іске қосылса, балаларымызға бұрынғыдай алаңдамайтын боламыз, – дейді ана.
Жаңа аудандағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету шаралары да қазірден қолға алынуда. Былтыр мұнда ТМ-42 жылу магистралы салынған. Қаланың оңтүстік бөлігіндегі жылу тораптарының гидравликалық режімін жақсартуға арналған нысан үшін сорғы стансасы да тұрғызылды. Алайда оның қуаттылығы жетпейтіні белгілі болып, аумақта биыл тағы бір резервтік станса құрылысы басталған. Қазір мұнда жабдықтарды орнату шаралары жалғасуда.
ПАВЛОДАР