Жуықта «Браконьер» республикалық жедел алдын алу іс-шаралары кезінде өңірде бірнеше заңсыз әрекет әшкере болды. Күршім ауданының тұрғыны 6320 тірі шаянды тиісті құжаттарсыз әкетіп бара жатса, өскемендік азамат 20 тонна балықты заңсыз тасымалдаған.
«Браконьер» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында Күршім ауданының Құйған ауылдық округіне қарасты «Қызыл ту» өткелінде жүргізілген тексеру кезінде Күршім ауданының Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері 34 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы автокөлікті тоқтатқан. Тексере келе, оның рұқсат құжаттарынсыз шаян әкетіп бара жатқандығы анықталған. Құқық қорғау органдары ұсынған деректерге сүйенсек, көлікте 364 килограмнан асатын 6320-ға жуық тірі шаян болған. Күршім ауданының инспекциясы залал сомасын шамамен 2 014 000 теңгені құрайды деп есептеп отыр
– Сотқа дейінгі тергеу барысында көлік жүргізушісі шаяндарды келісім жасалған кезде бетперде киген, бұрын танымайтын бес ер адамнан сатып алғанын айтқан. Кейін тауарды күйеу баласының жүк көлігіне тиеп, Өскеменге бет алған. Жолда оны тәртіп сақшылары ұстаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 335-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Шығыс Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.
Естеріңізге салсақ, браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында 20 қазаннан бастап Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Браконьер» жалпы республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Алдын алу операциясының жұмысына жергілікті полиция қызметі, көші-қон және криминалдық полицияның күштері, сондай-ақ, ШҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Орман және аңшылық шаруашылығына жедел ден қою жасағы» инспекторлары жұмылдырылған.
25 қазанда Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының аумағында Омбы-Майқапшағай тасжолының 29-шақырымында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Өскемен қаласының 58 жастағы тұрғынының басқаруындағы жүк көлігін тоқтатқан. Белгілі болғаны, ол рұқсат құжаттарынсыз 20 тоннаға жуық көксерке мен табан балығын алып бара жатқан. Келтірілген жалпы шығын 116 миллион теңгеден асады.
– Өскемендікке қатысты Қылмыстық кодекстің 335-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – деп атап өтті Думан Қожахметов.
«Браконьер» жедел алдын алу іс-шаралары 19 қарашаға дейін жалғасады.
Шығыс Қазақстан облысы