Ішкі істер министрлігі Алматыда астыртын ойынхана ұйымдастырған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бөлімшелері Алматы қаласы Сәтбаев көшесіндегі жасырын үй-жайлардың бірінде астыртын ойынхана ұйымдастырған қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция жүргізді.
Тыйым салынған ойын мекемесі қаланың Бостандық ауданындағы көпқабатты үйдің жертөлесінде болған. Ол жерге кіру үшін белгілі бір жасырын сөзді пайдаланған. Арнайы операция кезінде казинода 20-дан астам келушілер болған, олардың арасында 30 жылдық тәжірибесі бар ойыншылар да болған. Операция нәтижесінде 20-дан астам ойын жабдығы, ірі көлемдегі ақша, келушілердің аты-жөні тізімі бар құжаттама, ақшаның кіріс-шығыс хаттамалары тәркіленді.
Қылмыстық әрекеттен түскен кірістің алдын ала сомасы күніне 5 миллион теңгеден асады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының 1-бөлігі «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда жасырын ойынхананы ұйымдастырушыларды анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша жедел шаралар жүргізілуде.