• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2022

Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігі

290 рет
көрсетілді

Үкімет жыл сайын жастардың болашағына серпін боларлық баянды бастамаларды ұсынып-ақ келеді. «Жастар жылы», кейінгі «Волонтерлер жылында» ғылым-білімге ұмтылған талапты жастарға қажетінше қолдау көрсетілгенін білеміз. Осы тұста жастарды тұрғын үймен қамтуға арналған «Елорда жастары», «Алматы жастары» сынды өңірлік бағдарламаның тиімділігі байқалды. Көп ұзамай бұл қатарға «Қарағанды жастары», «Әулиеата жастары», «Қостанай жастары», «Алатау жастары» қосылса, бірер аптада «Атырау жас­тары» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы әзірленгені туралы хабар тарады.

Атырау облысындағы бағдарламаға өңірдегі 35 жасқа дейінгі дәрігер, мұғалім, мәдениет және спорт саласындағы мамандар, жоғары оқу орнының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала, коммуналдық кә­сіп­орын қызметкерлерінің және үй кезе­гін­де тұрған жетім балалардың үміткер болуға мүмкіндігі бар. Отбасы банкінің Атырау облыстық филиалының дирек­то­ры Нұрбол Құрман жобаға облыс әкім­ді­гі 1 млрд теңге және Отбасы банк 600 млн теңге бөлетінін хабарлады. Атырау облысы – жастарды тұрғын үймен қамтуға бел сыбана кіріскен же­тінші өңір. Бағдарлама ережесіне сай, Атырау қаласынан үй сатып алуды көздеген жастарға 18 млн теңге, ал аудандардан үй алуды көздегендерге 13 млн теңгеге дейін несие беріледі. Үміт­кер өтініш қалдырарда пәтер сома­сы­ның 10 пайызын, яғни алғашқы жарнасын жеке шотына аударып, ипотеканы 5 пайызбен 25 жылға бөліп төлей алады.

Осыған ұқсас биыл қолға алынған «Қарағанды жастары» бағдарламасы да аймақтағы жастардың сұранысына, өңір­дің әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тіне, тұрғын үйлердің орташа баға­мына сай дайындалған. Сала маман­да­рының отбасылық жағдайы, еңбек өтілі ескерілген. Содан болар, биыл елдегі өзге де облыстар тиімділігі мол бағдар­ла­маның шарттарын пысық­тауға кірісті. Жобаның тағы бір ерекшелігі, жылдар бойы тұрғын үй алуды көздегенімен, мем­ле­кеттік бағдарламаларға заң жү­зінде қатыса алмайтын жастарға үміт сыйлап отыр.

Бағдарламаны биылдан қалдырмауды жоспарлаған

Қуантарлығы, өңір жастарының баспа­наға сұранысын зерделеп, бағдар­ламаны биылдан қалдырмай қанат­қақты жоба ретінде іске асыруды көз­де­ген өңірлер бар. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар «Әулиеата жастары» бағ­дар­ла­масының іріктеуінен өтіп, құжаты Отбасы банктің талабына сай келген үміткерлердің дені жыл соңына дейін қоныстойын тойлайтынын айтады.

Тарқатып айтар болсақ, «Әулиеата жастары» бағдарламасына 35 жастан аспаған дәрігер, медбике, университет, колледж мұғалімдері, ғылыми қызмет­кер­лермен қатар мәдениет, спорт, журналистика саласындағы мамандар өтініш қалдырып, бағын сынап көрген. Алайда осы тұста қанатқақты жоба негізінде іске асқан бағдарлама төңірегінде жел сөз көбейіп кеткен-ді. Бағыты айқын бағдарламаның ережесіне сәйкес, үміт­кер­лер www.e-jambyl.kz порталында өтініш қалдырған. Бастапқы жарна ре­тін­де тұрғын үйдің 5 пайыз жарнасын жеке шотына аударып, қалған соманы 5 пайыздық несиемен 19 жылға рәсімдеуге мүмкіндік алған. Осылайша, құжаты талапқа сай жастардың баспананы ал­ғашқы немесе екінші нарықтан және «Қа­зақстан тұрғын үй компаниясы» акцио­нерлік қоғамының кепілдігімен салынып жатқан нысандардан алатыны белгілі болды. Бұған дейін облыс әкімдігі тиімді шартпен жастарды тұрғын үймен қамтуға арналған бағ­дарламаға 500 млн теңге бөлсе, «Отбасы банк» АҚ несиені тәртіп бойын­ша үлес­тіруге көмектесуді мақұлдап, қос тарап меморандумға қол қойған. Демек, облыс әкімдігі Жастар саясаты мәселе­лері басқармасының басшылығы өңір тұр­ғындарына бағдарлама туралы былтыр хабарлап, сүйіншілейтін жөні бар. Неге десеңіз, бағдарламаның шарттары тиімді, пайыздық мөлшерлемесі кө­ңілге қонымды. Тағы бір жайтты қа­перге алсақ, ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқан тұста басшылық қызметте болған осы салаға жауапты әкімнің орынбасары, облыстағы «Отбасы банктің» басшысымен қоса облыс әкімдігінің жас­­­тар саясаты мәселелері басқармасының басшысы да жұмыс бабымен ауысты. Әрине, өңірлік жобаны әзірлеуге ынталы болған басшылар қызметтен кет­кенімен, кеңесіп пішкен шаруа жайында қалады деген сөз емес. Тек жобада көзделген кейбір межелі міндеттер биыл қаржының көлеміне қарай жүз пайыз іске аспайтын сыңайлы.

– Жоба аясында 50 жас баспаналы болады деп шорт кесіп айтпасақ та, жыл соңына дейін үйлі болғандардың саны осыған жетеғабыл болады деп топшылап отыр­мыз. БАҚ құралдарында 50 адам үй алады деп айтылып жүр. Соған қарағанда алғаш­қыда ақпараттық түсіндіру жұмыс­тары дұрыс жүргізілмеген. Үміткер­лерге қойылатын талаптар қатып қал­ған қағидаға байланып қалған жоқ. Қанат­қақты жоба болған соң бағдар­ла­маның кем-кетігін тағы қарап, өзге­ріс­тер енгізіп, толықтыруға болады, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мә­се­лелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы.

Құжат жинаудың машақаты

Жастардың өтінімін облыс әкімінің өкі­мімен құрылған комиссия сарап­таған. Құжат тапсырғандардың дере­гін мәдениет, спорт, білім саласымен қатар мемлекеттік органның басшы­ла­ры, журналист, депутат, қоғам белсен­ді­лерінен іріктелген комиссияның 21 мүшесі мұқият тексерген. Осы ереже бір қарағанда үміткерлерді бағалау барынша әділ әрі ашық өтуге тиіс деген талапқа сай секілді. Өйткені үміт­кер­лер арасында жиған құжатында біріне-бірі қабыспайтын, кереғар мәлі­мет ұсынған жастар көп болыпты. Мұндай қайшылықты әуелден ескерген облыс әкімдігі жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының басшылығы үміт­кер­лерге ұсынған өтінімін 10 жұмыс күнінің ішінде түзеп, қайта жүктеуге мүмкіндік берді. Бірақ сол аралықта жас­тардың қай тұста қателескенін ұйым­дас­тырушылар айтып, ескертпеген. Бұл ереже сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, несиені әділ үлестіру үшін бекі­тіл­ді. Басқарма басшысы Жомарт Зұл­пыхар құжат жинауда өзгенің кеңе­сі­не ермей, әркім өз мәліметіне ықтият болуға тиіс екенін айтады. Себебі платформада өтініш қалдырған мектеп, балабақша мұғалімдерін қоспағанда, бағ­дарламаға үш қайнаса сорпасы қосыл­майтын өзге саланың жастары қаты­сып, бағын сынауға талпынған. Бағ­дарлама ережесіне сәйкес, үміткер бо­луға құқы жоқ екенін білсе де, құжат жи­наған жастардың әрекеті көкейге көп сұрақ ұялатады. Әсіресе тұрғын үйге жете алмай жүрген жастардың көп еке­нін аңғартады.

«Әулиеата жастары» бағдарламасын үйле­сімді іске асыру мақсатында құрыл­ған комиссияның мүшесі, журналист Маржан Рақайдың пікірін білген едік.

– Бағдарламаның бірінші кезеңінде мәдениет саласынан бір үміткердің өтіні­ші қабылданса, журналистердің құ­жа­ты талапқа сай емес деп келді. Өйткені журналистер жұмыс орнынан бе­рілетін анықтамадан бөлек, жұмыс ор­нының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде тіркелген куәлігін көрсетуі керек деген қосымша бар. Ме­ніңше, жас журналистер осы тұста сүрінді. Себебі жұмыс орнының анық­та­масы кез келгеннің қолына тие бермейді. Конкурста үміткерлердің бағдарламадан өтетін не өтпейтіні балдық шкаламен есептелді. Яғни жастардың жұмыс өтілі, отбасылық жағдайы, отбасыдағы бала саны да ескерілді. Егер жоба сәтті іске асып, жастар үйлі болып жатса, келер жылы жергілікті әкімдікпен қатар Отбасы банк те қаржы қарастыруды жос­парлап отыр, – дейді ол.

Алғашқы жарнаны ескермегендер көп

Бағдарламаның іріктеу кезеңінде үміткер Отбасы банктен жеке шот ашып, үй алуға деп белгілеген қаржының бес пайызын, яғни алғашқы жарнасын аударуға тиіс болған. Журналист Құрбанәлі Аманкелдіұлы жастардың тұр­ғын үй алуына орайластырылған бағдарламаның ережесінде жолдаманы әр саланың мамандарына теңдей үлестірудің тетігі қарастырылса екен деген тілегін жеткізді. Расында журналис­тика­дағы жастардың ипотекалық үйден қол созым жерде қағылуы, сала маман­да­рының әлеуметтік жағдайы бірыңғай жақсы, баспанаға мұқтаждығы жоқ дегенді білдірмесе керек.

– Жастарды баспанамен қамтуға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бізге қажет-ақ. Әзірге «Әулиеата жаста­рының» бір қайнауы кем деп ойлаймын. Меніңше, ережеде көрсетілген саланың барлығына теңдей басымдық берген дұрыс. Себебі әр конкурс сайын білім мен медицина саласының қыз­меткерлері жолдамаға қол созса, өзге үміт­керлер бағдарламаға сенуден қалмай ма? Сондықтан әкімдіктен бөлінген қаржы 50 жасқа шақталса, сол соманы 5 салаға теңдей үлестірген әлдеқайда әділетті болар ма еді деп ойлаймын. Мен конкурстың алғашқы кезеңіне қатысып, іріктеуден өте алмадым. Себебі «өтініш қалдырарда Отбасы банкте алғашқы 5 пайыз жарна болуға тиіс» деген талапты ескермеппін. Жарнаны іріктеуден өткен соң аударамын деп топшылаппын, – деген үміткер құжаттарын талапқа сай жинап, тұрғын үй бағдарламасына қайта қатысып, бағын сынап көретінін айтты.

Қазір «Әулиеата жастары» бағдар­ла­масының қосымша іріктеу кезеңі де аяқталып, резервке 32 жас енген. Енді жыл соңына дейін жергілікті әкімдіктен қаралған қаржы тізімдегі және резервтегі үміткерлерге Отбасы банк арқылы үлес­тіріледі.

– Іріктеудің бірінші кезеңінде комиссия мүшелері «өтінім қалдырған жастардың құжатын қарауға бірер күн берілді» деп уәж айтқан соң, қосым­ша іріктеудің шешімін шығаруға асық­падық. Жуырда Отбасы банктен алғаш­қы іріктеуден сүрінбеген 30 жас пен апелляция тәртібі бойынша құжаты ма­құл­­данған 5 үміткерге қатысты ақ­парат алдық. 35 үміткердің ішінде 22 жастың несие тарихы, төлем қабілеті сынды деректері талапқа сай келсе, бір үміткер бағдарламаға қатысудан бас тартты. Сонда қазір өңірде 21 жас үй алуға да­йын. Енді кешегі конкурстың нәтижесі бойынша 32 үміткер резервке енді. Қазір құжаты банктің талабына сай келген 21 үміт­кер шамамен 245 млн теңгеге үй алады десек, үстіндегі 255 млн теңге орта есеппен тағы 20 үміткерге жетуі керек. Біз енді резервтегі жоғары ұпай жинаған 20 жасқа жолдама беріп, 12 үміткерді есепте ұстаймыз. Кейін банк­тің сұранысына сәйкес резервтегі ұпайы жоғары үміткерлерге жолдама беріп отырамыз, – дейді басқарма басшысы.

Жамбыл облысы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар Отбасы банктің облыстағы басшылығымен кеңескенін де айтты. Банк басшылығы келер жылы бағдарламаға 1 млрд теңге немесе ке­мін­де 500 млн теңге көлемінде қаржы қарауға болатынын айтыпты. Бірақ Отбасы банк екінші деңгейлі банктердің па­йыздық мөлшерлемесі өскенін еске салып, тұрғын үйдің пайызын 5 емес, 8 пайызға дейін өсіру туралы ұсыныс жасаған. Бұл ретте басқарма басшылығы өңірдегі жастардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, бағдарламаның пайызын өсіруге келіспеген. Ал облыс әкімдігі «Әулиеата жастары» бағдарламасы сәтті жүзеге асса, келер жылы бағдарламаға бөлінетін қаржыны арттыруды ойластырып отыр. Егер қос тарап тиісті соманы жыл басында қарастырса, Жастар басқармасы бағдарламаның шарттарына өзгерістер енгізіп, іріктеу кезеңін мейлінше ерте ұйымдастыруға дайын.

Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда сатып алу құқығын­сыз жалға берілетін тұрғын үй бағдар­ла­масы іске асып жатыр. Мұнда жас­­тар бес жылдың шеңберінде көздеген баспанасының бастапқы жарнасын жиып, көп ұзамай үйлі болса, босаған тұрғын үй келесі үміткерге беріледі. Сол секілді биыл жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген өңірлік бағдарламалар үйлесімді іске асса, келер жылы облыстық әкім­дік­термен қатар Отбасы банкі де қаржы бөлуден қашпайды. Демек, тиімді­лігі байқалған бағдарламаларды қаржы­лан­ды­ру жағы ақсамаса, баспанасыз жүрген біраз жастың мәселесі көп ұзамай шеші­летіні сөзсіз.

 

Сәндібек АСАНӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan»