• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қараша, 2022

Аты дардай, абыройы жұрдай

394 рет
көрсетілді

2006 жылы Үкімет қаулысымен облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың бәрінде құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсiпкерлiктi дамыту, әлеуметтiк жобаларды iске асыру, iшкi нарықты бәсекеге қабiлеттi өнiмдермен қамтамасыз ету арқылы өңiрлердiң әлеуметтiк жай-күйiн жақсартуға тиіс еді.

Алайда арада өткен уақыт ішінде ӘКК-лердің тұрақтандыру қорларының көмегімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шектен тыс қымбаттатпай ұстап тұруға және шағын кәсіпкерлікті қолдауға ба­ғыт­тал­ған жұмысы ойдағыдай нәтиже бер­ді деу қиын. Бұған айғақ ретінде ауыз­дық­­тал­мақ түгілі, жүген-құрық көр­меген асау­дай аспанға секіріп тұрған азық-түлік бағасын айтуға болады.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V оты­рысында сөйлеген сөзінде: «Әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­циялар­ды толыққанды институтқа айнал­дыратын кез келді. Өңірлік корпора­циялардың жұмысы қоғамның ашық әрі толық бақылауында болуға тиіс. Құзы­ретіне жатпайтын және маңызы төмен актив­терді олардың қарамағынан алып таста­ған жөн. Жаңарған әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациялар жергілікті бизнес­тің бәсекелесі емес, сенімді серікте­сі болуға тиіс», деп нақты міндет қойған болатын. Соған сәйкес Үкімет әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациялар­ды да­мытудың 2025 жылға дейінгі ке­шен­ді жоспарын әзірлеп, оны 2021 жыл­ғы 4 тамыздағы №520 қаулысымен бекітті.

Аталған құжатта ӘКК-лер 15 жыл ішінде тиімді өңірлік даму институттарына айналмағаны және оған бірқатар жүйелі проблема мен қайшылық себеп болғаны атап көрсетілген. Соның ішінде ӘКК-лердің көбінің қызметі үнемі шығынды болғаны, тіпті кейде олардың тарапынан бизнеске бәсекелестік жасамау туралы басты қағидат бұзылып, мұның аяғы нарықтағы бұрмалауларға алып келгені айтылған. Ал бизнес өкіл­де­рі ӘКК-лерді өңірлік билік тара­пынан жасалатын артықшылықтары бар, әрі дұрыс бәсекелестікке кедергі келтіретін құрылымдар деп санайды екен.

ӘКК-лерге «Ұлттық компания» деген дардай ат берген Үкімет оларға әр­түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен тап­­­сырмаларды орындаушы ретінде қа­­ра­­ғанымен, іс жүзінде олай болмай шықты. Шынтуайтында, ӘКК-лер әкім­діктердің өңірлердің тұрақтандыру қор­ларын басқарумен айналысатын, сон­дай-ақ кейде ірі және имидждік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін шаруашылық құрылымдарына айналған. Оларда «Үкімет – алыста, ал әкімдік – қа­сы­мызда» деген ұстаным әбден орнық­қан.

Үкіметтің кешенді жоспарында ӘКК-лерді өңірлік даму институттары етіп трансформациялауға, олардың қызметі өңір­лер экономикасының орнықты жұ­мыс істеуіне қолдау көрсетуге, өзде­ріне басқаруға берілген активтерді тиім­ді бас­қаруға, жұмысы ашық болуына ба­­­ғыт­талған іс-шараларды іске асы­­­ру көз­дел­ген. Алайда бұрынғы Үкімет Мем­лекет басшысының ӘКК-лерді то­лық­­қан­ды институтқа айналдыру жө­нін­дегі тапсырмасын орындауға онша асықпаған сияқты. Соның айғағы болар – былтырғы тамыз айында қабыл­дан­ған кешенді жоспарда ӘКК-лерді транс­фор­ма­циялаудың Жол картасын әзірлеу бір жыл үш айдан кейінгі мер­зім­ге, нақты айтсақ, 2022 жылдың қара­ша айына белгіленіпті.

Осындай жайбасарлықтың салдарынан ӘКК-лердің басшылары өз жұ­мыс­тарын бұрынғыша жалғастырып, «қолдарында барында қоныштарынан басып» жүр деуге болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің мәліметіне қарағанда, олар «ин­вес­тициялық жобалар» деген желеумен жер телімдерін конкурссыз берумен, үлестес тұлғаларға активтерді төмендетілген бағамен сатумен жаппай айналысқан. Бұған қоса, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бө­­лінген 39 млрд теңгені нәтижесіз жұм­­саған. Кредиттерді өздерінің үлес­тес компанияларына беріп, олардың міндеттемелерін орындауына бақылау жасауды естен шығарған. ӘКК-лер жол берген осындай бұзушылықтардан келтірілген залал 7 млрд теңгеден асып түскен. Сол себепті олардың лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. Антикордың бағалауынша да, ӘКК-лер өздерінің негізгі міндеті – бизнесті дамытуды ынталандыруды және жекеменшік айналыспайтын салаларды қолдауды іске асырып отырған жоқ. Олар пайданы депозитке салған қаржыдан алатын сыйақы мен мүлікті сатудан түсетін қаражаттан тауып отыр.

Президент биылғы 14 шілдеде болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында ӘКК-лерге қатысты: «Тұрақтандыру қорлары қыз­метінің тиімділігі төмен. Олардың нарыққа əсері шамалы. Кейде олар теріс пи­ғылды адамдардың қалтасын қам­пай­тады. Бюджетті жымқыру фак­тілері жиі анықталады. Əкімдер мемлекет қар­жы­сының жұмсалуына бақылауды жо­ғалтқан», деген сын айтқан еді.

Соған қарамастан, елімізде шілде-та­мыз айларында қант бағасы күрт қым­бат­тап, тұтынушылардың наразы­лығын туғызғаны мәлім. Дәл сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет­тің Қостанай облысы бойынша де­­партаменті өңірдегі бағаны тұрақ­тан­­дыруға арналған қантты бөлудің қыл­мыстық схемасын әшкереледі. Об­лыс­тық әкімдік пен «Тобыл» ӘКК» АҚ қызметкерлері қант тапшылығын пай­далана отырып, тұрақтандыру қоры­нан оның килосын өздері таңдаған кәсіп­кер­лерге 420 теңгеден берген. Сол үшін кәсіпкерлер облыстық әкімдік пен ӘКК қызметкерлеріне сыйақы ретінде 100-ден 500 килоға дейін қант үлестірген. Ал қарапайым халыққа қантты бекітілген 10 пайыздың орнына, 100 пайыз үстеме бағамен сатып, оңай пайда тапқан. Бұл ӘКК-лердің абыройын айрандай төккен масқарашылық болды.

Бұған қоса, өткен қазан айында Бә­се­­ке­­лестікті қорғау және дамыту агент­­­тігі құқықтық шараларды қолдану үшін жол­­­даған материалдардың негі­зін­де Сы­­байлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет ӘКК-лердің лауазымды тұл­ға­­­ларының жер телімдерін беруде өз өкілеттіктерін теріс пайдалану деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тек­серулерді бастады. Осы іс-шара ба­ры­сында Астана қаласында және Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарының «Astana», «Тараз», «Сары­арқа», «Солтүстік» ӘКК-ле­рі заң­ды тұлғаларға 33 жер телімін ба­сым қызмет түрлерінің тізбесіне енгі­зіл­меген инвес­тициялық жобалар­ды іске асыру үшін қолданыстағы заң­на­ма­ны бұза отырып, рәсімдеп бер­гені әшке­ре­ле­ніп отыр. Мысалы, Қара­ған­ды облысында 2019-2021 жылдар ара­лығында Қара­ғанды, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдіктері «Сары­арқа» ӘКК-не 14 жер телімін Кәсіпкерлік ко­дек­сінің нормаларын және қалалардың бас жоспарларын бұза отырып берген. Солтүстік Қазақстан облысының «Сол­түс­тік» ӘКК 6 жер телімін құрылыс са­лу­­шыларға ешқандай сауда-саттық өткіз­­бестен үлестірген. Осыған ұқсас бұзу­­шы­лықтар арқылы кәсіпкерлерге Астана қаласында – 8, Жамбыл облысында 5 жер телімі берілген. Заңсыз бе­рілген жер телімдерінің барлығы Анти­­кор­дың араласуымен мемлекет мен­шігіне қай­тарылды.

Мемлекет басшысы көтерген ӘКК-лерден олардың құзіретіне жатпайтын актив­терді алу мәселесі де өзекті күйінде тұр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан об­лы­сының «Солтүстік» ӘКК осыдан бір­неше жыл бұрын жеке меншіктен жергілікті «Первый Северный» телеарнасын сатып алған екен. Енді оны аукционға салса да, ешкімге өткізе алмай әлек болып отырған көрінеді.

Үкімет қазір ӘКК-лерді жергілікті атқарушы органдарға өңірлердің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруға жәрдемдесетін коммерциялық емес заңды тұлғалар – Өңір­лік даму институттары (ӨДИ) етіп қайта форматтауды ұсынып отыр. Олар­дың міндеті кәсіпкерлердің қажетті ақ­парат іздеуге жұмсалатын транзак­ция­лық шығындарын төмендету, адами ресурс­тардың дағдылары мен құзы­рет­те­рін дамыту, қажетті өндіріс­тік және ма­мандандырылған инфрақұрылымды құру және оның қолжетімділігін арттыру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға жәр­дем­десу болмақ. ӨДИ-лердің қара­уын­да олардың жарғылық мақсат­тарында көз­дел­ген қызметтерін қамтамасыз етуге қажет мүлік қана қалдырылмақ. Бейін­ді емес активтердің барлығын жеке­ше­лен­діру немесе жергілікті атқару­шы орган­дар­ға беру ұйғарылған.

Түйіндей айтқанда, аты дардай бол­ға­нымен, ел ішінде, әсіресе кәсіпкерлік ортада абыройдан жұрдай болған ӘКК-лерді трансформациялау ісі созбаққа салынбай, тездетілсе, құба-құп.