• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қараша, 2022

Түркияны дүрліктірген лаңкестік

310 рет
көрсетілді

Әлемді әбігерге салған лаңкестік, өкінішке қарай, Ыстанбұлға тағы да жетті. Соның салдарынан 8 адам қаза тауып, 81-і ауыр жарақат алды. Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мұны «тер­рористік шабуыл» деп мәлімдеді. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жантүршігерлік лаңкестік салдарынан құрбан болғандар туралы хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ел басшысы Р.Ердоған бүгін Бали­де өтетін G20 саммитіне қа­ты­суы тиіс. Жарылыс Түркия Пре­зи­дентінің сапарға шығар алдында болды. Жолға шықпастан бұрын сөйлеген сөзінде ол ша­буыл­ды жасағандар жаза­ла­­на­тынын жеткізді. Сон­дай-ақ тер­геудің жал­ғасып жат­қа­­­нын, бірақ алғаш­қы мәлі­мет тер­рор­лық әрекет екенін көр­се­те­т­інін мәлімдеді. «Қала губер­на­то­ры­ның бізге берген ал­ғаш­қы ақ­па­раты мұның лаң­кес­тік әрекет екенін көрсе­теді», деді Р.Ердоған.

Ыстанбұл губернаторы Али Йер­ликаяның келтірген мәлі­­мет­теріне сәйкес, жарылыс жер­гі­лікті уақытпен сағат 16:20-да Бейоглу ауданындағы Истиклал көше­сін­де жасалған. «Оқиға орнына жедел жәрдем, құт­қа­ру­шылар, қауіпсіздік күштері мен AFAD бригадалары дереу жөнелтілді. Құрбандар мен зардап шеккендер бар. Қосымша ақпарат тағы жарияланады», деді Али Йерликая Twitter-дегі парақшасында.

Мемлекеттік Anadolu ақпарат агент­тігінің хабарлауын­ша, жарылысты тергеуге бес прокурор тағайындалған. Шабуыл болған сәт­тен бастап желіде жария­лан­ған бейнелерде үрейленген адам­дар­дың жүгіріп, көшенің ортасынан алыстан от шары көтерілген кезде жақын маңдағы дүкендерге жасырынуға ты­рыс­қаны көрінеді.

Reuters агенттігі лаңкестік әре­кет­тің бейнебақылау камера­ла­рына түсіп қалған сәтін жа­рия­лады. Бейнежазбаларда адам көп жүретін көшеде онда­ған жаяу жүргінші кетіп бара жатқанда жары­лыс болады. Түтін сейіл­генде құлаған адамдардың қа­шу­ға әре­кет­тенгені, жерде ке­мінде төрт мәйіт­тің жатқаны бай­қалады. Al Jazeera арнасының Ыстанбұл­дағы тілшісі Синем Косеоғлу қаза тап­қан­дар арасында үш жасар қыз бен оның әкесі бар екенін хабарлаған.

Ыстанбұлдың Бейоглу ауда­­нын­дағы Истиклал көшесі турис­тер көп баратын жер саналады. Онда көптеген әлемдік брендтер, түрлі дүкендер орна­лас­қан. Жа­ры­лыстан кейін жаяу жүргін­ші­лер тезірек кетуге тырысты. Полиция көше­лер­ді жапқан. Көп ұзамай Истиклалдың қалған бөлігі қайта ашылды. Бірақ дү­кендер жа­бы­лып қалды. Ал полиция тікұшақтары шаһарды үстінен бақылады.

Ыстанбұл мэрі Экрем Има­моғ­лу да оқиға орнына барды. Жа­ры­лыс оның Оппози­ция­лық Рес­публикалық Халық пар­тия­сы­ның (CHP) штаб пәтерінен 200 метр жерде болған.

«Мен Истиклал көшесіндегі өрт сөндіру бөлімшелерінен ақ­па­рат алдым. Олар полициямен келісе отырып, ауданда тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Медицина қызметкерлері де аянып жатқан жоқ. Қайтыс болғандарға Алланың мейірі­міне бөленіп, зардап шеккен­дер­дің тезірек сауығып кетуін тілеймін», деп жазды ол Twitter-де.

Түркия полициясы жары­лыс­қа қатысы бар деген күдікпен 46 адамды тұтқындады. Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу журналистерге берген сұхбатында ұсталғандар арасында бомбаны қалдырған адам да бар екенін мәлімдеді.

С.Сойлу жарылысқа Күр­діс­тан жұмысшы партиясын (PKK) айыптады. «Біздің баға­лауы­мызша, лаңкестік бұл әрекетке тапсырыс Сирияның сол­түс­ті­гіндегі Айн әл-Араб қала­сынан келген», деді ол. Аталған қа­лада PKK-ның штаб пәтері ор­на­ласқан деп есептеледі.

Түркия билігі оқиғаға ДАИШ-тың (Қазақстанда ты­йым са­лын­ған террористік ұйым) да қа­тысы болуы мүмкін еке­нін жоққа шы­ғармайды. Де­ген­мен әзірге ша­буыл­ға жауап­кер­шілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жарылыстан зар­дап шеккендер арасында Қа­зақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Түркиядағы отандастарымызды сақ болуға шақырды. Әсіресе адамдар көп жиналатын жерлер­де барынша сақ болуға кеңес бер­ді.

Сондай-ақ Әзербайжан, Мы­сыр, Франция, Грекия, Италия, Пә­кістан, Украина, Ұлы­бри­та­ния және АҚШ сияқты бір­неше мемлекеттің басшылары Түркияға көңіл айту жеделхатын жолдады. Грекия жарылысты айып­­­­­­таса, АҚШ терроризмге қарсы тұруда НАТО-дағы одақ­та­сымен иық тіре­сетінін жет­кізді.

«Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз. Біз терроризммен кү­ресте сіздермен біргеміз», деді Фран­ция президенті Эммануэль Мак­рон түрік халқына жол­да­ған көңіл айту жеделхатында. Украина президенті Володимир Зеленский Twitter-де түрік ті­лін­де: «Дос тү­рік халқының қай­­­ғысы – біздің дер­тіміз» деп жазды. Еуропалық Кеңес төра­ғасы Чарльз Мишель де Ана­до­лыдағы ағайынға көңіл айтты.

Жалпы, бұған дейін Түркия­ның ірі шаһарларында бірне­ше рет террористік шабуыл бол­ған-ды. Мәселен, 2016 жылы Ыстан­бұл­да­ғы футбол стадио­ны­ның сыртында бомба жарылып, 38 адам қаза тапты, 155 тұрғын жараланды. Бірақ Түркия бұл қайғының да қара бұлтын сейілткендей еді. Мұндай лаңкестік әрекеттер рухты түрік халқының еңсесін түсір­месі  анық.