Орталық сайлау комиссиясы сайлауды Қазақстаннан тыс жерлерде өткізуді қамтамасыз ететін барлық 68 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері үшін оқыту семинарын өткізуде. Бұл туралы ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Саяси партияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға, БАҚ өкілдеріне оқыту семинарларын өткіздік. Орталық сайлау комиссиясы сайлауды Қазақстаннан тыс жерлерде өткізуді қамтамасыз ететін барлық 68 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері үшін оқыту семинарын өткізуде», деді Нұрлан Әбдіров шетелдік дипломатиялық өкілдер үшін өткен брифингте.
Сондай-ақ ол қыркүйек айында жастардың назарын сайлау үдерісінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың электоралдық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясының жанынан «Жас сайлаушылар клубы» құрылғанын айтты.
Спикердің айтуынша, ОСК мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, жергілікті комиссияларға инватакси, сурдоаударма, тактильді жолдар және Брайль трафаретімен қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
«Орталық сайлау комиссиясының жанынан Мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды, Ол белсенді жұмыс істейді. Оның құрамына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі беделді республикалық және өңірлік бірлестіктер кіретіндей етіп кеңейтілді», деп қосты Н. Әбдіров.