Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартап технопаркі Astana Hub-тың құрылғанына 4 жыл толды. Осы уақыт аралығында ІТ-салада тыңнан түрен салған технопарк игі істерге ұйытқы болды.
Astana Hub қызметі IT-бизнес үшін экожүйені қалыптастыруға, IT-таланттарды қолдауға және стартап жобаларды дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда Astana Hub-та 930 IT-компания тіркелген, оның ішінде 170-і шетелдіктердің қатысумен жұмыс істеп тұр. Оларға ақпараттық-оқу, материалдық инфрақұрылым, бизнесті дамыту бағдарламалары, арнайы салықтық және визалық тәртіптер тұрғысынан қолдау көрсетіледі. Технопарк резиденттері 12 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып отыр.
Astana Hub іске қосылғаннан бері технопарк қатысушыларының жиынтық табысы 383 млрд теңгені құраған. Оның ішінде ІТ қызметтер экспорты 123,3 млрд теңгеге тең.
– Отандастарымыздың көпшілігі Astana Hub қатысушылары жасаған стартаптардың игілігін көріп жатыр. Бұл технологияларды түрлі саладан байқауға болды. Мәселен, жұмыста Documentolog сервисінің, қалада Parqour паркинг қызметтерінің, CITIX смарт тақталарының, UvU қауіпсіз таксиінің, «Қолжетімді Қазақстан» шектеулі адамдарға арналған қоғамдық орындардың қолжетімділік картасының игілігін көріп отырмыз. Осылайша, Astana Hub қатысушылары қазақстандықтарға күнделікті өмірде көмектесіп, қоғамның дамуына атсалысып жатыр, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Тартылған инвестиция көлемі бойынша стартаптардың үздік үштігі келесідей: JET – мобильді қосымша арқылы скутерді жалға беру қызметі; Serebra – нейрондық желілер негізінде инсультті ерте диагностикалау бағдарламасы, жүйе Қазақстан бойынша 20 инсульт орталығында қанатқақты режімде жұмыс істейді; СТОграмма – автосервистерді және қосалқы бөлшектерді іздеу платформасы.
2018 жылдан бері Astana Hub базасында 15 мыңнан астам адам Startup School, No-code School, Freelance School, Beta Career, Tech Orda сияқты білім беру бағдарламаларынан өткен. Сондай-ақ 2 мыңнан астам адам Astana Hub акселерация және инкубациялау бағдарламаларының түлектері болып саналады.
– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің бастамасымен қолға алынған Tech Orda бағдарламасы жекеменшік бағдарламалау мектептеріне IT-саласында жеке тұлғаларды даярлауға қаржылық қолдау көрсетеді. Былтыр Astana Hub-тың жеке қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студенті қаржыландырылды. Осы жылдың 1 қыркүйегінде ІТ-мектептерден өтінімдерді қабылдау және өңдеу басталып, 50 IT-мектебі аккредитациядан өтті. Қазір бөлінген қаржы аясында оқуға қабылданған тұлғаларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 18 бен 45 жас аралығындағы 3 мыңнан астам талапкер жекеменшік IT-мектептеріне түседі. Бағдарлама аясында әрбір бағдарламалау мектебіне бір оқушыға 600 мың теңгеден аспайтын қаржы бөлінеді, – дейді М.Мәдиев.
2025 жылға қарай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен еліміздің жетекші бағдарламалау мектептерінде 20 мың студентті IT-дағдыларына оқыту жоспарланған. Tech Orda бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары санатты IT-маман даярлау қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады.
Былтыр Scalerator деп аталатын алғашқы экспорттық акселератор іске қосылғаны белгілі. Бағдарлама стартаптарға Солтүстік Америка, Еуропа, ТМД елдері және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты жаңа нарықтарға шығу, бүкіл әлем бойынша компаниялармен келісімшарттар жасау құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның бірінші легінің 10 аптасында қатысушылар 840 мың доллардан астам қаржыға экспорттық келісімшарттар мен келісімдер жасады. Биыл қыркүйек айында 40 стартап іріктеліп, екінші легі басталды.
Сондай-ақ Seed Money бағдарламасы аясында 2021 жылдан бастап стартаптар өз жобасын дамытуға қаржы ала алады. Бұл әртүрлі кезеңде (MVP, Product/market fit, MVP) ІТ-стартаптарына арналған кешенді қолдау бағдарламасы. Бағдарлама бойынша қаржыландыру revenue share (equity free) моделі бойынша жүзеге асырылады, яғни қаражат игерілгеннен кейін 3 жыл ішінде жобаны іске асырудан түсетін кірістің 1 пайызын төлеу міндеттемесін білдіреді. Түскен қаражат IT-саланың экожүйесін одан әрі дамытуға жұмсалады.
– Осы жылдың сәуірінде Astana Hub халықаралық технопаркі Google for Startups компаниясымен серіктестік туралы келісімге қол қойып, корпорацияның Орталық Азия аймағындағы бірінші серіктесі атанды. Серіктестік аясында Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдері үшін Silkway Accelerator бағдарламасы іске қосылды. Silkway Accelerator бағдарламасының бірінші легі аясында жобаларын дамыту мүмкіндігіне ие болған 15 стартаптың 13-і бағдарламаны сәтті аяқтады. Олар жаңа әлемдік нарықтарға шықты. Акселерация бағдарламасына қатысушылардың арасында үш айдың ішінде бағасын екі есе арттырған компаниялар да, айлық табысы 22 есеге өскен стартаптар да бар, – деп нақтылады технопарк басшысы.
Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі 2 қыркүйекте басталды, оқу Астанада оффлайн режімде өтеді және 3 айға созылады. Silkway Accelerator қатысушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub жанында тегін баспанаға, жұмыс орнына және Seed Money бағдарламасы бойынша 55 мың долларға дейін қаржы алу мүмкіндігіне ие.
Дәстүрлі түрде көптеген панельдік сессиялар, технопарктер көрмесі, IT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-бос орындар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle байқауы және тағы осы секілді дүниелер ұйымдастырылатын Digital Bridge цифрландыру халықаралық форумы технопарк қызметінде ерекше орынға ие. Биылдың өзінде бұл форум алаңында әлемнің 15 елінен 25 мыңға жуық қатысушы, 300 IT-компания, 150 венчурлық инвестор, 300-ден астам спикер және 100 стартап бас қосып, Орталық Азия елдерін біріктірген ең ірі IT-платформаға айналды.
Әртүрлі іс-шаралар да тұрақты түрде өткізіледі. Олардың қатарында Pizza Pitch, Speaker Night, Startaphana секілді іс-шараларды атап өтуге болады. 2018-2022 жылдары жалпы саны 50 мыңнан астам тыңдаушыны қамтыған 1 мыңнан астам іс-шара өткізілген екен.
Еске сала кетейік, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі 2018 жылдың 6 қарашасында құрылды. Оның қызметі – қатысушыларға акселерация қызметтерін, технологиялық бизнес-инкубациялауды ұсыну, консалтингтік, ақпараттық, аналитикалық, білім беру, маркетингтік іс-шараларды өткізу арқылы қатысушылардың дамуына жағдай жасап, инновациялық экожүйені жетілдіру.