Осыдан он жыл бұрын ба екен, «Малдыбаевтың тақтасы трансформатордың жанында тұр» деп мақала жазғанбыз. Ондағы ойымыз – қазақтың тұңғыш әскери ұшқышына деген құрметіміздің деңгейін көрсеткіміз келген, батырға лайық белгі орнатылса деген тілегіміз болған. Неше жылдан соң сол тілегіміз орындалды. Ертісті жағалай жатқан Жақыпбек Малдыбаев көшесінде оның барельефті мүсіні ашылды.
Салтанатты шараға батырдың туған-туыстары, қала басшылығы және Жақыпбек Малдыбаевтың өмір жолын зерттеп жүрген ардагер журналист, жазушы Айтмұхамбет Қасымов қатысты.
– Небәрі 31 жыл ғұмыр кешкен Жақыпбек ағамыздың өмірі мен еңбек жолын зерттеп, шаң басқан архивтерден көтеріп, екінші ғұмырына мұрындық болғаныма қуанамын. Ағаның атын қайта жаңғыртуға оның туыстары, Малдыбай әулетінің барлығы да атсалысты. Осы үлкен іске қолдау болған Жақсылық Мұқашұлына, оның іскер командасына, ескерткіштің авторы – семейлік мүсінші Нұрбол Қалиевке ерекше алғыс білдіремін! – деді Айтмұхамбет Қасымов.
Алайда Жақыпбек Малдыбаевтың есімі ел есінде қалуы үшін ерекше үлес қосып жүрген Айтмұхамбет Қасымовтың өзі. Жуықта ғана «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы» атты кітап шығарды. Сол жинаққа көз жүгірте отырып, батырдың өмір жолына қысқаша тоқталып өткейік:
Ж.Малдыбаев 1907 жылы Зайсан ауданы, Шеңгелді ауылында дүниеге келген екен. Ауыл мектебінде мұсылманша хат таныған дейді. Жиырма екі жасқа қараған шағында Жақыпбек арыз жазып, қызыл әскерлер қатарына алынған. Сол жылы Түрікменстанның Мерв қаласындағы Түркістан ерекше кавалериялық бригадасының 82-полкына қызметке келген. Бұл жыл ішкі-сыртқы жаудың қай қиырдан шабары белгісіз болып тұрған кез еді. Мерв ауданының өзінде Атабай, Құдайберді, Мирбек, Шамсудин сияқты әулеттердің маңына топтасқан басмашылар малды құм ішіне айдап кетіп, бүкіл ауылды арғы бетке өткізіп, ермегендерін қынадай қырған. Өзін «Түркімен көтерілісшілерінің көсемімін» деп атаған Оразгелдінің қарақшыларының ізіне Жақыпбектер құм ішінде түсіп, ақыры қолға түсірді. Басмашылармен тағы бір үлкен шайқас Ханғали құдығының маңында болған. Сол жолы Жақыпбек жалғыз өзі сегіз тұтқынды негізгі отряд тұрған он шақырым жердегі Қаракүңірге айдап, жолға шығады. Жолда тұтқындар қолдарын босатып алып, Жақыпбекке қарсылық көрсетпек болады. Әккі сарбаз сол жерде қарсы шыққан үшеуін атып, қалған бесеуін алып келіп, штабқа тапсырған. Сол жолғы жеке батылдығы мен ерлігі және Түркімен ССР-і аумағында басмашыларды жоюға қатысқаны үшін 82-кавалерия полкінің қызыл әскері Малдыбаев бағалы сыйлық – сағатпен наградталған. Ол туралы Түркіменстан Орталық мемлекеттік архивінен алынған құжаттарда көрсетілген екен. Кейін полк мектебін бітіріп, бөлімше басқарды, взвод командирінің көмекшісі болған екен.
1931 жылғы 25-қаңтарда өткен ІХ съезінде комсомол Қызыл әскердің Әскери-әуе күштерін өз қамқорлықтарына алып, бүкіл Одақ бойынша «Комсомол – самолетке!» деген ұран тасталыпты. 1932 жылы әскери мектепті ойдағыдай бітіріп, РККА командирі атағын алған жерлесіміз Жақыпбек Малдыбаев ұшқыштар және ұшқыш-бақылаушылар даярлайтын 9-әскери мектепке қабылданды. Мақтанышпен айта кетерлігі, әскери ұшқыштар мектебінің табалдырығын қазақ жігіттерінің ішінен тұңғыш рет аттаған азамат осы Жақыпбек Малдыбаев. 1933 жылы әскери ұшқыштар мектебін тәмамдаған 484 адамның он тоғызына ғана «Әскери ұшқыш-бақылаушы» атағы беріліп, Мәскеудегі әскери-әуе күштері жанындағы әскери арнайы қызмет мектебіне, фотоқызмет бастығының курсына қабылданады. Әлбетте, оның ішінде жерлесіміз де бар. Жа-қыпбек бұл курсты 1934 жылғы 24-шілдеде бітіріп, Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы, сонымен қатар, фотоқызмет бастығы болып тағайындалды. Сол жылы күзде Жақыпбек өз өмірінде тұңғыш рет 75 күндік демалыс алып, сонау Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданындағы Еңбек ауылына келді. Ауылдастары ер жігітін хан көтеріп, той жасап қарсы алған. Сол жылы он үшке толған кенже інісі Құмарбек «мен де өскенде ұшқыш болам» деп мақсат қойған еді. Кейін Құмарбек Малдыбаев Ұлы Отан соғысына ұшқыш болып қатысты.
Жақыпбек Малдыбаев, Хасан көліндегі қақтығыстарда, Испания соғысында интернационалдық борышын атқарған. 1936 жылғы 16-ақпандағы парламенттік сайлауда жеңіп шыққан Испания халықтық майданына қарсы германия-италия интервенттерінің бүлігі бүкіл дүниежүзілік сипат алып, испан халқының өз бостандығы жолындағы күресіне 54 елден еріктілер барып, көмек бергендігі тарихтан мәлім. Осы соғысқа 160-тан аса кеңестік ұшқыш қатысқан. Сол жылдары Жақыпбек Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында ұшақ апатынан қаза болған.
Бұл естеліктерді Айтмұхамбет Қасымов батырдың інісі Әбілбек Малдыбаевтың аузынан жазып алған екен. «...Аға жайлы қайғылы хабарды естіген соң жерлеуге Сталинабадтан Юлия жеңгей (Жақыпбектің жұбайы) екеуіміз бардық. Қоштасуға жолдастары көп жиналды. Әскери аэродромның ішінде жерледі. Басына қысқаша өмір жолы жазылған, темір құлпытас орнатты. 1938 жылдың көктемі болатын. Каникул таяп қалған соң елге қайттым. Жеңгейім Жақыпбек ағаның қан болған көйлегі мен пимасын бізден «ел-жұрт көрсін, бақұлдассын» деп беріп жіберді» деген екен Әбілбек ақсақал.
Бертінде Жақыпбектің бейітін табу үшін Айтмұхамбет Қасымов жер-жерге сұрау салыпты. Сөйтсе Малдыбаевтардың жиені Назархан Өңкебаев ақсақал шамамен 1970 жылдары Ташкентке барып, нағашысының зиратын көріп қайтқан екен. Айтуынша, құлпытаста «Малдыбаев Жақыпбек Есжанович қазақтан шыққан 1-ші ұшқыш» деп жазылыпты...»
Мінеки, сонау отызыншы жылдары техника тілін меңгерген қазақтың тұңғыш ұшқышы Шығыстан шықты. Өкініштісі сол, жасындай жарқ еткен Жақыпбек отыз бір-ақ жасында өмірден озыпты. Бірақ есімі мәңгі ұрпақ жадында сақталады. Соның бір белгісі ретінде бүгін ашылған ескерткіші дер едік. Мүсінші Нұрбол Қалиба рельефті ұшқыш бейнесін ұшақтың қанатына орналастырғанында да үлкен мән, мағына жатыр деп түсіндік...
Шығыс Қазақстан облысы