Орталық сайлау комиссиясының мүшелері президент сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша ел өңірлерінде көшпелі семинар өткізіп жатыр.
Атап айтсақ, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов инспекциялық сапармен Маңғыстау облысының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына барды. Олар Ақтау, Жаңаөзен қаласы, сондай-ақ Қызылсай, Кендірлі ауылдарының сайлау учаскелерінде болып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді.
Сайлау науқаны кезеңінде облыстың сайлау комиссияларының жұмысы туралы облыстың АСК төрағасы Елубай Әбілов, сайлауды ұйымдастыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев баяндады. Олар облыс бойынша сайлау науқанын өткізу үшін 243 учаскелік және 8 аумақтық сайлау комиссиясы іске қосылып, барлығы 1 765 адам жұмылдырылғанын хабарлады.
Дауыс беруге құқығы бар мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны – 7 906. Облыстың барлық учаскелері жәшіктер, тиісті кабиналар, қажетті ұйымдастыру техникасы, тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Дауыс беру күні 15 инватакси қызметі ұйымдастырылады.
Қалалар мен аудандардың барлық әкімдіктерінде колл-орталықтардың қызметтері жұмыс істейді. Дауыс беру күні әрбір сайлау учаскесінде осы учаске тізіміне енгізілмеген адамдардың сайлау учаскелерін айқындау үшін сервис ұйымдастырылады. Сонымен қатар 5 сайлау учаскесінде мобильді ХҚО жұмыс істейді.
Сапар аясында Н.Әбдіров Маңғыстау облысының сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін учаскелердің ыңғайлылығы мен қолжетімділігі, әрбір учаскеде мүгедектігі бар азаматтардың нақты қандай санаттары осы учаскенің тізіміне енгізілгені, сондай-ақ осы адамдар үшін учаскеде тиісті жабдықтың болуы тексерілді.
Сондай-ақ Н.Әбдіров сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларға, БАҚ өкілдері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларына дауыс беру барысын кедергісіз бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілетіндей етіп сайлау жәшіктерін орналастыру қажетін тағы да ескертіп өтті.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, ОСК хатшысы Мұхтар Ерман және ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина 9-15 қарашада Павлодар, Қызылорда, Алматы және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында семинар өткізді.
Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев облыс бойынша барлығы 510 847 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілгенін хабарлады. Облыста барлығы 528 сайлау учаскесі бар. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің деректері бойынша барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үй-жайлар ОСК нұсқаулығына сәйкес жарақтандырылған.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Дисюпова облыс бойынша дауыс беру кезінде мүгедектігі бар 3,3 мыңнан астам сайлаушы бар екенін хабарлады. Дауыс беру күні 18 инватакси қызметі ұсынылады.
Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ш.Байманов облыста комиссияның 2 710 мүшесі жұмыс істейтінін хабарлады. Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы саны – 482 934 адам. Бүгінгі таңда өңірде 31 мыңнан астам мүгедек адам тіркелген, олардың 20 071-і сайлауға қатысуға құқылы. Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуы үшін жағдайлар жасалған. Сайлау кезінде мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау үшін 32 инватакси қызметі жұмыс істейді.
Ал Алматы облысында дауыс беру күні 606 сайлау учаскесі жұмыс істемек. Облыста барлығы 42 171 мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Дауыс беруге арналған 606 сайлау учаскесінің үй-жайлары ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Дауыс беруге арналған үй-жайларға кіре берісте 572 сайлау учаскесінде тұтқалар орнатылды, тактильді көрсеткіштер 390 сайлау учаскесінде бар. Сонымен қатар 585 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар ұйымдастырылып, кабиналар жабдықталған.
Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Қ.Райымқұловтың мәліметінше, өңірде 560 819 сайлаушы бар.
Алматы қаласы аппараты басшысының орынбасары К.Сухамбековтің мәліметінше, сайлау күні қалада 600 учаске жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 1 млн 170 мыңнан астам азамат енгізілген. Қалада сайлау құқығы бар мүмкіндігі шектеулі 43 мыңнан астам адам тұрады, дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар 6 209 адамға қажет. Барлық сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Барлық сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан, пандустар мен тактильді көрсеткіштер бар. Бұдан басқа, сайлау учаскелерінде жасырын дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделген форматта мониторы бар компьютерлер көзделген. Сондай-ақ дауыс беру күні 54 инватакси жұмылдырылады.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Байкеннің мәліметінше, елордада 407 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелер 100% материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.