• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Қараша, 2022

Криптонарыққа қатер төнді ме?

229 рет
көрсетілді

Әлем бойынша ірілігі жағынан екінші саналатын FTX криптовалюталық биржасы Туиттердегі парақшасында банкроттығын мәлімдеді. Хабарламаға сүйенсек, FTX Trading Ltd., Alameda Research және тағы 130 еншілес компания АҚШ-тың банкроттық туралы кодексіне сәйкес ерікті сот ісін бастаған.

Бұл процедура компанияларға бизнесті қайта ұйымдастыру және қарызды қайта құры­лым­дау кезінде кредиторлардың талап­тарын қорғауға мүмкіндік береді. Платфор­маның бас директоры Сэм Бэнкман-Фрид қызметтен кетіп, оның орнына СЕО болып Джон Рэй III тағайындалған. Әлемдегі аса ірі криптобиржаның құлдырауы цифрлы валюта және биткоин жаңалықтарын жазумен айналысатын CoinDesk медиа құрылымының қарашаның басындағы зерттеуінен кейін басталды. Онда FTX-пен байланысты Alameda (14,6 млрд доллар) компаниясы активінің басым бөлігін FTT токендері құрайтыны анық­талған. Венчурлы саладағы гигант фиатты валюта немесе өзге де криптовалюталары сияқты тәуелсіз активтердің орнына өзінің еншілес компаниясы шығарған монеталармен қамтамасыз етіліп келген. Яғни FTX Alameda шығындарын клиенттердің қаржысы есебінен жауып отырған.

Әйгілі Binance платформасы FTX-ді сатып алу нұсқасын қарастырған. Алайда due diligence (кешенді тәуелсіз бағалау) жүргіз­ген­нен кейін және ірі криптобиржаның клиенттер қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны жайлы жарияланған ақпараттан соң, әуелгі райынан қайтқан. Бұрынғы CEO Бэнкман-Фридтің болжауынша, клиенттер қаржысы мен бизнесті сақтап қалуға 8 млрд доллар қажет болуы мүмкін. Binance-пен мәміле сәтсіз аяқталған соң, ол америкалық Kraken криптобиржасына және Tron блокчейнінің негізін салушы, Huobi биржасы басшыларының бірі Джастин Санға өтініш жасаған. Бірақ оң жауап ала алмаған.

Binance криптовалюта биржасының басшысы Чанпэн Чжао FTX-дің банкротқа ұшы­рауы алдағы бірнеше аптада тағы біраз ірі компанияның құлдырауына әкеліп соқ­тыруы ықтимал дейді. Нарық FTX криптовалюта платформасының айналасындағы дағ­дарыстың барлық салдарын әлі сезініп үлгере қойған жоқ, деді ол Индонезиядағы конференция кезінде.

Телеграмдағы Tengenomika каналының хабарлауынша, әйгілі экономист Нуриэль Рубини FTX биржасын қаржы пирамидасы деп санайтынын мәлім еткен. Сондай-ақ эконо­мист Binance биржасына да үлкен күмәнмен қарайды. Еске салайық, Binance биыл Қазақ­станмен тығыз ынтымақтастық орната бас­тады. Мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Binance компаниясының бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдады. Аталған кездесу барысында еліміздің салалық құрылымдары мен Binance компаниясының арасында цифрлық қаржы саласындағы, блокчейн технологиясы бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың ұзақмерзімді перспективалары, сондай-ақ Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесі талқыланған еді.

Сонымен қатар Президенттің қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance ком­п­аниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Криптобиржалар арасында әлемдік лидер болып саналатын Binance барлық эко­жүйе үшін жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Қазақстандағы Binance жол картасын қарастырдық. Біз сондай-ақ блокчейнге бағытталған венчурлық капитал қорын және Astana Hub-тың жергілікті таланттарының жаһандық аренаға шығуына көмектесетін академияны құру әлеуетін талқыладық. Еліміздің крипто әлеміндегі халықаралық ойыншылар үшін аймақтық хаб бола алатынына сенеміз», деген еді министр Бағдат Мусин.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы­ның хабарлауынша, тамыз айында биржа қаржылық қызметтерді реттеу бойынша сау­да алаңы комитетінен цифрлы активтерді бас­қару және кастодиалды қызметтер көрсетуге рұқсат алған. Осылайша, отандық қаржы орталығы ТМД елдері арасында бірінші болып Binance-пен жұмыс істейді.

Чанпэн Чжаоның айтуынша, Қазақстан Азияда алғашқылардың бірі болып криптовалюталарды реттеуге кірісті. Қазақстанның криптовалютаны өндіру бойынша да көшбас­шылық позицияда болуы әйгілі биржаның қызығушылығын оятқан.

«Жаһандық тенденцияны ескере отырып, соңғы жылдары Қазақстан үкіметі крип­товалюталарды өндіру және айналымы са­ласындағы қызметті заңдастырып, «крип­товалюта» заңнамасына айтарлықтай түзетулер енгізді. Біз елде саланың одан әрі өсуі үшін үл­кен әлеует барын көріп отырмыз және әлемдік көш­бас­шылар ретінде бұған өз үлесімізді қосуға қуа­ныш­ты боламыз. Қазақстан үкіметімен вир­туал­ды активтер нарығын дамытуға өзара мүдделі­лік туралы келісімге қол қойдық. Осы елдегі крип­товалюталар үшін заңнамалық база мен рет­теу саясатын әзірлеудің маңыздылығын көріп отыр­мыз», дейді Binance басшысы қазақ­стан­дық Forbes басылымына берген сұхбатында.

Айтпақшы, FTX банкроттығы өзге крипто­нарықтарды да құлдыратып жатыр. 7-11 қараша аралығында биткоин 15 100 долларға дейін құнын жоғалтса, FTX-пен тығыз байланыстағы Solana өз құнының 60 пайызын жоғалтқан.