Қарағанды облысының ветеринарлары енді жаяу жүрмейді. Кәсіби мерекелері қарсаңында оларға көлік берілді. Ресми ұйымдардың дерегінше, ветеринарлардың соңғы он жылдағы тақымдарына басқан темір тұлпарлары осы екен. Әр қарашаның үшінші жексенбісінде аталып өтетін ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай бұл тәуір тарту болды.
Chevrolet Сobalt және Chevrolet Nexia көліктері – «СарыарқаАвтоПром» отандық өндірушінің өнімі. Бұл көліктер облыстағы жеті аудан мен Балқаш, Қарағанды қалаларының ветстансаларына бұйырды. Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков 2012 жылдан бері көліктің жаңармағанын, қолда барының 17 пайызы тозғанын мәлімдеді.
– Қызметтік автокөлік 2012 жылдан бері жаңартылмады. Машиналардың 17 пайызға жуығы жарамсыз. Жаңа көлік жедел әрекет ету үшін аса қажет. Көлік барлық стансаға берілді. Ауру тараған, не мал қырылғанда шұғыл түрде зертханаға сараптамаға талдау апару қажеттігі туындап, ондайда көліктер жолда бұзылған жағдайлар да болды. Ал сынамаға алынған сараптамалық материал тек 4-5 сағатқа ғана жарамды. Сондықтан көлік те жұмыстың сапалы орындалуына әсер етеді, – дейді Қ.Тұрсынбеков.
Бүгінгі таңда аймақтағы 672 қызметкердің жалақысы 50 пайызға өскен. Ветеринарларды қолдау үшін облыстық бюджеттен қаражат та бөлінгенін атады өңір басшылығы.
– Біздің жұмысты көліксіз елестету әсте мүмкін емес. Ауданның аумағы үлкен. Осакаровканың бір шетіне 120-150 шақырым, екінші бір шетіне 100 шақырым жол жүруге тура келеді. Алдын алу, диагностика шараларын іске асырғанда көліктің қажеттілігі қатты сезіледі. Ал мына жаңа көліктер бізге қызметтік міндетімізді сапалы және уақтылы орындауға мүмкіндік береді, – дейді Осакаров ауданының бас ветеринары Юрий Сергеев.
Қарағанды облысы