Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алматы – қастерлі тәуелсіздігіміздің бойтұмары болған қала. Алматыда еліміз үшін ең маңызды шешімдер мен құжаттар қабылданды. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуелсіздігіміз жарияланды. Еліміздің болашағын айқындаған басқа да көптеген тағдырлы оқиғалар өтті. Алматы – еліміздің іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы. Сондықтан, мен қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беремін», деді Президент сөз басында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қаңтар айында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келген Алматы бүгінде жайнап, ел экономикасын гүлдендіруде.
«Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Бұл қала жалпы ішкі өнімнің бестен бірін, яғни бюджеттік кірістің 25 пайыздан астамын және сауда-саттықтың үштен бірін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Алматы «Қасіретті қаңтардан» кейін толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты түрде дамуда», деп атап өтті Мемлекет басшысы.