Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен өткен жиында берекелі қоғам мен мықты мемлекет құрудың басты талабын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан - ішкі және сыртқы саясатта және барлық салада әділдік қағидатын берік ұстанатын мемлекет.
«Біздің ұлттық ерекшелігіміздің басты символдары – көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз. Өзге елдер Қазақстан азаматын, ең алдымен, осы құндылықтар арқылы танып біледі. Берекелі қоғам және мықты мемлекет құрудың тағы бір маңызды шарты бұл – әлеуметтік әділдік. Онсыз ешбір сала дамымайды. Әділетсіз шығарылған шешім қоғамға іріткі салып, жұрттың наразылығын тудырады. Сондықтан ешқашан әділдіктен аттауға болмайды. Біз ішкі және сыртқы саясатта, жалпы, барлық салада осы ұстанымды сақтаймыз. Өйткені бұл – тұрақтылықтың, татулық пен тыныштықтың басты кепілі. Әділдік бар жерде заң сақталады, тәртіп бұзылмайды. Біз осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, жаңа қоғам құрамыз. Осы орайда, ел ағаларының жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі аса маңызды. Басты құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа байыппен түсіндіріп, санасына сіңіру – бәрімізге ортақ парыз. Осында отырған азаматтар, сіздер де осы жұмысқа мол үлес қосасыздар деп сенемін», деді Президент кездесу барысында.
Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы президенттік қызметтің негізгі рөлін атады.
«Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауысымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауазымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ұжданының алдында жауап береді. Сенім – елдің игілігі мен дамуына, халықтың ынтымағына негіз болатын қастерлі ұғым», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.