• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қараша, 2022

Өткен тарихты қайта жаңғыртқан этнофестиваль

291 рет
көрсетілді

Жуырда қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы және «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shym Qala» этноауылында «Этно Шымкент» фестивалі өтті. Мұндағы басты мақсат біреу ғана, ол – республикадағы үшінші мегаполистің туристік әлеуетін арттыру.

Фестиваль аясында алдымен жиылған жұрттың алдынан «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтті. Сонымен бірге «Тұран» этнофольклорлық ансамблі мен жергілікті көркемөнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден ша­шу шашты. «Tary», «Jeti tandyr», «Bro Shashlyk», «MaxPLOV» сынды мегаполистің белгілі та­мақтану орталықтары келу­шілерге ұлттық және шығыс дәс­түрінде дәмі тіл үйірер түрлі та­ғамдар дайындады. Одан өзге, ұлттық киімдер көрсетілімі ұй­ым­­дастырылды және ұлт­тық т­ағамдардың әзірлену жол­да­рын келген қонақтар өз көз­дерімен көруге мүмкіндік алды. Бұдан басқа қаланың жер­гілікті қолөнершілері және теат­р әр­тістері мен суретшілері де фестивалььға өз үлестерін қосып, шы­ғармашылық идеялары­нан туын­даған кереметтей жұмыс­та­рын көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен бірге фестивальды ұйымдастыруда көздеген мақсат­тардың бірі қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, Жібек жолы бойындағы көне Шымкент шаһарының сол кезеңдегі атмосферасын сезіндіру және көне дәуірдегі халқымыздың тұрмыс-салтымен жақынырақ таныстыру болды.

Сондай-ақ мәдени іс-шара барысында қолөнер, кәдесый бұйымдарын жасаудан, ұлттық тағамдар әзірлеуден шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ал кешкі уақытта жанглерлер жа­нып тұрған отты қолдарымен ойнатып, айнала тегіс барабан үнімен жаңғырып, лазерлік жа­рықшоудан өте әсерлі қойы­лымдар қойылды. Сондай-ақ «Тұ­ран» этнофольклорлық ан­сам­блі қызықты думанды тама­шалауға келген көрермендерге өзінің концерттік бағдарламасын ұсынды.

Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қадыров алдағы уақытта да шаһардың ғасырлар қойнауынан сыр шерткен терең тарихы мен мәдениетін және көне дәстүрлерін ұштастырған осы секілді игі іс-шараларды тұ­рақты түрде өткізіп отыруды жоспарлап жатқанын айтады. Соны­мен қатар мұндай фес­тивальдар арқылы жергілікті әкімдік тарапы Шымкенттің таны­­малдылығын арттыруды және мегаполис тұрғындары мен қонақ­тарының жадында есте қаларлықтай әсерлі сәттердің болғанын қалап отыр.

Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи-мәдени орындарына саяхаттау үшін түрлі туристік маршруттар әзірленген. Олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі де жұ­мыс істейді. Және саяхаттап кел­гендерді арнайы туристік авто­бус­тар белгіленген бағыттар бо­йынша тасиды.

Соңғы 9 айдағы экспресс көрсеткішке сүйенер болсақ, Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист ретінде келсе, оның 25 мыңнан астамы шетелдіктер екен.

Жалпы, фестивальды ұйым­дас­­тырушылар осындай іс-шара­ларды көбірек қолға алу арқылы шаһарға келген саяхатшылар санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр. Ал Шымкент қаласының «Shym Qala» этноауылы турис­тер қызығатын мегаполистегі бірден-бір тарихи әрі мәдени орын болып саналады. Жалпы, осындай ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін іс-шаралар қалалық туризм және сыртқы байланыс­тар басқармасы тарапынан жыл сайын жүйелі түрде ұйым­дас­тырылып келеді. Ал көне қаланы көз алдыңа әкелген сол дәуірдің тынысына бөлеген осынау игі бастаманы қаладағы 30-ға жу­ық қолөнер шебері қолдап, қаты­суға ниет білдірген. Осы ретте айта кеткен жөн, фестивальға келушілер шеберлердің туын­­дыларын тамашалап қана қой­май, оларды сатып алу мүм­кін­дігіне де ие болды.

Әсіресе қала тұрғындары мен қонақтарын алаңды шеру тартып жүріп өткен «Ұлы Жі­бек жолы» керуені ерекше таңғал­дырды. Сонымен бірге «Тұ­ран» этнофольклорлық ансам­блі­нің құлақтың құрышын қан­дыр­ған ұлттық нақыштағы әнде­рі көп­шілікке жағымды әсер қал­дырды.

Сонымен осынау фестиваль­дың нәтижесінде қала тұр­ғын­дары мен қонақтары «Ұлы Жі­бек жолы» бойындағы көне Шым­кент қаласының ескі кел­бетін тамашалады, бұрынғы өткен тұр­мыс-тіршілігін көріп, ата-баба­ларымыздың өмір сал­тымен жақынырақ танысты. Басқарма басшысының мәлім­деуінше, ендігі жерде мұндай ауқымды іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыр­мақ. Сондай-ақ осы фестивальда киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұза­ту секілді қазақтың ұлт­тық дәс­­түрлерінен арнайы қойы­лым­дар көрсетіліп, кешке дейін келу­шілер түрлі қызықты кон­­церт­тік бағдарламаларды тама­ша­лады.

Шымкент көне шаһар, себебі мұнда тарихи және мәдени орындар көп, бұдан бөлек ол өзінің қонақжайлылығымен де танымал. Сондықтан да туристер осы ерекше қасиеттерге қызығып, шаһарды тамашалауға асығады. Ендігі ретте қаланың өзіндік туристік брендін қалыптастыру бағы­тында жұмыс ауқымын арттыра түсетін боламыз, дейді туризм және сыртқы байланыс­тар бас­қармасының басшысы Е.Қы­дыров.

Осы ретте фестивальдың ерекше қонағы болған голлондиялық Рензо Костер қазақтың әдеп-ғұрыптарының тәрбиелік мәні жоғары екенін айтып, қолөнер шеберлерінің туындыларына өз басы айрықша тәнті болыпты.

«Отбасымызбен Қазақстанға келгенімізге 4 жыл болды. Қа­зақтың салт-дәстүрінің көп­шілігін меңгеріп келе жатырмын. Әсіресе маған қазақ хал­қының жасы үлкен адамды сыйлауға, өзіңнен кішіге қамқор болуға үндейтін дәстүрі, өмірлік ұстанымы ерекше ұнай­ды. Осындайда «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөз бар емес пе сіздерде. Осы секілді әртүрлі ұстанымдар, әдет-ғұрып, салт-дәс­түрлерді, соның ішінде қа­зақы нақышта өтетін тойларды ерекше жаным сүйеді. Сондай-ақ қазақтың ас-ауқаты менің ас мәзірімдегі ең сүйікті тағамдарым. Қазы-қарта, асылған ет адамды тойдырып қана қоймайды, бойға қуат, күш береді. Өйткені ет жеген адам тоқтықта жүреді және артық салмақ жинамайды. Сол үшін де қазақтың ұлттық тағамдары ақуызға бай келеді. Ал өтіп жатқан фестивальь менің көңілімнен шықты. Мұндай іс-шара әсіресе, біз секілді шетел­діктерге қазақ халқының тарихы мен дәстүрін тану үшін керек және өскелең ұрпақтың ата-бабаларының кім болғанын, өткен дәуірлерде қалай өмір сүргенін білдіру, еске салып тұру үшін де маңыздылығы зор деп есептеймін. Демек, осын­дай тәрбиелік мәні бар мәдени басқосуларды жиі ұйымдас­тырған жөн. Фестивальда маған қолөнер шеберлерінің бұйым­дары аса қызықты көрінді. Өте күрделі тәсілмен жасалған әше­кей бұйымдар қазақ ұлтының ежелден келе жатқан жоғары мәде­ниеттілігінің айғағы, сонымен бірге ежелгі кездің өзінде қа­зақтар түрлі бағалы металмен жұмыс істей білгенін, оның қыр-сырын терең меңгергенін аңғар­тады», деді шетелдік мейман.

Жалпы, қалада туристерді жайғастыратын 140 орналастыру орны бар. Оның 28-і қонақүй. Шымкент бір күнде он мыңға жуық саяхатшыны қабылдай алады. Халықаралық стандартқа сәйкес бес жұлдызды «Риксос Хадиша» қонақүйін айрықша атап өтуге болады. Одан бөлек «Қайнар» қонақүйі де қазақ­стандық стандарт бойынша бес жұлдызды қонақүй санатына жатады. Сондай-ақ төрт, үш, екі жұлдызды және санаты жоқ қонақүйлер де бар.

Сонымен бірге шаһарда туризм­нің тек саяхаттау тү­рінен басқа өзге де салалары қар­қын­ды дамып келеді. Мәселен, меди­циналық туризмді алып қарас­тыруға болады. Соңғы жылдары ол үшінші мегаполисте ерекше қанат жайғандығы байқалады. Айталық, осы күні жан-жақтан, тіпті шетелдерден Шымкентке келіп емделіп жатқан науқастар саны көп, тіпті жылдан-жылға артып барады. Науқастар не­гізінен Шымшаһарда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге, онкологиялық кеселдермен күресуге және басқа да күр­делі операциялар жасатуға келеді. Со­ның ішінде трансплантология бо­йынша Шымкент респуб­лика­­дағы әлеуеті жоғары өңір­лердің қатарына кіреді. Ал жер­гілікті әкімдік тарапынан меди­циналық туризм жарнамасын күшейту мақсатында ар­найы ақпараттық хабарламалар, буклеттер дайын­далып отырады. Мәселен, сол ақпарат көзде­рінде қалада медицинаның қай саласы ерекше дамығандығы анық көр­сетіліп жазылған. Тіпті өзінің саласы бойынша қандай білікті дә­рігерлердің бар екендігі жөнінде және солар туралы нақты әрі жан-жақты мағлұмат алуға болады.

Саяхаттың тағы бір құлашын кеңге сермеп келе жатқан түрінің бірі – білім туризмі. Бұлай деуі­мізге де себеп жоқ емес. Өйткені қазіргі таңда Шымкентте білім алып жатқан жоғары оқу орындары шәкірттерінің арасында шетелдік студенттерді де көптеп кездестіре аласыз. Осы орайда бүгінгі уақытта қалалық әкімдік шет мемлекеттермен білім мәсе­лесі бойынша тығыз байланыс­тар орнатып, соған сәйкес жұ­мыстарды қолға алу үстінде. Мәселен, мегаполистегі іргелі оқу орны медицина академиясында бүгінгі таңда 1200-ден астам үндістандық студент білім алып жатыр. Еліміздің оңтүстігіндегі шаһарда шет мемлекеттерден келген талапкерлерді оқытып жатқан мұнан басқа да жоғары оқу орындары жетерлік.

 

ШЫМКЕНТ