• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2022

«ҚазМұнайГаз» IPO-ға үлкен дайындықпен келді

395 рет
көрсетілді

7 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жай акцияларын алғаш рет жария түрде сатуға ұсынып, IPO-ға шығатынын мәлімдеген еді. Үкімет пен қордың шешіміне сәйкес, IPO шеңберінде қор нарығындағы инвесторларға компанияның 5 пайызға дейінгі үлесін, яғни 30 505 974 акцияны сату ұсынылды.

– «ҚазМұнайГаз» IPO-ға жоғары өндірістік және тұрақты қаржылық көрсеткіштермен келді. Алдағы уақытта бұл нәтижені жүзеге асып жатқан жобалар есебінен одан әрі жақсартуды көздеп отырмыз. Ком­па­нияның 100 пайыз акциясы 5,1 трлн теңгеге бағаланды. Сонда бір жай акцияның бағасы 8 406 теңгеден айналады. Акцияларды брокерлер және олардың мобиль­ді қосымшалары, бірқатар коммерциялық банктің мобильді қосымшалары, AIX бир­жасының Tabys қосымшасы және «Қазпошта» бөлімшелері ар­қылы сатып алуға болады. 14 қарашада IPO аясында роудшоу басталды. Жергілікті AIX биржасында және Қазақстан қор биржасында ұсы­ныл­ған «ҚазМұнайГаз» IPO-сын кеңінен таныстыру мақсатында өңірлерде жеке инвесторлармен кездесулер өткі­земіз, – деді Астанада жур­н­а­лис­термен жүздескен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Оның пікірін­ше, алдағы уақытта компания акция­ларының 25 пайызға дейінгі үле­сі еркін нарықта сатылуы әбден мүм­кін.

– Біз жеке тұлғалар арасындағы өтім­ділік нарығына зерттеу жүргіз­дік. Бүгінде бұл нарық 200-400 млн долларға бағаланып отыр. Әзірше нарыққа компания акцияларының 5 пайызға дейінгі үлесін шығардық. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсуі ықтимал. Яғни ІРО қорытындысы бойынша алдағы уақытта нарыққа қосымша акциялар пакетін шығару я шығармау туралы шешім қабыл­да­натын болады. Жалпы, белгілі бір уақытта ұлттық компания акция­ла­ры­ның 25 пайызы еркін нарықта саудалануға тиіс деген түсі­нік бар, – деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.

Айтпақшы, «ҚазМұнайГаз» ІРО-сының осыдан бірнеше жыл бұ­рынғы «Халықтық ІРО»-дан өзін­дік айырмашылығы бар. «Ха­лық­тық IPO» ең алдымен отан­дық инвесторлар үшін ғана қол­же­тімді болды. Акцияларды сатып алуға институционалды инвесторлар да мүмкіндік алды. Алайда бөлу кезінде бірінші кезекте жеке инвесторларға басымдық берілді. Ал «ҚазМұнайГаз» IPO-сында инвес­торлардың тұрғылықты жеріне қа­тысты шектеу жоқ. Деген­мен басым­дық Қазақстан азаматтарына, яғни жеке тұлғаларға берілмек.

Ұлттық компания басшысы «ҚазМұнайГаздың» соңғы бірнеше жылдағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштері тұрақты екенін атап өтті. Қазіргі уақытта компанияның шоғырландырылған активтері 32 млрд долларға тең. Осы жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша акционерлік капитал 19 млрд дол­лар­дан асқан.

– Бірінші жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша, компа­нияның таза пайдасы 677 млрд теңгені құрады. Ал бос ақша ағымы 188 млрд теңгеге тең. «ҚазМұнайГаздың» тұ­рақты қаржылық көрсеткіштері төленген дивиденд көлемін 2016 жылдың қорытындысы бойынша 45 млрд теңгеден 2021 жылы 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар компания болашақта акциялар құнының өсуіне себеп болатын бірегей жобаларға ие, – деді М.Мырзағалиев.

Басқарма төрағасы мұнай өндіру деңгейін арттыруға бағытталған жобалар компанияның одан әрі даму нүктесі ретінде қарастырылатынын жеткізді. Мұндай жобалардың қата­рын­да Теңіз кен орнында өн­діру­ді қазіргі 27 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін, яғни 40 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік беретін Бола­шақ кеңейту жобасы, сондай-ақ Қа­ша­ғанда өндірісті ұлғайту бо­йынша жобалар бар. Бұл болашақта компания табысының өсуіне серпін беруі керек.

– Одан бөлек, 2022 жылы қыр­кү­йекте «ҚазМұнайГаз» «Самұ­рық-Қазына» қорынан «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясындағы 50 пайыз үлесін сатып алды, ол Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған жобасы) өнімін бөлу туралы келісімде 16,88 пайыздық үлеске ие. Бұл – «ҚазМұнайГаздың» соңғы жылдар­да­ғы ең ірі мәмілелерінің бірі. Қаша­ған жобасындағы үлестің артуына байланысты «ҚазМұнайГазда» шоғыр­ландырылған өндіру, EBITDA, таза пайда мен активтердің көр­сет­кіштері де жақсарады, – деп нақ­тылады ол.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» гео­ло­гиялық барлау саласында құр­лықта да, теңізде де бірқатар жобаны белсенді жүргізіп келеді. Мұндай жобаларға Торғай палеозой блогында басталған геологиялық барлау, Қаратон-Сарықамыс геоло­гия­лық бар­лау жобалары және басқалары кіреді.

– Ұлттық компания Каспий теңізі­нің қайраңындағы барлық барлау жобасына қатысады. Тәуе­кел­дер мен шығындарды бөлу мақсатында халықаралық әріп­тестермен бірлесіп әзірленіп жатқан Абай, Исатай, Жеңіс, Әл-Фараби сияқты теңіз жоба­ларын да атап өтуге болады. Сон­дай-ақ қоржы­ны­мызда Қаламқас және Хазар секілді теңіз кен орындары бар. Олардың мұнай қоры расталған, игеруді бастау алдағы жыл­дарға жос­парланған, деді ұлт­тық компа­ния­сының басшысы.

М.Мырзағлиевтің пікірінше, компания бизнесінің өсуі үшін тағы бір маңызды бағыт – мұнай-газ химиясы. 8 қарашада қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін зауыт іске қосыл­ды. Полиэтилен және бутадиен шығаратын зауыттар салу жоспар­лануда. Еске сала кетейік, осы жылдың 13 маусымында «Қаз­МұнайГаз» «Самұрық-Қазына» қоры­нан «Қазақстан Петрокемикал Ин­дастриз Инк» ЖШС-ның (KPI Inc.) 49,5 пайыз үлесін сатып алды. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» да­йын полипропиленді сатудан түс­кен табыстың бір бөлігіне ие болады. Бұл компанияның қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер етпек.