Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық өңірінде көшпелі семинар өткізді.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров пен ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина Қарағанды облысына, ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов Атырау облысына барды. Өңірлерде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдар, кандидаттардың сайлауалды штабтары, уәкілетті мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және БАҚ өкілдері үшін семинар-кеңестер өткізді.
Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы Д.Ешкеев пен облыстық АСК төрағасы Қ.Нұркеновтің ақпараты бойынша облыстағы сайлаушылар саны – 768 778 адам. Облыс аумағында 642 сайлау учаскесі бар. Барлық учаскелер жұмыс істеуге дайын, үздіксіз байланыспен, электр энергиясы, қажетті техника және жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Халықтың сайлау белсенділігін арттыру мақсатында өңірдің барлық әкімдіктерінде азаматтарды сайлаушылар тізімінде тексеру үшін Call-орталықтар, жедел желілер құрылған. Сондай-ақ облыста «Сенім 109» тәулік бойы бірыңғай диспетчерлік қызметі жұмыс істейді. Sailau09.kz сайтында әрбір пайдаланушы ЖСН немесе жеке куәлік нөмірі арқылы дауыс беру үшін өз учаскесін таба алады. Damumed медициналық ұйымдарының қосымшасына сайлауға қатысты ақпараттандыру және сайлаушылар тізімінде өзін-өзі тексеру мүмкіндігі туралы push-хабарламалар енгізілген.
Сайлау үдерісіне қатысушыларды сайлау кезеңіне дайындау үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы базасында Қарағанды облысы бойынша комиссияның 360 мүшесі кезең-кезеңімен оқытылды. Әрі қарай оқу сайлау комиссияларының төмен тұрған мүшелері үшін каскадты әдіспен жалғасты.
Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз ортаның барлық жағдайы жасалған. Барлық 642 учаске бірінші қабаттарда орналасқан. Көп учаске пандустар, тактильді белгілермен жабдықталған. Учаскелерде арнайы мамандардың кезекшілігі жоспарлануда. Сайлау күні мүгедектігі бар адамдарды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси қызмет көрсетеді. Барлығы 38 автокөлік іске қосылады.
Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Б.Исаков дауыс беру күні өңірде 261 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін хабарлады. Дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар қажет ететін мүгедектігі бар сайлаушылар саны – 1 959. Облыста мүгедектігі бар сайлаушылар үшін жағдай жасау бойынша біраз жұмыс жүргізілген. Мүгедектігі бар адамдардың істері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерін жарақтандыру мәселелері қаралып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және осы бағыт бойынша қала мен аудан әкімдерінің есептері тыңдалды. Сонымен қатар үйлестіру кеңесінің мүшелері қоғамдық бірлестіктердің, уәкілетті органдардың өкілдерімен бірлесіп сайлау учаскелерінің сайлау науқанына дайындығын тексерді. Осылайша, барлық сайлау учаскелері пандустармен және тактильді жолақтармен, арнайы бұрыштармен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сайлау күні кресло-арбамен қозғалатын мүгедектігі бар адамдар үшін 52 инватакси жұмысы ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығы ашылғанын хабарлады. Орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өңір туралы ақпараттық кеңестер беру, кеңселік техникалық-құрал жабдықтар, интернет байланысымен көмектесу және аудармашылық қызмет көрсету. Орталықта ағылшын, неміс, француз тілдерінде қызмет көрсететін 6 волонтер жұмыс істейді. Бүгінде Атырау облысына келген 3 ұзақмерзімді халықаралық байқаушы (2 – ЕҚЫҰ, 1 – ТМД) орталық жұмысымен танысқан.
Сайлау комиссиялары мүшелері үшін 2022 жылдың 3-28 қазан аралығында оқыту семинарлары ұйымдастырылды, каскадтық әдіспен оқытуда барлық 1 966 комиссия мүшелері қамтылған. Осы кезеңде сайлау комиссиялары өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектігі бар сайлаушылар, жастар өкілдері, полиция, мемлекеттік органдар өкілдері үшін 377 семинар өткізілді.
Атырау облысы әкімдігінің ресми сайтында сайлаушылар тізімінде болуды іздеу қызметі жасақталып, Telegram bot іске қосылды. Бұдан басқа, азаматтардың тіркелген мекенжайын анықтау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, қала және аудандарда 165 сайлау учаскесінде сервистік орталықтар ашылды. Облыста 8 Call-орталық және 109 бірыңғай байланыс нөмірі іске қосылып, тұрғындарға анықтамалық ақпараттар және консультативтік көмек беріліп жатыр.
Өңірде президент сайлауы туралы азаматтарды ақпараттандыру бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру, атап айтқанда, өңірлік теледидарда, интернет-ресурстарда, баспа БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кең ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар адамдар көп жиналатын жерлерде демонстрациялық экрандарда сайлау туралы бейнероликтер үнемі көрсетіледі.
Дауыс беру күніндегі іс-қимыл алгоритмі бойынша сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық дағдылары, оның ішінде дауыс беру күніне сайлау учаскесін дайындау, сайлау бюллетеньдерін беру, үй-жайдан тыс дауыс беруге арналған сайлау жәшіктерін сүйемелдеу, дауыстарды санау алгоритмі, дауыс беру қорытындылары бойынша хаттамаларды ресімдеу тексерілді. ОСК-ның басқа мүшелері сайлау комиссиялары мүшелерінің іс-қимыл алгоритмі бойынша нақтылайтын сұрақтар қойып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырудағы басты міндет оның ашықтығын қамтамасыз ету екенін еске салды.