Әлемде жыл сайын 23 қазан – халықаралық қар барысы күні ретінде аталып өтіледі. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда ғаламда 4 мыңға жуық қар барысы болса, елімізде жалпы саны 140-180 барыс бар көрінеді. Қазақстанда ғана емес, жаһанда өте сирек кездесетін жыртқыш халқымызда ерекше маңызға ие. Себебі қар барысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік символы саналады.
Жақында Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында аталған жыртқыш түрін сақтап қалуға арналған халықаралық жиын өтті. Қар барысы мен оның экожүйелерін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарламаның (GSLEP) басқарушы комитетінің жетінші отырысына еліміздің атынан қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова Қазақстанда осы аңның ерекше қорғалатын 9 табиғи аумақта мекендейтінін атап өтіпті.
– Қар барысы – Қазақстанның сирек кездесетін ірі жыртқыштарының бірі. 1978 жылы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілді. Аталған жыртқыш – Қазақстан Республикасының мемлекеттік символы. Сонымен қатар оның қазақ халқының баға жетпес табиғи және мәдени мұрасын бейнелейтін үлкен қоғамдық маңызы бар, – деген вице-министр елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар арқылы қар барысын сақтау бойынша көптеген мәселе оң шешіліп жатқанымен, жойылып кету қаупі әлі де өзекті болып қала беретініне тоқталды. Солардың арасында браконьерлік және қар барысы дериваттарының заңсыз саудасы да бар.
Өзіміз куә болған мына бір оқиға әлі күнге дейін көз алдымыздан кетпейді. 2021 жылдың 5-11 қыркүйек күндері Еуропалық одақтың «WECOOP» («Еуропалық одақ – Орталық Азия: су ресурстары, қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастық») жобасы аясында Орталық Азия журналистері арасында өткен «Биоалуантүрлілікті қалпына келтіру – біздің жалпыға ортақ міндетіміз» атты халықаралық байқаудың жеңімпаздары «айыр қалпақты» ағайындардың астанасында өтетін жиынға шақырту алдық.
Бішкекте өткен марапаттау салтанаты мен Еуропалық одақтың Орталық Азия мемлекеттерінің экологиялық мәселелері мен оның шешу жолдарына арналған «Табиғи экожүйелер – климатты тұрақтандырудың негізгі механизмдері» атты кеңесінен кейін қырғыз бауырларымыз апта бойы өз мемлекетінде қоршаған ортаны қорғау, табиғат пен сирек кездесетін жануарлар, аң-құстарды сақтап қалу жолында жасап жатқан жұмыстарымен таныстырып, республика облыстарын армансыз аралатты. Сонда байқағанымыз, қырғыз ағайындар дәл осы экология мәселесіне келгенде бізден озып тұр. Айыр қалпақты бауырлар қоршаған ортаны қорғауда шетінен елшіл. Атқарып жатқан жұмыстарына қарап сүйсінесің. Әр ауылдың қарапайым тұрғыны табиғатты сақтап қалуға өз үлесін қосуды парызым деп санайды. Бұған аяғымызды аттап басқан сайын көз жеткізе түстік.
Бір ғана мысал. Ыстықкөл облысының Қара-Талаа ауылындағы «Ақ-Бұлұн» қорығының жері аукционға шығарылып, бір күннің ішінде араб шейхтеріне сатылып кетеді. Сатып алған шейхтер мұндағы көл мен орманның аң-құстарына құс салып, саятшылықпен айналысуды мақсат тұтқан. Осыны естіген ауыл тұрғындары жаппай бас көтеріп, күйі қашқан қорық пен ондағы сирек кездесетін аң-құстарды сақтап қалуға барын салады. Ауыл тұрғындары арасынан арнайы бастамашыл топ құрылып, мемлекетке талап-тілектерін жеткізеді. Көп ұзамай, тұрғындар жеңіске жетіп, араб шейхтарымен болған келісімнің күші жойылады.
Сол секілді, «Су музейі» дейсіз бе, жергілікті эколог Евгения Постнованың «Экоүйі», Саруу ауылындағы «Жууку» қорығы, «Планерталық көз» киіз үй лагері, «Барыстың көз жасы» атты аңызға себеп болған «Барскоон» шатқалы, спирулин фермасы, «Жердегі жұмақ» атанған «Ала-Арча» Ұлттық таби паркі – бәрі өз алдына бөлек әңгімені қажет етеді.
Қырғызстандағы Шу облысының кішкентай ғана Новопокровка ауылының тұрғыны Салтанат Сейітова өз үйінен «Жабайы аңдарды оңалту орталығын» ашқан. Оны жергілікті тұрғындар «Үлкен жүрек иесі» деп атайды. Ол браконьерлерден зардап шеккен немесе жараланған аң-құстарды емдеп, қайтадан қатарға қосумен айналысады. Ал өз еркімен күн көре алмайтындарын орталықта паналатып, бағып-қағады. Бұл үшін «Бугу-Эне» деп аталатын арнайы қоғамдық қор да құрған. Аң-құстардың қамқоры Сейітованың ауласын нағыз хайуанаттар бағы дерсіз. Тіпті мұнда сіз хайуанаттар бағында кездестірмейтін аңдар да жүр. Олардың тағдырлары да әрқилы. Мұндағы әр жануардың өз хикаясы бар. Бірі дауасыз дертке шалдықса, екіншісі мәңгілікке ұша алмайтын болып қалған. Қаскөйлерге жем болып, жарақат алғандары да кездеседі. «Жыртқыш аң ғой» десеңіз де, халдері аянышты.
Салтанат ең алдымен оңалту орталығындағы қасқырлармен таныстырды. Темір тордың ішіне мойнымызды соза қарадық. Қасқыр көрінбейді. Кейіпкеріміз ішіне кіріп, ағаш үйшіктің артында тығылып жатқан түз тағыларын бірінен соң бірін көтеріп алып шығып, көрсеткен соң ғана жағдайды түсінгендей болдық. Әдетте, қасқырдан қорықпайтын жан болмайтыны рас. Ал мына арландар бізге үрке қарап, көздері жәудіреп тұр. Біреуінің мойнындағы темір сымның ізі әлі күнге дейін жазылмапты. Салтанатқа бұл қасқырларды жергілікті қорықшылар әкеліп берген. Екеуін де қалың сыммен байлап-матап, әбден қинап, далаға лақтырып кетіпті. Содан да болар, қанша жерден жыртқыш болғанымен, жасқаншақ, әлі күнге дейін адамдарға қорқа қарайды.
Орталықтағы түлкінің жағдайы да қасқырдың тағдырына ұқсас. Осында келгенше кішкентай ғана денесінің жарақаттардан сау-тамтығы болмапты. Бүгінде Салтанаттың арқасында жазылып, қатарға қосылғанымен, жұлынған табанының кесірінен аяғын дұрыстап баса алмайды.
Мұнда саны жағынан ең көп жыртқыштар – сілеусіндер. Үш үйге бөліп қамалған олар алғашында екеу ғана болған. Орталықта балалап, көбейген. Біз келерден бір күн бұрын ғана біреуі белгісіз аурудан өліпті. «Сілеусіндер қанша жерден жыртқыш аң болғанымен, жүректері әлсіз. Қатты соққанда жарылып кетуге дейін барады. Сосын ауруға төзімсіз», дейді Салтанат. Торға жақындаған бізге олар азуын көрсетіп, кәдімгідей айбат шегеді. Одан, жалпы, орталықтағы бірде-бір жыртқыштан қорықпайтын – тек Салтанат. Кез келген жыртқыштың торына кіріп, емін-еркін ұстап жүр. Сілеусіндердің оның арқасында секіріп, еркелеп жүргеніне қызыққан біз Салтанаттың рұқсатымен, сілеусіннің төлін қолымызға алып, көтеріп көрдік. Не дегенмен тау-тасты кезіп, жыңғыл-жыңғылдың арасында жүретін жыртқыш аң емес пе, төл дегенмен, ырылдап қояды.
Осы орталықта Қазақстанның қар барысы да бар. Кәдімгі барыс. Оны алғаш көрген кезде көзіміз ұясынан шығып кете жаздады. «Біздің» браконьерлер атып, оң жамбасын жаралаған. Екі көзі мүлдем көрмейді. Аңшылардан қашқанда тасқа соғылып, жанарынан айырылыпты. Салтанатқа бұл барысты Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы Қырғыз Алатауының төменгі жотасынан шекарашылар тауып алып, әкеліп беріпті. Барыстың оң жамбасын емдеп жазғанмен, қос жанарын қалпына келтіру мүмкін болмаған. Оның бас сүйегінен жетпіске жуық бытыра оғын алған. Тіпті оның көзін емдеу үшін Салтанат әлемнің зоолог дәрігерлерінен көмек сұрап, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында ағылшынша пост жазыпты. Оның бұл жазбасына үн қатқан неміс еріктісі Гурдун Германиядан арнайы келген. Біз Салтанаттың орталығына барғанда, оның келгеніне бір аптадан асыпты. Германиялық еріктімен сөйлесіп көріп едік, ол барыстың көзін қайтадан қалпына келтіру үшін неміс дәрігерлерімен кеңескенін айтты. Олар үміт жоқ екенін жеткізген.
Салтанаттың айтуынша, германиялық ерікті барыстың ем-домына керекті дәрі-дәрмектер мен күнделікті асына деп қомақты қаражат та ала келген. Гурдун – мамандығы бойынша сәулетші, жан-жануарларды қатты жақсы көреді. Сондықтан да, олардан қолдан келген көмегін аямайтын көрінеді.
– Бұл барыс жарты жыл дегенде өз-өзіне зорға келді. Адам секілді күйзеліп, үрейленген кезі көп. Тамақ ішпей қойған күндері көп болды. Басында дыбысқа мүлдем жауап қатпайтын. Кейін тас лақтыру секілді тәсілдерді қолдана отырып, дыбыстарға назар аударуды үйреттік, – дейді С.Сейітова.
Осылайша, бүгінде еліміздің символы саналатын аталған қар барысы әлгі орталықта қазақстандық қаскөйлердің зұлымдығының тірі белгісіндей болып өмір сүріп жатыр.
Осы орайда айта кету керек, мұндағы қырандардың да тағдыры көңіл толқытады. Орталықта барлығы алты бүркіт болса, соның үшеуі – Қазақстанға «тиесілі». Бір қыранды сирағы ағашқа байлаулы күйінде тауып алыпты. Оны тұрған торынан шығарып көрсетіп еді, әлгі бүркіт ауланы бір айналды да «үйіне» қайта кірді.
– Күнделікті тірлігі сол. Қанатын қаға алмайды. Тауық секілді, айналшықтайды да қояды. Ұшуға үйренбеген, – дейді кейіпкеріміз.
Бізді «қазақстандық» бүркіттер қатты қызықтырды. Салтанаттың айтуынша, оны әлеуметтік желідегі жарнамадан көріп, сатып алыпты. Үшеуі де Бурабайдан келген. Оларды сонда фотоға түсіру үшін пайдаланған көрінеді. Қырандарды қыста қолға ұстау қиын және басы артық шығын болған соң, қожайындары сатуға шығарыпты.
– Барлық елде бүркіттердің тағдыры қиын, – дейді Салтанат, – Олар көп жерлерде Бурабайдағы секілді «тірі экспонат» ретінде пайдаланылады. Бізде де солай. Ал олармен фотоға түсу «науқаны» аяқталған соң, өмірлері қиындай түседі. Оларға азық тауып беру қымбатқа шығады. Сондай кездерде жаппай сатылымға шығарады. Оларды «экспонат» ретінде пайдаланған шақтарда да дұрыс қарамайды. Уақтылы тамақтандырмайды. Қанатын жазып, ұшуға үйретпейді. Мысалы, біздің Бішкектен келген қыран ашығып қалғаны соншалық, үш сағат бойы демалмастан тамақтан басын алған жоқ. Бүркіттер орталыққа келген күннің өзінде ұша алмағандықтан, өмірінің соңына дейін күндерін темір торда өткізуге мәжбүр.
Жараланған жабайы жануарлардың «анасына» айналған Салтанат осы орталығы үшін мемлекеттен бір тиын көмек алмайтын көрінеді. Оған кейде жекелеген азаматтар қолдау көрсетеді. Көрші-көлем, ауыл тұрғындары мен еріктілер аңдарды тамақпен қамтуға арагідік қолұштарын созады. Жұмысшылар жалдауға жағдайы жоқ. Өзі үш бөлмелі шағын үйде тұрады. Салтанаттың қызы жануарлар мен аңдарды бағуға қарайласып, қолқанат болып жүр. Ол келешекте ветеринар мамандығын игеріп, анасының жүгін жеңілдетсем дейді.
– Көбісі «жануарларды босатып қоя берсеңші» дейді. Бірақ бұл мүмкін емес. Мен онсыз да өздері өмір сүруге қайтадан бейімделе алатындарын жазылған соң босатып қоя беремін. Ал өздігінен күн көре алмайтындарын босатсам, олар өліп қалады, – дейді үлкен жүректі кейіпкеріміз.
Әңгімеміз қар барысынан басталды ғой. Қолымызға қалам алып, осы мақаланы жазуға түрткі болған да өзіміз көзімізбен көрген қазақстандық қар барысының қиын тағдыры еді. Жанарсыз жәутеңдеген қар барысы есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім қанжылайды.
Халық «Аңның да киесі бар» деп бекер айтпайды ғой...
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты